Ахмет Байтұрсынұлы • 12 Желтоқсан, 2022

Рух қорғаны

509 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы Бақы (Баку) қаласында өткен Бірінші бүкілодақтық түркітану сиезінде сөйле­ген сөзінде: «Мәде­ниет тірі табиғаттағы жаратылыс дамуының жалғасы ретінде өзінің дамуы үшін жайлы жағдайдың болуын талап етеді. Дәл осындай жағдай Ресейде тұратын түркі халықтарында болған жоқ.

Рух қорғаны

Түркілер әлденені алып қабыл­дай­тын жалғыз ғана халықтың бұлар­мен тұрмыс түрінде ешқандай ұқсастығы жоқ, оның үстіне үстемдік етуші, бұ­ратаналарға қатысты орыстандыру, православтандыру, құлдыққа салу саясатын ұстанатын өкімет басшылары бар халық болып шықты», деп шындықты жырлаған еді. Осы сөзінде Ахмет әліпбиінің шығуына себеп болған бір жайт бар. Ол Ресей отаршыл өкіметінің қазақтарды шоқын­дыру жос­пары еді. Алдымен 1868 жылы қазақты шоқындыруды мақсат еткен ереже қабылданып, 1892, 1898, 1902 жылдары кезең-кезеңі­­мен жүзеге асырылуға тиісті мемле­кеттік бағдарламалар даяр­лана­ды. Қазақтарды шоқындырып, орыс­тан­дыру 1902-1916 жылдардың ара­сында орындалуға тиіс болатын. Бұған бағынбағандарды қырып салу үшін Түркістан уәлаятында жазалаушы әскер де дайындалған еді. Сөйтіп, қазақ руханиятына, ұлттығына үлкен қатер төнді.

1914 жылдың мамыр айын­дағы «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұр­сынұлы: «Хүкіметке жағым­дысы – қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Ресей қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық іс болмас», деп жазды. Ұлтты жоятын мұндай зұлматқа қарсы тұрар күш ол кезде қазақта жоқ болатын. Шоқынып жатқан қазақтар да баршылық еді.

Міне, осы айтылған жайттар Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиі шығуының әлеуметтік-тарихи алғышарты болды.

Қай халық болсын қайта жаңғы­рып отыру үшін, жалғасу үшін био­логиялық ген сияқты тұқымдық коды болуы керек. Ал бұл код сөз, ұлттық тілсіз өмір сүре алмайды. Халық тілден бастала­ды. Ұлттық тіл – сөз экологиясы тұр­ғы­сынан қарағанда, халықтың геномы болып табылады. «Тіл этностың ең айқын және тұрақты көрсеткіші болып саналады» (Никита Толстой). Бұл геном әртүрлі құрастырушы сыңарлардан тұрады. Халық геномы әліпбиден, әріптен басталады. Әдетте, «қандай әліпбиді қолдануда тұрған не бар»? деп жатады. Жоқ, мұның маңызы зор. Орыс ғалымдары кириллица тек орыстарға ғана (және басқа славяндарға) ар­налған, онда біздің мәдениетіміздің, христиандық рухтың ерекше коды бар деп есептейді. Бельгия лингвисі Франс Винкенің таяудағы зерттеулері көрсеткендей, кирилл әрібінде, оның символикасының тұтас жүйесінде діни, дүниеге көзқарастық (құдайлық Үштік, Логостың орналасуы, т.б. туралы) мәністік мазмұн бар (Валерий Ми­ловатский). «Әр жаңа әріп өз бо­йында оны жасаушының ниет, аңсарын сақтайды, онда терең киелі мән болады, дүниені діни түйсі­нуді, әр сим­волдың мистика тұрғысы­нан тәпсір­ленуін  бейнелейді» (Литера­турная учеба, 1996).

Феноменологтердің дәлелдеуінше, латын әліпбиі – католиктерге, кирилл әліпбиі – православтарға, араб жазуы мұсылмандарға Көктен түскен.

Бұл жайттар Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің шығуына рухани түрткі болады.

Сөйтіп, ұлт ұстазы алдында орыс алфавиті, батыс алфавиті жатқанмен, араб әліпбиін таңдады. Осы әліпбидің негізінде қазақ әліпбиін түзіп шықты. Өйткені жазудың – дінмен, ал араб жазуының қазақтардың ұстанатын діні исламмен (Құранмен) байланысты екенін білетін ғұлама ислам таңбасы тұрғанда қазақтардың шоқынуға бара қоймайтынын жақсы білді. Христиан басқыншылығына қарсы тұратын мұнан артық күш ол кезде табылмас та еді. Осылайша, Ақаң әліпбиі қазақ рухының қорғанына айналды.

111

Ол сонымен қатар араб жазуының табиғи қозғалыспен орайлас екенін жаратылыстану тұрғысынан дәлел­деді.  «Жазуға қай жазу ыңғайлы болатынын айыру үшін басқа жұмыстар жүзінде қолға күш түсетін істерден жасалған ілім тәжірибелерін алып қарау керек болады. Латын жүйелі жазумен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің жүретін бағда­рына қарсы келіп отырады. Сол ың­ғайына қарай жазу жолы да солдан оңға қарай жүреді. Араб әрпімен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің бағдарымен бірыңғай келіп отырады. Сол ыңғайына қарай жазу оңнан солға қарай жүреді», деп көрсетті («Байтұрсынұлы Ахметтің араб әліпбиін жақтаған баяндамасы»). Бұған Жердің Күнді оңнан солға қарай айналатынын, тамырдағы қаны­мыздың оңнан солға қарай ағатынын қосыңыз.

Осылайша, ұлт ұстазы қазақ руха­ния­­тын, сайып келгенде, қазақ ұлттығын орыстандыру­дан, хрис­тиандандырудан құтқарушыға айналды. Олай дейтініміз – қазақ­тың қазіргі ойшылы Амангелді Айталы дәл айтқандай: «Отарлау­шылардың бұлайша ислам дініне айрықша шүйлігуіне бас­ты себеп: мұсылмашылық қазақ арасында – ұлттық мәдениеттің, тарих­тың, әлеуметтік құрылымының маңыз­ды қыры ретінде қалып­тасқан. Шын­дығында, ортақ ұлт­тық мәдени және руха­ни мұрадан дінді бөліп алу мүмкін емес. Социализмнің дін мен мәдениет­ті ажырата алмауы осыдан. Дінінен айырылған халық ұлттық қасиетінен де айырылады. Ұлт болып ұюдың негізі – дінде. Халық санасына ұлт­тық идея дінмен бірге енгеннен кейін тәуелсіздікке деген арманнан ешқан­дай отаршылық айныта алмайды, себе­бі онда Құдайдың құдіреті жатыр».

Сөз соңында айта кету қажет, қазақ тілін, қазақ сөзін Ахмет Байтұр­сынұлы әліпбиіндей дәл бейнелейтін әліпби бұрын да болмады, қазір де жоқ.

 

Жантас Жақыпов,

филология ғылымдарының докторы, профессор