05 Маусым, 2014

Ұлт рухының қайнары тәрбиеден басталады, – дейді заңгер әрі әнші-жыршы Әбіш ӘДІЛБЕКОВ

556 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Абиш Адилбеков_CD-Box 3 side_эскиз 03Әбіш ӘДІЛБЕКОВ  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін бітірді. Қостанай, Ақмола, Алматы облыстарында прокуратура органында  қызмет істеген білікті заңгер, Ақмола облысы Егіндікөл, Алматы облысы Ұйғыр ауданында және Қапшағай қаласында прокурор лауазымын атқарды. Құқық қорғау органдарындағы қызметпен қатар, ұлттық өнер саласында да өзіндік ізі  бар өнерпаз, бірнеше дүркін әнші-термешілер конкурстарының жүлдегері атанды. Таяуда «Дастан» студиясынан батырлар жыры мен терме, толғаулардан тұратын  «Ұлт рухы»  атты үнтаспасы жарық көрді. Осы орайда біз  Әбіш Әділбековпен  қазақ руханияты мен өнері турасында әңгімелескен едік. – Ата-тегіңізде әншілік, жыршылық өнер бар ма еді, әлде өскен орта әсер етті ме?  – Хантәңірінің баурайында  дүниеге келіп, Үшқоңыр жайлауында, Сарытауқұм қойнауында өстім. Жас кезімде біздің отбасы Нарынқолдан Жамбыл ауданының   К.Мыңбаев ауылына туыстарымыздың қасына қоныс аударды. Әкем көзі ашық көкірегі ояу, елге сыйлы, жүрген жерінде билік айтып жүретін беделді кісі болатын. Әрине, өнерге келу де отбасы тәрбиесінен басталады. Арғы аталарымды айтпағанда, өз әкем де, анам да өнерпаз жандар еді. Анам ескі жыр-қиссаларды жатқа айтып отыратын. Атақты «Сарыбидай» әнінің авторы Садықожа Мошанұлының  аталас туысы еді.  Әкем  әнші болатын, айтыскерлігі де бар-тын. Өмірдегі де, өнердегі де алғашқы ұстазым әкем мен  ел ішіндегі өнер иелері. Олардың ортасында жүріп ұлттық рухтың небір үлгілерін көрдім. – Заңгерлік қызметте жүріп өнерден қол үзбеуіңізге  кімдер себеп болды. – Азамат болып қалыптасуда қызметтегі ұстаздарым  Оңалсын Жұмабеков, Ілияс Бақтыбаев, Талап Қалиәкберов, Әмірхан Аманбаев сияқты қазақтың асыл  азаматтарының берген тәлім-тәрбиесінің, ағалық қамқорлығының арқасында бүгінгі жетістікке жеткенімді мақтанышпен айта аламын. «Ұстазды әкеңдей сыйла»,  деген сөздің мәнін мен осы кісілер арқылы ұқтым. Бір жылы  Алла сәтін түсіріп  Сары­ағаш санато­рийіне  демалуға бардым. Кешкі астан соң  демалушылар жиналып, ортасында бір жас жігіт домбырамен ән салып отыр екен. Аз-кем тыңдаған соң домбырасын сұрап алып «Сарыбидай» әнін әуелеттім. Көпшілік қолпаштап тағы айтқызды, Бір сағаттай ән салдым. Сол күннен  бастап қазақ өнерінің айтулы өкілі Асқар Тоқпанов  демалысым біткенге дейін  жанынан шығармады. Әндерімді, термелерімді тыңдап батасын беріп:  «Өнерді тастама!»  деп аманатын да артты. Өнерпаздар бас қосқан бір жиында  Нұрғиса Тілендиев атамыз бөлмесіне шақырып алып:  «Өнерді тастама!» деп тапсырып, батасын бергені тағы бар. Қазақтың осындай біртуар асыл азаматтарының батасы мені бүгінгі күнге дейін қанаттандырып, қызметпен қатар өнерді де алып жүруге себебін тигізді деп санаймын. Жыр-терменің, әсіресе, нақты оқиға желісіне құрылған батырлар жырының ұлт рухын көтерудегі, патриотизмді қалыптастырудағы, Отанға деген сүйіспеншілікті оятудағы рөлі зор. Менің дискімді тыңдап, ертең-ақ жас жеткіншектердің маған ұқсап, Райымбек, Сұраншы, Саурықты жырлап жүретініне сенімім мол. Ұлттың болашағы – ұлт рухында! Райымбек, батырдың   қалмақтың 17 батырымен жекпе-жекке шығып жер жастандыруы мен Сұраншы батырдың қырғыздың  қалың қолымен жалғыз шайқасқан  ерлігін тыңдап өскен жас ұрпақтың рухы қандай биік болатынын өзіңіз пайымдай беріңіз. Оның бір айғағы, былтыр Болгарияда өткен жарыста Райымбек ауданы,  Қарасаз ауылының түлегі, 1995 жылы туған Гауhар Оспанқызы қазақта тұңғыш рет бокстан әйелдер арасында дүниежүзінің чемпионы атанды. Осы бір елеулі жаңалықты естіп,  бөркімді аспанға атып, қуандым. – CD жинағыңыздың «Ұлт рухы»    аталуының сыры не? – «Ұлт рухы»  атты үнтаспаның жарық көруін өнеріммен  ұлтыма еткен қызметім деп білемін. Бұл жыр-жинақтың бір ерекшелігі «Райымбек батыр» дас­таны тұңғыш рет халыққа ұсынылып отыр. Қазақ Кеңес әдебиетінде аталған дастан жайлы да, оның авторы Сабдалы жырау жайлы ешқандай мәлімет жоқ. Осыдан 12  жыл бұрын жазушы Дәнеш Ахметов ағамыз Қытай қазақтарынан жазып алып, елге жеткізген. Бұл дастан – ХVІІІ ғасырдағы нақты болған оқиға желісіне құрылған шығарма. Сабдалы жырау батыр бабамыздың үзеңгілес серіктерінің бірі деседі.  «Райымбек батыр осы жазда шешуші шайқасқа шығатын көрінеді, соған  орай үлкен қол жинамақшы екен» – деген хабар жансыздары арқылы Ағанас ханға жетеді. Сөйтіп, ол үлкен соғысқа күні бұрын дайын болып, Райымбек батыр жасағының жолын  торуылдайды. Сарытоғай-Шарын жақтан Жалаңашқа қол жинау үшін бет алған Райымбек жасағын Ағанас хан Көкпектің жазығында қоршауға алады. Күші өзінен әлдеқайда басым жаумен бірден ашық айқасқа бармай, Райымбек батыр қулыққа көшеді. Дереу Жалаңаш, Сөгеті жаққа жаушылар аттандырып, өзі жекпе-жекке дайындалады. Ондағы мақсат – қосымша күш келгенше уақыт ұту. Сөйтіп, қалмақтың батырларын бірінен соң бірін жекпе-жекке шақырып, жер жастандырады. Дала заңының сол кездегі қалыптасқан соғыс ережесі бойынша жеңген батыр келесі батырмен жекпе-жекке шығуға толық хақысы бар. 17-ші батырды жер жастандырғанда, көмекке қазақ қолы да келіп жетеді. Көкпектің жазығында болған осы шайқаста қазақ қолы шешуші жеңіске жетеді. Дастан осы оқиғаны баяндай келіп, әрі қарай Райымбек батырдың келесі бір жорықта өз атын өзі шақырып, өткел бермес Іле өзенінен қалың жасағын аман-сау алып өтіп, Ағанас ханды сан соқтырып кеткен тапқырлығы, құмдауыт далаға шаншып кеткен бір түп ағашының үлкен бәйтерекке айналып, түбінен бастау шығып, сырқат жандардың дертіне шипа болған Аяққалқан арасаны жайлы жырлап келіп, батырдың Қабанбайға серік болғаны, Абылайханның Ақордасын қорғағаны, Ағанас ханның басын алғаны, батырлығы ғана емес, көрегендігі мен ақылының арқасында елге тұлға болғаны, соғыста бірге жүретін Ақбурасының батыр дүниеден өткен кезде (батырдың еліне айтқан аманатымен бураға артқанда) оның денесін Хантәңірінің баурайынан еш жерге шөкпей, бірнеше күн  жол жүріп, Алмалы қыстағына, яғни қазіргі Алматы қаласына жеткізгені жайлы баян­далады. Осыдан үш ғасыр бұрынғы жырдың ол кезде қандай болғанын бір Алла біледі, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша көшіп жүріп, бүгінгі бізге жеткен нұсқасына тәубе дейсің. Бұл дастанды жыршылық дәстүрмен батырды туған халқына қайта қауыштыру менің пешенеме жазылғанына Жаратушы Иемізге ризашылығым шексіз. «Ұлт рухы» атты жыр-жинақтың  тағы да жалғасын шығару жоспарда тұр. Алла қаласа, ол күн де алыс емес! Жыр жинағыма  «Ұлт рухы»  деп ат қоюдың тағы бір себебі  бар, қазақ ұлтының тектілігін көрсететін, әрі ұлттық мұрамыз шешендік өнер мүлдем дәріптелмей жатыр. «Бір қайғыны ойласаң,  мың қайғыны қозғайды», – деп Абай атамыз айтқандай, осы бір қазақ ұлтына тән қасиетті өнердің ұмыт болып бара жатқаны жаныма қатты батады. – Бүгінгі ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіруде қандай қадамдар жасадыңыз? – Ағымдағы  жылдың сәуір,  мамыр айларында Райымбек ауданының  Нарынқол, Қарасаз, Қақпақ, Текес, Қайнар,  Кеген, Жалаңаш  ауылдарындағы  15 мектептің  5-10 сынып оқушыларымен кездесіп,  жыршылық-термешілік дәстүрді дәріптеп, Райымбек батыр мен Сұраншы батыр дастандарын жырлап қайттым. Оқушылардың қызығушылығы өте күшті, мұғалімдер қатты ризашылығын білдірді. Құрмет те ерекше болды. Тұтастай алғанда, бұл үнтаспаны  шығарудағы мақсат – батырлар жырын дәріптеу арқылы жас ұрпақтың  ой-санасына ұлттық  патриотизмнің дәнін себу, олардың бойындағы еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті ояту, бабалар дәстүріне үйрету және ұлтымыздың  асыл мұрасының бірі – жыршылықты меңгеруге көмектесу. Сондықтан «Суды сіңген жеріне құй» деп бекер айтылмаған.  Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.