Президент • 12 Желтоқсан, 2022

Президент бірқатар министрліктің жұмысын сынға алды

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында апат кезінде салғырттық танытқан министрліктердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент бірқатар министрліктің жұмысын сынға алды

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешу қажет. Негізі, бұл – ауыл мен қаланың ауқымында шешіле беретін тұрмыстық мәселе. Бірақ біз оны Үкіметтің деңгейінде қарауға мәжбүрміз. Өйткені осы саладағы төтенше оқиғалар тым көп болып кетті», деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте ол Петропавлда, Теміртауда, Степногорскіде, Балқашта, Қарағандыда, Ақтөбеде және Риддерде болған апаттарды атап өтті.

«Аталған апаттардың ешқайсысынан әкімдер мен министрлер, ең бастысы, меншік иелері тиісті қорытынды жасаған жоқ. Ал жақында Екібастұзда болған төтенше жағдай бұл саладағы ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетті. Қызметкерлердің жауапсыздығы, бақылау жүйесінің қауқарсыздығы мыңдаған адамды жылусыз қалдырды. Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар», деді Президент.

Бұдан соң, ол Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылғанын айтты.

«Құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Олар баяу қимылдап, салғырттық танытты», деді Тоқаев.