Парламент • 09 Желтоқсан, 2022

Сенатта еліміздің қорғаныс өнеркәсібін дамыту мәселесі талқыланды

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

енаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары «Отандық қорғаныс өнеркәсібі: жағдайы, проблемалары мен ұсыныстары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Сенатта еліміздің қорғаныс өнеркәсібін дамыту мәселесі талқыланды

Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед  Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыты – отандық әскери-өнеркәсіп кешенін дамыту екенін атап өтті.

 «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында армияны жаңғыртуды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Ол үшін қазіргі заманағы технологиялар трансферті мен өндірісті ықшам шоғырландыруды ескере отырып, әскери-өнеркәсіп кешенін дамыту шараларын қабылдау қажет. Осыған байланысты бүгінгі іс-шара аясында қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жай-күйі туралы өзекті әрі шынайы ақпарат алуды және осы саладағы негізгі проблемаларды анықтау мен жан-жақты талқылауды, сондай-ақ белгіленген мәселелерді шешу жолдарын ұсынуды жоспарлап отырмыз», деді сенатор.

Отырысқа қатысушылар мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында құқық қорғау органдарының қажеттіліктерін ескере отырып, еліміздің әскери-өнеркәсіп кешенін кластерлік дамыту мәселелерін, сондай-ақ азаматтарға арналған өнімдер шығаруды, оларды қаржыландыру және салаға қосымша инвестиция тартуды, қорғаныс кәсіпорындарындағы қалыптасқан  проблемаларды шешу келешегін де талқылады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед аталған мәселелер мен сенаторлардың ұсынымдары заң шығару процесі аясында ескерілетінін және депутаттар оларды жұмыс бабында пайдаланатынын атап өтті.

Дөңгелек үстелге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Ержан Мырзабаев, Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдері де қатысты.