Саясат • 09 Желтоқсан, 2022

Балаларды қараусыз қалдырмау – өзекті мәселе

446 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде әр бала үшін қолайлы жағдай жасау, оларды панасыз қалдырмау, шарасыз күйге түсірмеу – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты. Бұл жөнінде Астанада Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы барысында Ұлттық комиссия төрағасы, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева мәлімдеді.

Балаларды қараусыз қалдырмау – өзекті мәселе

Панасыз және қараусыз қалған балалар мәселесі сөз болған жиынға сараптамалық және ғылыми қоғамдастық өкілдері, уәкілетті органдардың басшылары, өңірлердегі әкімдерінің орынбасарлары мен бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Балалар үшін қолайлы жағдай жа­сау­дың өзектілігіне жан-жақты тоқталған А.Балаева бұл бағытта жұмыстың маңы­з­дылығы мемлекетіміздің əлеуметтік саясатына жүктелетінін атап өтті. Осы мақсатта əлеуметтік жəне профилактикалық шаралар кешені іске асырылып жатыр.

«Баланы өмірге әкелу бар да, оған қажетті қамқорлық пен мейірім көрсетіп, дұрыс тәрбие беру бөлек мәселе. Өкінішке қарай, тиісті бақылаусыз қалған балалар мен жасөспірімдерге қатысты мәселе жыл­дан-жылға өзектілігін жоғалтпай келеді.

Биылдың өзінде дұрыс қадағалаудың жоқтығынан түрлі құқық бұзушылыққа барған 73 мыңнан астам баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылып, беймезгіл түнгі уақытта балаларға есік ашқан 1,5 мыңға жуық ойын-сауық орнына айыппұл салынған. Әрине, бірінші кезекте, отбасында ата-ананың жауапкершілігінің мық­ты болғаны қажет. Десек те, мемлекет тара­пынан да бұл мәселе үнемі назарда болады.

Осы орайда, тиісті жауапты органдарға тоқсан сайын рейдтік тексеруді күшейтіп, мониторинг жасауды, қажет болса әрбір отбасы бойынша жеке жоспар әзірлеп, бұл мәселемен күрестің жаңа тәсілдерін әзір­леу бойынша бірқатар тапсырма бердім. Бұл сұрақ Ұлттық комиссияның келер жыл­ғы жұмыс жоспарында да үнемі назарда болады. Оның нәтижесін алдағы уақыт­та кеңінен айтамыз», деді Аида Балаева.

Балалардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу саласындағы ағымдағы ахуал және осы саладағы жұмыс жүйесін жетілдіру шаралары туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сөз сөйледі.

Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 10 мыңнан астам бала тәрбиелеп отырған 6 мыңнан астам қолайсыз отбасы бар. Әдетте, қолайсыз отбасы жағдайында өсіп, ата-аналардың бақылауынан шығып кеткен бала жағымсыз өмірлік тәжірибе, қоғамға жат және әдепсіз мінез-құлық үлгісін алады.

«Дамыған елдердің көпшілігінде кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ қолайсыз отбасыларға жан-жақты көмек көрсету бойынша арнайы орталықтардың жұмысы кең таралған. Бұл қызметтер ата-аналарға бағытталған және барлық жастағы балаларды қолдауға арналған. Олардың қызметіне балаларды тәрбиелеу бойынша отбасыларға кеңес беру, ата-аналарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жеңілдіктер төлеу, медициналық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету мәселелері кіреді. Отбасын қолдаудың осындай орталықтары білім, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде де бар. Алайда шешуді қажет ететін бірқатар мәселе бар», деді А.Аймағамбетов.

Министрдің сөзіне сүйенсек, «тәуекел тобындағы» отбасылар мен балаларды анықтауда және оларға білікті көмек көрсетуде кешенді ведомствоаралық тәсіл жоқ.

«2019 жылдан бастап жергілікті атқа­рушы органдарға балалардың қадағалаусыз қалуының жеке профи­лак­тикасының бір түрі ретінде кәмелетке толмағандардың медициналық-әлеуметтік есебі бекітілді. Бұл ретте осы тетікті жүргізу тәртібін әзірлеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның құзыреті айқындалмаған. Бұл мәселені шешу үшін отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін пайдалану қажет деп санаймыз. Бұл проактивті режімде отбасылық қолайсыздық тәуе­кел­дерін ерте кезеңде анықтауға, балаларды мектепке дейінгі, қосымша біліммен, «Жаппай оқыту» қорынан әлеуметтік қолдаумен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бүгінгі күні кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мектеп полиция инспекторларының жұмысы оларды мектептерден шығару жолымен аймақтық болып қайта құрылды. Бас прокуратураның Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу комите­тінің деректері бойынша биылғы 10 айда кәмелетке толмағандар жасаған қыл­мыстық құқық бұзушылықтар саны 11,7 пайызға өсті. Осыған байланысты мек­теп полиция инспекторларының тәжіри­бесін қайтару қажет деп санаймыз», деді А.Аймағамбетов.

Екіншіден, ата-ананың жауапкершілігі төмен. Статистика көрсеткендей, кәме­летке толмағандарды тәрбиелеу немесе білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеттерін орын­да­ма­ғаны үшін жауапкершілікке тартылатын ата-аналардың саны жыл сайын артып келеді.

«Балалар өлімінің, жазатайым оқиға­ларының көпшілігі ата-аналар тарапын қадағалаусыз қалдыру себебінен болады. Мәселен, Франция, Германия, Польшада баланы қараусыз қалдырған, міндеттерін орындамаған ата-ана 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ата-аналардың балаларын тәрбиелеудегі жауапкершілігін қатаңдату мәселесін қарастыру қажет», деді А.Аймағамбетов.

«Әсіресе, жазғы каникул кезінде қараусыз және панасыз қалған балалардың саны азаймай тұр, бұл олардың бос уақытының ұйымдастырылмауын көрсетеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар тәуекел тобындағы балалардың спорт секцияларына немесе шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік беру мәселелерін пысықтауды қажет деп санаймыз», деді А.Аймағамбетов.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха ата-аналардың балалар мінез-құлқын бақыламауы себебінен олардың құқық бұзатынын, қылмыс жасайтынын атап өтті.

«Соңғы 5 жылда жасөспірімдер жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 2 еседен астам азайды. Биыл карантиндік шектеулердің алынып тасталуына байланысты мұндай құқық бұзушылықтар саны 14 пайызға өсті. Әсіресе, ұрлық, тонау, зорлық-зомбылық жасаған балалар жиі кездеседі. Жыл басынан бері ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 347 бала сотталды. Соның ішінде 66-сы әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», деді И.Лепеха.

БҰҰ Даму бағдарламасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі ұлттық сарапшысы Светлана Жақыпова жедел шаралар қабылдау және балалардың панасыз қалуы проблемаларын шешу үшін интеграцияланған әлеуметтік қызметтер институтын енгізу қажеттілігі туралы толығырақ айтып берді.

«Бір цифрлы платформада әртүрлі салалардың (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдары – әрқайсысы өз құзыреті шегінде) сарапшылары жұмыс істейді. Бұл мұқтаж отбасыларға қажетті мемлекеттік қызметтерді жедел және тиімді көрсетуге мүмкіндік береді. Әрбір назардан тыс қалған істі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бақылайды. Бұл шешім осындай отбасыларға қолдау шараларын көрсету мерзімдерін және тиісінше мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын қысқартуға мүмкіндік береді», деп атап өтті спикер.

Ұлттық комиссия төрағасы А.Балаева Оқу-ағарту министрлігіне мектептердегі профилактикалық қызмет пен бақылаудың бірыңғай стандарттарын әзірлеп, енгізуді тапсырды. Бұл ретте осы бағыттағы барлық уәкілетті органдардың белсенді дәйекті жұмысы қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әлеуметтік осал отбасыларды қолдауды тапсырды. Профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі жұмысқа азаматтық секторды кеңінен тарта отырып, алдын алу шараларын әзірлеуге тиіс.