Экономика • 12 Желтоқсан, 2022

ІPO-ның кеңейген мүмкіндігі

219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада IPO (Initial Public Offering) аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акцияларының сауда-саттығы ресми түрде бас­талды. Бұл – Қазақстан қор нарығының тарихындағы ең ірі ІРО. Сауда-саттықтың салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-министр Әлихан Смайылов қатысты.

ІPO-ның кеңейген мүмкіндігі

 

Осы жылдың 9 қарашасынан 2 жел­тоқ­санына дейін азаматтар «Астана» халық­аралық қаржы орталығының биржасынан (Astana International Exchange, AIX) және Қазақстан қор биржасынан (KASE) «ҚазМұнайГаз» акцияларын 8 406 теңгеге сатып алу мүмкіндігіне ие болды. 8 желтоқсаннан бастап қайталама сауда-саттық ашылғаннан кейін мұнай компаниясының акцияларын нарықта да сатып алуға болады.

Премьер-министр өз сөзінде жетекші ұлттық компанияның IPO-сы экономикадағы мем­лекеттің үлесін азайту реформа­сын әрі қарай іске асыру шең­берінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. IPO-ның жалпы көлемі 154 млрд теңгені (330 млн долларды), ал берілген өтінімдер саны шамамен 130 мыңды құраған. Қазақстандық инвесторлардың үлесі – 95 пайыздан жоғары.

– Біздің азаматтардың өті­ніш­тері басым тәртіпте әрі толық­тай қанағаттандырылды. «Қаз­Мұнай­Газдың» IPO-сы Қазақ­станның қор нарығы үшін ірі мәмі­лелердің бірі болып саналады. Бұл отандық қаржы нарығын дамы­туға, еліміздің азаматтарына да оң әсер етеді, – деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, ірі мемле­кеттік компанияларды қор нары­ғына шығару – олардың қоғам мен акционерлер алдында есеп беру міндетін ұлғайтып, ашықтығын арттырады. Бұл ретте халықтың инвестициялық мәдениеті мен қар­жылық сауаттылығы жетіліп
келеді.

– Басқа ұлттық компаниялар да 2023-2025 жылдары бірқатар IPO-ны өткізу арқылы ашық­тығын арттырады. Бұл – Қазақстан халқының мүддесіне орай жасалған ашық әрі тиімді экономика құру бағытындағы қадам, – деді Премьер-министр.

2022 жылдың 9 қарашасынан 2 жел­тоқсанына дейін «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға өтінім қабылданды. Бұл ретте инвесторлардан 181 млрд теңгеден астам сомаға 129 мыңнан артық өтінім келіп түскен. Нәтижесінде, жекелеген ірі инвесторларда акциялар пакетінің шоғырлануына жол бермеу үшін 153 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдерді қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. Қазақстан азаматтарынан акция­ларды сатып алуға берілген өтінімдер толық көлемде қанағаттандырылды. Осылайша, осы IPO шеңберінде «Самұрық-Қазына» қоры «ҚазМұнайГаздың» 18 303 584 жай акциясын сатады. Бұл компанияның орналастырылған жай акцияларының жалпы санының 3 па­йызына тең.

– Қазақстанда алғаш рет тікелей жазылу құралы пайдаланылды. Бұл Tabys мобильді қосымшасы және «Қазпоштаның» бөлімшелері арқылы мүмкін болды. Тікелей жазылу үшін акцияларға өтінімді тікелей акцио­нерге беру мүмкіндігі ұсынылды. Осының нәтижесінде, сондай-ақ жекелеген екінші деңгейлі банктердің және брокер-дилерлік ұйымдардың мобильді қосымшалары арқылы брокерлік компаниялардың өкілдері жоқ өңірлер мен шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары да IPO-ға қатыса алды. Тікелей жазылу әдісімен 1 млрд 500 млн теңгеге шамамен 6 мың өтінім берілді, – деді «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Естеріңізге сала кетейік, IPO  инвестиция­лар тарту мақсатында компания акцияларын қор биржасында бастапқы жария орналастыру. IPO кезінде компания акцияларды еркін айналымға шығарады, оны институционалдық және жеке инвес­торлар сатып ала алады.