Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Келесі жылдан бастап жастар 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады. Қазір Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік ынтасын көтеру және қолдау мақсатында шағын несие беру әдістерін қарастырып жатыр.
– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жастарға шағын несиелер беріледі. Оның пайыздық мөлшері 2,5%-ды құрайды. Қазіргі кезде ережелер жобасы жасалып, «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Басты шарты – кепілдік болуға тиіс. Ол міндетті түрде үй болуы тиіс емес, бағалануы тең басқа да мүлік болуы мүмкін. Несие мөлшері 5 млн теңгеге дейін. Берілу мерзімі 5 жылға дейін. Егер қарыз ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатында немесе ірі қара мал асырау үшін алынса, онда 7 жылға дейін беріледі. Несие алған жастарға 1,5 жылға «каникул кезеңі» ұсынылады, яғни, аталған уақытта олар ай сайынғы жарна төлеуден босатылады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға арналған. Үкімет келер жылы оған 5,8 мың жас қол жеткізеді деп жоспарлап отыр.
– Мемлекет жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Атап айтсақ, жыл сайын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Жеңілдікпен кредиттеу» және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде республика бойынша 100 мыңға жуық жас еңбекпен қамтылады. Халықты еңбекпен қамтудың тағы бір құралы – нарық сұранысына қарай азаматтарды қысқа мерзімде оқыту. Аталған жобаның аясында азаматтар жаңа мамандық меңгеріп, оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналаса алады. Жыл басынан бері 35,2 мың адам оқытылды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.
Жалпы, елде субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған 161 мыңға жуық азаматтың 36 пайызын жастар құрайды. Оларға жалақы мемлекет тарапынан ішінара немесе толықтай төленеді. Егер жұмыс берушінің белгіленген талаптарына сай келетін болса, жастар кәсіпорындарда жұмысқа орналаса алады. Ол үшін Еңбек биржасы арқылы қажет орындарға өтініш беру керек.
– Қазір субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған 161 мыңға жуық азаматтың 36%-ын жастар құрап отыр. Мұндай жұмыс орындарының негізгі мақсаты – жастардың нақты машықтары мен дағдыларын игеріп, одан әрі тұрақты жұмысқа орналастыру. Қазіргі күні жастарды жұмыспен қамту шараларының бірнеше бағыты бойынша жүзеге асырылып келеді. Олардың ішінде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», қоғамдық жұмыс сияқты жобалар көзделген. Бұл жобалар жасы 29-дан аспаған ЖОО түлектері немесе жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған, – деді вице-министр.