Экономика • 09 Желтоқсан, 2022

Мораторий – бизнеске мүмкіндік

670 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға созу жөнінде шешім қабылдады. Сәрсенбі күні тиісті Жарлыққа қол қойылды.

Мораторий – бизнеске мүмкіндік

Рас, мемлекет кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін ке­дер­гілерді жоюға күш салып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасары даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бизнесті негізсіз және шектен тыс бақылауға, қылмыстық қудалауға жол беруге болмайды.

– Кәсіпкерлерді негізсіз тек­се­рулерден қорғауға, қылмыс­тық процеске заңсыз тартуды болдырмауға бағытталған кешенді шаралар қазірден бастап қолға алынып жатыр. Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы құны шамамен 700 млн теңге болатын заңсыз айыппұлдан босатылды. Заңсыз салынған 1 200 тыйым салу және шектеу шараларының күші жо­йылды. Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын атап өткен жөн. Әрбір алтыншы іс қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмауына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды, – деген еді осы аптада «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қаржыгер Андрей Чебо­та­рев­тің пікірінше, Прези­дент өте орынды шешім қабыл­дады. Өйт­кені мораторий – бизнеске бе­ріл­ген тамаша мүмкіндік.

– Мемлекет бизнесті дамытуға ден қойып отыр. Демек, соған сәй­кес қадамдар жасалуы керек. Ал мұндай қадамның ең дұрысы – бизнесті тексеруге жария­лан­ған мораторийдің уақытын ұзарту. Рас, дамыған елдерде шағын биз­нестің әлеуеті жоғары. Тиі­сінше, олардың ішкі жалпы өнім көле­міндегі үлесі де қомақты. Дамы­ған елдердің экономикасын жеке кәсіпкерлер ұстап тұр десе де болады. Бірақ біздің елдегі жағдай бұған әлі жете қойған жоқ. Нақты қадамдар жасалып жатыр. Ендеше, нәтижесін де күтейік. Қазақстанда орта тапқа мемлекеттік компаниялардың топ-менед­жерлері жатады. Ал да­мыған елдердегі топ-менед­жер­лер – кәсіпкерлер. Біздің елде де осылай болуға тиіс. Ол үшін бизнестің дамуына кедергі жасалмауы керек, – дейді Андрей Чеботарев.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құ­қықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов каран­тин­дік шектеулер мен қаңтардағы оқиғалардың салдарынан кә­сіп­кер­лік саласы мораторийді енгізу кезінде күтілген нәтиже­лерг­е қол жеткізе алмады деп санайды. Сон­дық­тан мораторий мерзімін созу нәтижелі қадам болмақ.

– Карантин шектеулері кезінде де, қаңтар оқиғасында да шағын бизнес айтарлықтай зардап шекті. Соның салдарынан кәсіпкерлер мораторийдің игілігін көре алмады. Осы күнге дейін бизнес-қауымдастық мора­торийді ұзарту туралы мәсе­ле­ні көтеріп келді. Мәселен, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасына Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының, Павлодар облысының, Батыс Қазақстан облысының қоғам­дық тамақтандыру кәсіп­орын­дарының өкілдері осындай ұсы­ныс жаса­ға­нын білеміз. Сон­дықтан Пре­зидент өте орынды шешім қа­был­да­ды деп санаймыз. Бұл елдегі кәсіпкерлікті да­мытуға үл­кен сеп болмақ, – дейді Рустам Жүрсінов.

Әрине, мораторий мерзімінің ұзарғаны жақсы-ақ. Алайда кейбір кәсіпкерлер осы бір жағ­дайды теріс мақсатқа пайдалануы да мүмкін. Тексерудің жүргізілмейтінін біл­ген­діктен, түрлі қулықтарға баруы ықтимал. Мәселен, кәсіпкерлер кейде фис­калдық чек бермейді, тауар бағасын көрсетпейді, кейде тыйым салынған жерлерде газ баллондарын пайдаланады. Өкініштісі, тұтынушылар мұндай заңсыздықтарды көрсе де, шағым түсірмейді.

– Статистикаға сүйенсек, «Шот-фактураларды жазып беру тәр­тібін бұзу, сондай-ақ тіз­беге енгізілген тауарлардың өткізілуін есепке алу жүйесін бұзу» бабы бойынша 2020-2021 жылдары 3 215 іс қозғалды. Кәсіпкерлер тарапынан орын алған ең көп бұзушылық салық салуға байланысты. 16 694 іс «Салық есептілігін, сон­дай-ақ бақыланатын шетел­дік ком­па­ния­ның пайдасын анықтау үшін қажетті құжат­тар­ды ұсынбау» бабы бойынша қозғалды. Екінші орында – мемлекеттік кірістер органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының заңды талаптарын орындамау. Көбінесе жұмыс берушілер қызметкерлер үшін салық төлемейді, елдің зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын бұзады, сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылар төлеу міндеттерін атқармайды, – дейді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Қарағандылық кәсіпкер Марина Лаптева отандық бизнес-қауым­дастық мораторийді ұзарту мәселесін бірнеше рет көтергенін, Мемлекет басшысының кәсіп­кер­лер­дің өтінішіне құлақ асқанын жақсылыққа балап отыр.

– Бизнес өкілдерінің үнін естіп, орынды шешім қа­был­да­ға­ны үшін Президентке ризамыз. Кә­сіп­керлік саласы елдегі эконо­ми­калық өсімнің драйверіне айналуы үшін осындай шешімдер қабылдау керек. Сондай-ақ бизнес елдегі әлеуметтік мәселелерді де шешуге атсалысатынын атап өтуге тиіспіз. Сондықтан кәсіп­кер­лердің жұмысына орынсыз кедергі келтірмеген жөн. Со­ны­мен қатар кәсіпкерлер де мемлекет тарапынан берілген же­ңіл­дік­ті теріс мақсатқа пай­да­лан­бағаны абзал, – дейді Марина Лаптева.

Еске сала кетейік, 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап ша­ғын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъек­тілерін тексеруді және про­филактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий жария­лан­ған болатын. Мораторий мерзімі 2023 жылдың соңына де­йін ұзартылды. Ұлттық эконо­мика министрі Әлібек Қуан­ты­ровтың түсіндіруінше, бизнес субъектісі халықтың өмірі мен денсаулығына зиянын тигізетін болса ғана мемлекет оның қыз­метін тексеруге құқылы.