05 Маусым, 2014

Даму жолын өндірістер үлесі айқындайды

237 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
интеграция– дейді «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» ақ президенті Абдуазим рустамбаев Абдуазим Абдуғаниұлы, жалпы, басқа елдердегі сияқты елімізде де электр энергиясына деген сұраныс артып келеді. Ал енді, өзіңіз басқаратын энергетикалық корпорацияда осы қажеттілік қалай өтелуде?.. 79– Жалпы, ENRC құрамындағы (ERG еншілес компаниясы) «Еур­азиялық энергетикалық кор­порация» АҚ электр энергия­сымен жабдықтаушы ірі кәсіп­орын­дардың бірінен саналады. Елі­мізде өндірілетін электр энер­гиясының 17 пайызы оның үле­сін­де. Корпорация құрамында «Шығыс» көмір кеніші және Ақсу электр стансасы бар. Өндірістік қызметтің негізгі бағыттары – көмір шығару және электр энер­гия­сын өндіру. Біздің станса өн­ді­ретін электр энергиясының не­гіз­гі тұтынушылары Ақсу ферро­қорытпа зауыты («Қазхром» ТҰК» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және басқа да өңірлік маңызы бар кәсіпорындар. Мысалы, Екібастұздағы «Шығыс» көмір кеніші – ашық тәсілмен көмір шығаратын бірегей кәсіпорын. Өндірістік жүйе кешен­нің үстіңгі бетіндегі көмірді қайта өңдеп, аршылған түрінде теміржол вагон­дарына тиеуге арналған. Қол­данылатын жаңа заманғы технологиялар тұтынушыларға кө­мір жеткізуге мүмкіндік бе­ру­­де. Ағымдағы жылдың бірінші тоқ­са­нында электр энергиясының кө­­лемі 4,268 млрд. Квтс құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңінің көрсеткішінен 7 па­­й­ыз­­ға жоғары. 2014 жылдың бірін­ші тоқсанындағы көмір шыға­ру кө­лемі 5,314 миллион тонна болады. – Стансадағы энергоблоктарды қайта құру жұмысы қалай жүргізілуде? – Энергоблоктардың қайта құру жұмыстары 2001 жылы бас­талды. Қазір №5 және №7 блок­тар­ды жаңарту, жаңғырту жұмыс­тары жоспарланып отыр. Ал, жалпы, энергия блоктарының қайта құрылуы – «ЕЭК»-тің кор­порацияның ауқымды инвес­ти­циялық бағдарламалық жобасы. Жоба стансаның қуат қорын, жаб­дық­тың қызмет ету мерзімін арт­тыруға, өндірістік, экологиялық көр­сеткіштерді жақсартуға ар­нал­ған. Бүгінгі күндері еліміздің Индустрияландыру картасына енген жоба аясында жүргі­зіл­ген №1, №2, №3 және №4 энер­го-блок­тардың жаңғырту жұ­мыс­тары аяқталды. Қайта құру жұ­мыс­тарының нәтижесінде, әрине, энергия блоктарының қуаты артуда. Мысалы, 2013 жылы жазда пайдаланымға енгізілген №6 энергоблоктың қуаты бұл күндері 25 МВт-на ұлғайды. Бұл энергия Павлодар қаласы сияқты ау­мақты жарықтандыру үшін жет­кілікті. Бүгінгі күні электр стансасының жалпы жаңартылған энергия қуаты 2450 МВт құрап отыр. «ЕЭК» АҚ белсенді қыз­меті­мен, еліміздің үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламасына үлесін қосу­да. Кәсіпорында ISО 9001 сапа және ISО 14001 қоршаған орта менеджменті жүйелерін қосатын, біріктірілген менеджмент жүйесі енгізіліп, іске асырылуда. Еліміздің даму жолында өндірістердің де үлесі мол, өсу жолын айқындайды. Өндірістер, зауыт, кәсіпорындар жұмыс жасап тұрса, жаңа технологиялар, интеграциялық бай­ланыстар үзілмесе, бұл біз­дің елдеріміздің дамуының, қара­па­йым тұрғындардың әл-ау­қаты­ның жақсаруының көрсеткіші. – Өндіріс орны инновация­лар алаңына айналды дейсіз ғой? – Энергетикалық корпорация­мыз «Әрбір үйге – жарық пен жылу!» деген ұранмен жұмыс жа­сайды. Ақсу стансасындағы №2 энергоблокты қайта қалпына кел­тіру жұмыстары аяқталды. Бұл жоба да мемлекеттік үдемелі ин­­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасына енді. Қай­­та жаңарту барысында энер­го­блок­тың қуаты 325 мегаватқа жет­ті. Құ­рал-жабдықтар толықтай жа­ңар­тылды. Ресейлік, украиналық ком­паниялардың қуатты турбогенераторы, қазандық агрегаты, трансформаторлары орнатылды. Жаңа заманғы электр сүзгіні құру нәтижесінде ауаға шығарылатын қал­дық көлемі тағы 7 мың тоннаға азайды. Блоктың жұмысы мен еңбек қауіпсіздігін бақылау сапасын көтеретін автоматты басқару жүйесі де жетілдірілді. Сол себепті қол еңбегінің үлесі ке­міді. Арнайы технологиялар нәти­же­сінде қайта қалпына келтіру жұ­мыстарын, өндірістегі көршілес энер­гоблоктарды еш тоқтатпастан жүр­гізу мүмкін болды. Бұған де­йін мұндай жағдай болмаған еді. Бү­гін­де стансадағы №6 энергоблок та қол­даныста. Стансада 8 энергоблок бар. Өндірістің келешегі тек жаң­ғырту жұмыстарында екені түсінікті. _DSC7232 – Стансаның келешегін қа­лай көзге елестете аласыз? – Елбасы бастамасымен қолға алынған интеграциялық үдеріс энер­­гетика саласына да ерекше басым­дық береді. Өйткені, жү­йелі өнеркәсіп саясатын бәсе­кеге қабілеттілікті арттыру, өн­дірістерді жаңғырту, еңбек өнім­ділігін жоғарылату, энергия тиім­ділігін арттыру және инновацияны дамыту бағыттары құрайды. Яғни, басты бағдар – тұрақты жұ­мыс орындарын құру, дамудың жо­ғары қарқынын сақтау, экономиканы индустрияландыру мен әр­тараптандыру саясатын жал­ғас­тыру. Интеграция – уақыт қажеттілігі. Әлемдік экономикаға косылу, ортақ нарықта шыңдалу барлық елдер үшін де маңызды. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев еліміздің алдына биік мақ­саттар қойды. Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ құру арқылы – еуразиялық интеграция жолына түсу біздің еліміз үшін жаңа тарихи үдерістің бастауына айналды. – Еуразиялық интегра­ция­ның экономикалық әлеуеті жоғары дейсіз ғой? – Әрине. Үшінші жаһандық ин­дустриялық революция қар­са­ңында, еуразиялық интеграция біздің еліміздің стратегиялық жа­ғы­нан дамуын қамтамасыз етеді. Өйт­кені, жаһандық тұрақсыздық – ол экономиканың дағдарысы ғана емес, сонымен бірге, халықаралық құ­қықтық, ғаламдық саясаттың дағ­дарысы. Ал, Қа­зақстан мен Ресей арасындағы қа­рым-қатынас, экономикалық және басқа да түрлі байланыстар өзге елдерге үлгі. Екі ел ара­сын­­­да қарым-қатынас жасамай­тын сала тіптен жоқ сияқты. Бұл күндері өнеркәсіптік коопера­ция үдерісі, энергетикалық серік­тес­тік, ғарыш саласы, мәде­ни-гу­манитарлық байланыстар жал­ғасуда. Ресейдің еліміздің ірі сауда серіктесі екенін біздің өндірісті өңірдің өнеркәсіптік саласынан-ақ байқауға болады. – Қайта құру жұмыстарына шеттен мамандар шақыр­дыңыз­дар ма? – Мердігер ұйымдар ретінде бұл жұмыстарға еліміздің компаниялары қатыса алады. Корпорация өз кәсіпорындарымызды қатыстыру арқылы жергілікті, отандық үлесті қамтамасыз етуде. Негізінен, ТМД ел­дері энергетикалық жүйелерінің ішін­де өндіріс барысын қайта құру біз­дің елде ғана жүргізілуде. Қайта құ­ру жұмыстары кәсіпорындағы энер­гиялық басқа агрегаттардың жұ­мыс жасауына бөгет жасамай­ды. Электр стансасына қайта құ­ру-жөн­деу жұмыстары кезінде біз­­дің мамандарымыз өздерінің жо­ға­ры білімдерін, біліктіліктерін, өн­дірістік тәжірибелерін көрсете білді. Бұрынғыдай емес жаңа жаб­дық-құрылғыларда жұмыс жасау же­ңіл. Өйткені, барлық энер­гия блок­тары толығымен авто­мат­тан­дырылған. Барлық жұмыс ба­рыс­ы компьютер экрандары ар­қы­лы бақыланады. Зауытта қазір ең озық әлемдік технологиялар қолданылады. –Ресейдің өндірістік серік­тес­тік әріптестігі жайлы айтып қалдыңыз... – Бүгінгі таңда «Еуразиялық энер­ге­тикалық корпорация» АҚ Мәс­кеуден бастап, Санкт-Петер­­бург, Сызрань, Белгород, Екате­рин­­бург, Подольск, Чебоксары және басқа қалалардың зауыттарымен өндірістік серіктестік байланыста. Олардың қатарында жылу алмас­тыру жабдықтарын жасайтын Урал зауыты, «ТяжМаш» ААҚ, «БелЭнергоМаш» ААҚ, «Эмерсон» ЖШҚ, «Мосэлектрощит» ААҚ, «Альстом пауэр ставан» ЖАҚ, «НПО «ЭлСиб» ААҚ бар. Бұл зауыт­тар біздің электр станса­мыз үшін қазан агрегаттарын, жо­ғары және төмен қысымды қыздыр­ғыш­тарды, құбыр мен арматура­ны, таратқыш құрылғыларды, реле қорғанысы мен автоматиканы, электр сүзгілері сияқты көп­теген жабдықтар жасайды. Ком­паниямыздың Ресей кәсіп­орын­дарымен серіктестігі елдеріміз өзара қарым-қатынасының, инте­г­ра­циялық үдерістердің айқын көрі­нісі. Біздің өз тарапымыздан ол жақ­тың зауыттарында жасала­тын өн­дірістік жұмыстарға қоятын талаптарымыз өте жоғары, сон­дық­­т­ан, серіктестеріміз де құрал-жаб­дық­тарды жоғары деңгейде, сапалы жасайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.