05 Маусым, 2014

Хабарсыз кетті демеңіз...

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

женис-70Түбіт мұртты бозбала күлімсіреген қалпы қол бұлғап, туған жер төсіне келе жатқандай елестейді

Әлемдегі құрғақтағы аумақтың алтыдан бірін иеленген Кеңес Одағының «ақтаңдақтары» жетіп артылады. Солардың бір парасы – Ұлы Отан соғысы деген атпен тарихқа енген қаралы кезең зұлматы. Талай шаңырақты күйретіп, ортасына түсірген, аналарды жесір атандырып, балаларды жетім қалдырған қилы да қиын тұста әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткен, із-түзсіз жоғалған май­дангерлерді үміттері үзілмеген күйі зарыға, сағына күткен отбасылар қаншама!

Біздің шаңырақта ардақты әкеміз Сейітқасымды 18 жасында өз еркімен қан майданға аттанып, оралмаған үлкен ағасының тағдыры тірісінде қатты мазалайтын. Қатардағы гвардия жауын­гері Айтан Байтеленов Шортай ауылы­ның тумасы еді. 1942 жылы 25 қыркүйекте Октябрь аудандық әскери комиссариаты арқылы соғыс­қа шақырылған. Әскери даяр­лықтардан өткен соң І Прибалтика майданына қарасты Карачевский гвардиялық атқыштар дивизиясының 247-ші атқыштар полкі құрамында рота бөлімшесін басқарған. Одан арғы тағдыры беймәлім болып, 2011 жылдың шілдесіне дейін із-түзсіз жоғалғандар тізімінде жүрді.

Ағамыз Ермектің Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің Орта­лық мұрағатына жолдаған сұраулары нәтижесіз аяқталды. Әкеміз ағасы жайлы жақсы хабар тосумен дүниеден өтті. Кей кезде:  «Тағдырдың басқа салғаны осы ма?» деп налып отыратын. 1995 жылы жарық көрген «Боздақтар» кітабының бірінші томында Октябрь аудандық әскери комиссариаты кінәсінен жіберілген қателікті оқығанда көзіне жас үйірілгені бар. «Байтеленов Айтан­ның» орнына «Байтеменов Айтжан» деп жазғаны қалай деген ренішін жасырмайтын. Бұдан басқа «Рүстенов Айтан» деп те есепке алынған көрінеді.

Байтеленовтер әулеті жадында 2011 жыл мәңгі ұмытылмастай сақталып қалды. Тамыз айының тамылжыған бір кешінде ұлым Рүстен Айтан ағамыз жайлы д­е­рек­терді интернеттен тауып, сү­й­ін­ші хабар естіртті. Бәріміз тө­бе­міз көкке жеткендей болып, қуа­н­ышымыз қойнымызға сыйма­ды. «Мемориал» сайтында А.Бай­теленовтің Невель-Городокс бағы­тын­да шабуылдау операциясы кезін­де 1943 жылы 26 желтоқсанда ер­лік­пен қаза тапқаны, Моисеенко деревнясы маңында жерленгені жа­зылған. Куәландыратын құ­жа­т­та туған жылы мен туған же­рі дәлме-дәл көрсетілген. Онда ата­­мыз Байтеленов Ахметжан ту­ра­лы деректі де ұшыраттық. Аға­­мыздың жерленген жерін із­дестіру барысында өткен ғасыр­дың 50-жылдары Витебск облы­сы Городокс аудандық атқару ко­ми­тетінің шешімімен Кабище деревнясындағы бауырластар қабіріне қайта жерленгені белгілі болды.

Городокс аудандық атқару комитетімен бірнеше мәрте жазысқан хаттардың арқасында әскери комиссар, подполковник Д.Богумирскийден мынадай жау­ап келді:

«Құрметті Сәбит Сейіт­қасым­ұлы! Қызыләскер Айтан Рүстенұлы Байтеленовтің Моисеенко деревня­­сындағы бауырластар зираты­на қайта жерленгенін мәлім­дей­мін. «Соғыс боздақтары мен Отан қорғаушыларды мәңгі есте қалдыру туралы» Беларусь Рес­пуб­­ликасы Министрлер Кеңе­сі­нің қаулысына сәйкес, аудандық ат­­қару комитетінің шешімімен оның есімі мемориалдық тақтаға жазылды».

Интернет беттерін парақтай отырып, ағамыз жайлы бірқатар құнды деректер кездестірдік. Солардың бірі – танктерге қарсы рота бөлімшесінің командирі А.Байтеленовті марапаттау туралы «құпия белгісі» бар 1943 жылғы 29 желтоқсандағы № 029/Н бұйрық. Онда ағамыздың 13 желтоқсанда жаудың алдыңғы қорғаныс шебін бұзу және басып алу кезіндегі ерлігі мен басшылық жасау тактикасы, екі пулемет ошағы мен бір бронды танкті жойғаны, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны баяндалған. Операция кезінде ағамыз полк командирінен арнайы тапсырма алып, шартты белгі зымыранынан кейін: «Ура! Отан үшін!» деген ұранмен атойлап, ротаны шабуылға көтерген.

Аманшылық болса, биыл мәңгілік тыныштап жатқан бауырластар зиратына тағзым етуді, туған жерінен бір уыс топырақ ала баруды ойластырып отырмыз.

Сәбит БАЙТЕЛЕНОВ.

Солтүстік Қазақстан облысы,

Шал ақын ауданы.