Газетімізде бұдан бұрын хабарланғанындай, Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының төртінші саммиті өтпек. Саммитке қатысуға келген Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше, яғни саммит қарсаңында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басымдыққа ие бағыттарын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Әлиев сауда-экономика, мұнай-газ және көлік-логистика салаларындағы қарым-қатынасты күшейту перспективаларына тоқталды.
Бұл ретте тараптар экономикалық әлеуетті жүзеге асыру мақсатында өзара сауда көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек, екі ел басшылары халықаралық және өңірлік ұйымдардың, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының аясындағы өзара іс-қимыл барысын қарастырды.
Кездесу барысында Мемлекет басшылары алдағы төртінші саммиттің күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың басты бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Жалпы, Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының тарихынан әңгіме қозғайтын болсақ, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнағандығын еске аламыз.
Көпжақты форматта тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЭЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ТМД, ТҮРКСОЙ, ТМЫК және тағы басқа) белсенді түрде өзара әрекеттесуде.
Жалпы, Қазақстан мен Әзербайжан арасында жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер үнемі өткізіліп тұрады. Соның ішінде, әсіресе, Елбасының 2005 жылғы мамырда Бакуге жасаған ресми сапарының маңызы зор болғандығын атап көрсете кетсек артық болмас. Осы сапар қорытындысында қол қойылған Стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар туралы шарт ынтымақтастықтың мұнан кейінгі даму аясын айқындап берген болатын. Содан кейін 2009 жылғы 2-3 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Әзербайжан Республикасына ресми сапары болып өтті. 2009 жылғы 3 қазанда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысты.
2010 жылғы 18-19 қарашада Президент Н.Назарбаев Баку қаласында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері үшінші саммитінің жұмысына қатысты.
2011 жылғы 19-21 қазанда Әзербайжан Президенті И.Әлиевтің Қазақстанға ресми жауап сапары өтті. Сапар шеңберінде Әзербайжан басшысы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бірінші саммитінің жұмысына қатысты.
2013 жылғы 16 тамызда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Габала қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің үшінші саммитінің жұмысына қатысты.
Сауда-экономикалық қатынастар жайына келетін болсақ, 2012 жылы өзара сауда көлемі 390 млн. 662,1 мың АҚШ долларын құраса, 2013 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сыртқы сауда айналымының көлемі 325,7 млн. долларды құрап (экспорт – 275,2 млн. доллар, импорт – 50,5 млн. доллар), 2012 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 3,9 пайызға өсе түсті.
Қазақстаннан Әзербайжанға экспортқа шығарылып жатқан негізгі заттар – минералды ресурстар (мұнай және газ), химиялық шикізат, бидай, арпа, темекі өнімдері, көміртекті болат прокаты, электр жабдықтары. Әзербайжаннан Қазақстанға битумдық материалдардан алынған мұнай өнімдері, этилен полимерлері, машиналар және механизмдердің қосалқы бөлшектері, құрама құрылыс конструкциялары импортталуда.
Экономика саласындағы екіжақты қатынастардың дамуына Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық комиссиясының жұмыс істеуі қолайлы мүмкіндіктер туғызуда. Қазақстанның Мұнай және газ министрі Ұ.Карабалин мен Әзербайжанның Энергетика министрі Н.Әлиев осы комиссияның тең төрағалары болып табылады.
Үкіметаралық комиссияның оныншы кезекті отырысы 2013 жылғы 10-11 желтоқсанда Баку қаласында өткен болатын. Отырыс барысында энергетика, тасымалдау мен көлік жүйелері, ауыл шаруашылығы, білім мен туризм салаларындағы қарым-қатынастарды және инвестициялық байланыстарды кеңейту бағытындағы екіжақты ынтымақтастық туралы мәселелер талқыланды.
Қазіргі таңда мұнай-газ саласында ірі жобалар – Транскаспий бағыты бойынша қазақ мұнайын әлемдік рыноктарға тасымалдау мүмкіндіктерін жақсартуды көздейді. Ал ауыл шаруашылығы саласында қазақ бидайын қабылдау және одан әрі жөнелтуге арналған «Баку астық терминалы» Қазақстан-Әзербайжан бірлескен кәсіпорны базасындағы жобалар іске асырылуда.
Азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық тұрақты даму үстінде. Баку қаласында Бакуді Астана, Алматы, Ақтау және Атыраумен байланыстыратын тұрақты әуе рейстерін жасайтын қазақстандық «Эйр Астана» және «Скат» әуе компанияларының өкілдіктері жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Баку-Ақтау-Баку бағыты бойынша паром байланысы орнатылған. Ақтау мен Баку халықаралық порттары арасындағы қарым-қатынас жолға қойылған.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласында Баку қаласында Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекет қайраткерлері мен белгілі өнер қайраткерлерінен тұратын «Әзербайжан-Қазақстан» достық қоғамы 1994 жылдан бері белсенді қызмет етуде. Бұл қоғам биылғы жылы өзінің 20 жылдығын атап өтпек.
Сондай-ақ, Ақтау қаласында жыл сайын өткізілетін «Каспий – достық теңізі» халықаралық фестиваліне Әзербайжанның мәдениет және өнер қайраткерлері, спорттық делегациялары тұрақты қатысып келеді.
Баку қаласында Г.Алиев қорының қолдауымен жыл сайын өткізілетін балалар үйі мен интернат тәрбиеленушілерінің «Дан улдузу» көркемөнер шығармашылығы халықаралық фестиваліне Қазақстаннан (Алматы, Ақтау, Тараз, Орал қалаларындағы) балалар үйлерінің тәрбиеленушілері белсенді қатысады.
2010 жылы 11 мамырда Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Баку мемлекеттік университетінің (БМУ) 90 жылдығын мерекелеудің шеңберінде Әзербайжанның бұрынғы президенті Г.Алиевке кабинет ашылды.
2011 жылы 13 мамырда Баку мемлекеттік университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ресми ашылу рәсімі болды.
2011 жылғы 1 желтоқсанда Баку қаласының 7-шағын ауданында Абай Құнанбаев атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
2012 жылдың 29 наурызы мен 3 сәуірі аралығында Баку қаласында Қазақстан киносының күндері өтсе, 2012 жылдың 6-9 маусым аралығында Астана мен Алматы қалаларында Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері болып өтті. Ал 2012 жылдың 18-21 қарашасы аралығында Баку қаласында Қазақстанның Әзербайжандағы мәдениет күндері ұйымдастырылды.
Міне, осылайша ынтымақтастық арнасы сан түрлі мәселелер бойынша өрбіп келе жатқан Каспийдің екі жағалауындағы туыстас елдер басшыларының бұл жолғы кездесуінде осы қарым-қатынастарды одан әрі өрістетудің мүмкіндіктері жайында әңгіме қозғалды.
Сондай-ақ, осы күні Бодрум қаласында Түркітілдес елдер Сыртқы істер министрлері кеңесінің төртінші отырысы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Е. Ыдырысов өз сөзінде ұйым аясындағы ынтымақтастықтың жыл өткен сайын даму үстінде екендігін атап көрсетті. Дегенмен ұйым әлеуетін ашуда әлі де пайдаланылмай отырған мүмкіндіктер аз емес.
Осы басқосу өтіп жатқан кезде журналистерге мәлім болған тағы бір жағдай Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бұл жолғы басқосуына Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов те келген екен. Бұл жайында Сыртқы істер министрлерінің басқосуын ашқан Түркияның Сыртқы істер министрі де ауызға алып, бүгін өтетін саммитке Түрікменстан басшысының қонақ есебінде қатысатындығын жеткізді. Бұл жайында интернетте де қысқаша хабарлар бар екен. Содан мәлім болғанындай, Түрікменстан тарабы өздерінде қоры мол болып отырған көгілдір отынды Еуропаға шығарып саудалауға ерекше мән беріп, осы мақсатқа қол жеткізуде түбі бір туысқан Түркітілдес елдер ұйымының географиялық орналасу мүмкіндіктерін пайдалануды көздеп отырғанға ұқсайды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан» –
Бодрум (Түркия).
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.