Қоғам • 08 Желтоқсан, 2022

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Кублей» зауытына қатысты мәлімдеме жасады

489 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екі жылдан бері айналасынан дау-дамай арылмай келе жатқан «Кублей» зауытына қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Кублей» зауытына қатысты мәлімдеме жасады

Бітпей келе жатқан дау 2020 жылы «Кублей» зауытының жанынан әкімдіктің «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берген күннен  басталғанын еске сала кетейік. Әкімдік 2014 жылы Үкімет бекіткен қаланың Бас жоспарына өзгеріс енгізіп, 2020 жылдың мамыр айында зауыттың санитарлық қорғау аймағына көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беретін қаулыны шығарып жіберген.

Тек соңғы үш жылда мемлекеттік бюджетке 5 миллиард 652 миллион теңге салық төлеген «Кублей» зауытына төнген қауіп елдегі ауыл шаруашылығы саласына да тікелей кері әсерін тигізетінін жоққа шығармау қажет. Осы мәселеге орай зауыт өкілдері Алматыда да баспасөз мәслихаты өтіп, БАҚ өкілдерінен араша сұрап келгенін білеміз. Егер аталған зауыттың мәселесі оңды шешілмесе отандық қайта өңдеу саласы құлдырап, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі төмендей түсетіндігі белгілі.

«Кублей» ЖШС – 30 жылдық тарихы бар ет, балық және көкөніс консервілерін өндіретін ірі отандық кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның ет және ет-өсімдік консервілерін өндірудегі үлесі 65% құрайды. Осылайша, бұл кәсіпорын ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар тек Қазақстанды ғана емес, оны Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және т.б. экспорттайды. Бүгінгі таңда консервілеу зауыты 100-ден астам консервілеу өнімдерін шығарады: ет, ет және көкөніс, балық, деликатес, жеміс-көкөніс консервілері, тауық консервілері, дайын түскі ас және сүт консервілері. Оның қуаты бір ауысымда 200 мың банка консервілер. Батыс Қазақстан облысының 3 мыңға жуық шаруа қожалығы кәсіпорынға ет жеткізеді», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай.

А

Министрліктің мәліметінше «Кублей» зауыты заманауи аппараттармен толықтай жабдықталған, тәулігіне 70 тоннаға дейін консерві өнімдерін шығаратын жетекші өндіріс орны. Вице-министрдің жауабында, зауыт ет өнімдері 405 тоннаға дейін арттырғаны жазылған.

«Консервілеу зауытына деликатес консервілерін өндіру цехы, көкөніс консервілерін өндіру цехы, көкөніс қоймасы, ет консервілерін өндіру цехы, балық консервілерін өндіру цехы, сүт консервілерін өндіру цехы, тоңазытқыш камералары, шикізатты сақтау қоймалары, теміржол кірме жолдары бар дайын өнімді сақтау қоймалары кіреді. Зауыттың жабдықталуы мен инфрақұрылымы тәулігіне 70 тоннаға дейін консерві өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан облысында 2021 жылғы қаңтар-қазан кезеңінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет консервілерінің өндірісі 26,1%-ға (3 418 тоннадан 4 311 тоннаға дейін), ет және өсімдік консервілерінің өндірісі 46,8%-ға (405 тоннадан 595 тоннаға дейін) ұлғайды», деді вице-министр.

Министрлік «Кублей» ЖШС зауытының басына төнген қауіп шешілмей, өндіріс орны шенеуніктердің кесірінен жабылса Батыс Қазақстан облысындағы шамамен 3 500 шаруа қожалығына кері әсерін тигізетінін ескертіп отыр.

«Кублей» ЖШС зауыты жабылуы ол шикізаттың жеткіліксіздігімен, ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуі төмендеуімен елдегі ауыл шаруашылығының жұмысына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар экспортқа шығарылатын тауарлар төмендеп, импорттық тауардың ішкі нарықта көбеюіне әкеліп соғады. Зауыттың жабылуының нәтижесінде 700 адам жұмыссыз қалады. «Кублей» ЖШС консервілеу өнімдерін шығаратын зауыттың өкілдері екі жыл бойы Орал әкімдігімен сот ісін жүргізуде. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, әкімдік зауыт орналасқан өнеркәсіптік аймақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын заңсыз бекіткен. Нәтижесінде осы аймақта көппәтерлі тұрғын үйлер салына бастады. Санитарлық-қорғау аймағы тұрғын алабынан кемінде 100 метр болуы тиіс», деп жауап берді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Осы іске араласып жүрген заңгер Бақытжан Базарбек: «Бұл жерде бейтарап шешім жоқ. Өйткені Орал қаласы әкімінің қаулысы заңсыз шығарылған. Уәкілетті органдардың келісімі жоқ. Егжей-тегжейлі жобасы Орал қаласының бас жоспарына сәйкес болуы керек. Сәулет-қала құрылысы туралы талаптарға сай өнеркәсіптік аумақтарда тұрғын үй салуға тыйым салынған. Заңның аты заң ғой енді.

Қоршаған ортаны қорғау схемасы мен егжей-тегжейлі жоспарды дайындау тапсырмасы жоқ. Негізгі уәкілетті органның қорытындысы және 8-9 уәкілетті органның келісімі болуы керек, қала құрылысының топографиялық суреті болуы тиіс, қала құрылысы зоналарын растайтын жоспар болуы қажет. Одан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болуы керек, экологиялық сараптаманың қорытындысы болуы қажет. Ешнәрсе жоқ», дейді.