Медицина • 09 Желтоқсан, 2022

Асқазанынан «батарея» шықты

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Басқа жақтың балалары қандай екенін кім білсін, Алматының бала­ла­­рының жұтпайтыны жоқ. Жыл басынан бері Балалар шұғыл меди­циналық көмек көрсету орталығына асқазан-ішек жолдарына бөгде зат түскен 125 бала, тыныс жолдарында бөтен зат тұрып қалған 32 бала түсті. Көбінесе балалар тиын, батарейка, кішкентай ойыншықтарды жұтып қояды.

Асқазанынан «батарея» шықты

Осы жолы дәрігер­лер үш жасар баланың асқа­занынан шынашақтай «батареяны» операциясыз алып тастады. «Шы­нашақтай» батарея деп мамандар айтып отыр. Шын мәнінде, бұл бала асқазаны үшін бармақтай үлкен зат. Қо­лында үш жасар баласы бар әке-шеше Балалар шұғыл меди­циналық көмек көрсету орта­лығына жеткізілді. Сәбидің анасының айтуынша, баласы қолындағы батареяны аузына салып, жұтып қойған.

Әрине, ФГДС зерттеуі – асқазанның төменгі жағында шынашақтай бөгде заттың бар екенін көрсетті. Балалар жедел жәрдем бөлімінің дәрігерлері баланың денесінен қауіпті затты шығаруды дереу қолға алуға мәжбүр болды. Өйткені балада батареяны жұтқаннан кейін бірнеше сағат ішінде қа­быну процесі басталады. Бұл ас­қазанның немесе өңештің шы­­рышты қабығының күйіп ке­туіне, тіпті осы ағзаның пер­­­фо­ра­­ция­сына әкелуі әбден мүмкін.

«Бөтен затты шығару ке­зін­де қайта-қайта өңештің жо­ғар­ғы үштен бір бөлігінен, дәл жо­ғарғы физиологиялық тарылу аймағында сырғып кете берді. Содан біз ба­та­рея­­ны жоғарғы бө­­лікке жеткізіп, оның ар­­тына Фолей катетерін қою­ды шештік. Бөтен дене дор­мия кәр­­зеңкесінің (эндо­скопиялық проце­дуралар ке­зінде қуыс­тағы тастар мен түрлі бөгде дене­лер­ді алып тастауға ар­нал­ған құрал) көмегімен алын­­ды. Со­дан кейін Фолей ка­те­тері үр­леніп, эндоскоптық тү­тік және бөг­де де­нені ұстап алған дормия себе­тімен бірге ас­­қазан мен өңештен сәтті шы­ғарылды», деді Балалар шұ­­­ғыл медициналық көмек көрс­ету орталығының хирург-эн­до­­скопист дәрігері Мұрат Дүй­себаев.

Бұл жолы жедел медици­налық көмек пен дәрігерлердің тапқырлығының арқасында хирургиялық операция жасау­дың қажеті болмады.

Дәрігерлер ата-аналардан кішкен­тай балаларға мұ­қият болуды, нәресте ойнай­тын зат­тарға назар аударуды сұ­­рай­ды. Балалардың қолына түс­кеннің бәрінің дәмін татып, жемейтін заттарды үнемі аузына сала беретін әде­тін жұрт­­қа тү­сіндірудің өзі артық. Есі кір­­меген бала мұны қызығушы­лық­тан ғана емес, өзіне басқа­лардың назар ауда­руы үшін де жасайды, дейді маман­дар.

 

АЛМАТЫ