Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2022

Жамбыл облысында үш жел электр станциясы салынады

676 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының агроөнеркәсіп кешенінде жаңартылатын энергия саласы белсенді дамып келеді. Бір ғана Талас ауданында бірден үш жел электр станциясы салынуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында үш жел электр станциясы салынады

Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, биыл өңірде «жасыл экономика» аясында жалпы құны 5,4 миллиард теңгені құрайтын үш жоба жүзеге асырылмақ.

«Қызыләуіт ауылдық округінде бірден үш жел электр стансасын салу үшін жер телімдері бөлінді – әрқайсысының қуаты 4,5 МВт, жобалық құны 1,8 млрд теңге. Барлық үш құрылыс алаңы бұрын салынған тоғыз мегаваттық екі жел электр станциясының жанында орналасқан. Биыл 13,5 мегаватт үш станция салып жатырмыз», деді спикер.

Қазіргі уақытта қондырғылардан өндірілетін электр энергиясын жинау үшін үлкен электр станциясы салынуда. Жел электр станцияларына арналған жабдықтар Даниядан жеткізілді. Жаңартылатын энергия нысандары 2022 жылдың соңына дейінипайдалануға беріледі. Алдағы уақытта қондырғылар санын көбейтіп, қуаттылығын 30 мегаватқа жеткізу жоспарлануда.

«Жаңартылатын энергия көздері бойынша бұл жобалар ауданның әлеуметтік және экономикалық әлеуетін айтарлықтай арттырад. Жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады», деді Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков.

Жамбыл облысы күннің, желдің және судың әлеуетін пайдалану жөнінен республикада тұрақты жетекші орынды иеленіп келеді. 2009 жылы Қазақстанда «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы» Заңның қабылдануымен қуаттылығы 7-ден 300 МВт-қа дейінгі су, жел және күн электр станцияларын салу бойынша оннан астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылды.