Қоғам • 13 Желтоқсан, 2022

Азаттық жолында жапа шеккен әке мен бала

722 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алаш Орда үкіметінің өмір сүрген кезеңі қысқа болғанымен, оның идеясы өміршең болды. Ол – өмір шындығы. Оны өткен тарихымыз анық көрсетті. Алаш қозғалысының көсемдері мен белсенділері өткен ғасырдың 1920-1950 жылдары жаппай репрессияға ұшырады. Көбі атылды. Жер аударылды. Өкінішке қарай, олардың кейбірінің есімі көпшілікке белгісіз.

Азаттық жолында жапа шеккен әке мен бала

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

2020 жылдың 24 қарашасында ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен қуғын-сүргінге жаппай ұшырағандарды толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Республикалық жұмыс топтары және өңірлік комиссиялар мұрағаттарда зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы бағытта портал жасалды. Мұрағат жинақтары бірінен соң бірі шыға бастады. «Ұлт жады» атты арнайы ғылыми журналдың алғашқы сандары да жарық көрді...

Қиын жылдары Алаш идеясын жал­ғас­тыруды саяси элитаның озық өкіл­дері, талапты, білімді, ұлтшыл, елшіл жас­та­ры қолға алды. Туған халқының бодандықтағы хал-жағдайын сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, олардың еңбектерін, шығармаларын халық арасында кеңі­нен насихаттауға ұмтылды. Алаш қозға­лысының идеяларын жалғастырған 17-25 жас аралығындағы жастардың ішінен кейін кеңес одағына белгілі, көптеген тарихи тұлғалар – мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар шыққаны да белгілі.

Соның бірі – Орал қаласында ұлт-азаттық идеясы үшін күресіп, Алаш идео­логиясын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Қазақ ұлтшылдық ұйымын» құрып, көшбасшысы болғаны үшін РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы 10-11-тармағы «Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген жапон шпионы» деген ауыр баппен сотталған, Сталин өлгеннен кейін ғана ақталып, барлық саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған, өмірі өнеге, ісі үлгі болған «КСРО оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚазКСР оқу-ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерінің, «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанған мемлекет және қоғам қайраткері Тұрсынғали Ғатауоллаұлы Қатауов.

Мұрағат материалдарына жүгінсек, Тұрсынғали Қатауов 1927 жылы 14 нау­рызда Батыс Қазақстан облысы Қара­төбе ауданы Сулыкөл округіне қарас­ты Төлен ауылында діни білім алған саяси сауатты отбасында дүниеге кел­ген. Әкесі Ғатауолла Шеруенов те Алаш идеяларымен жас кезінен таныс, саяси сауатты болған. Ол кісі де «ха­лық жауы» деген жаламен 10 жыл түрме­де отырады. Ұлы Тұрсынғалиды әкесі Алаш рухында тәрбиелейді. Сол себепті Тұрсынғалидың саяси санасы ерте оянып, азаттық идеяларына қызы­ғушылығы арта түседі. Алаш көсем­де­рінің өлеңдерін насихаттағаны үшін алғаш рет 16 жасында бес айға сотталған!

Мақаланы жазуда қолымызға түскен Бас прокуратураның Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің, Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақстан облысы полициясы департаментінің мемлекеттік архивінен алған сот үкімдері, НКВД қаулылары, сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивіндегі Тұрсынғали Қатауовтың коммунистік партияға өтердегі өмірбаяны, басылымға жазған естеліктері, ол туралы жазылған мақала­лар пайдаланылды. Құжаттар негізінен, орыс тілінде болғандықтан оларды өзгертусіз бергенді жөн көрдік.

1942-1943 жылдары Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының мектебінде (қазіргі Мұхит Мерәліұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектебі) оқып жүргенде мектеп ішінде және ауыл халқы арасында сол кезде «халық жаулары» деп айыптаған, аттарын атауға болмайтын Алаш зиялыларының өлеңдерін оқып, насихаттағаны үшін НКВД қызметкерлері 16 жастағы бозбала Тұрсынғали Қатауовты тұтқындап, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы­ның 10-11-тармағы бойынша «Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыппен 10 жылға соттамақшы болады, алайда кәмелеттік жасқа толмауына байланысты 5 айдан кейін қамаудан босатылады. «Степной» лагерінің арнайы бөлім басшысы қол қойған архивтен алынған құжатта «прежняя судимость в 1943 г. к 5 месяцами» деп анық көрсетілген. Демек, Тұрсынғали Қатауов Алаш идеясын насихаттағаны үшін кәмелеттік жасқа толмауына байланыс­ты босатылған...

Алаш идеясының ұлттық бірігу тұжырымдамасы қазақтың білімді, азаттықты сүйетін, жеке ел болуды армандайтын жастарының басын біріктіре бастайды. Тұрсынғали Қатауов 1947 жылы Орал қаласындағы Мұғалімдер институтында (қазіргі БҚМУ) оқып жүргенде көздері ашық, саяси санасы ояу студенттердің басын қосып «Қазақ ұлтшылдық ұйымын» құрады. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – отарлық езгінің құрсауында тұншыққан қазақ халқын азаттыққа шақыру, Жапония секілді өркениеті дамыған елдер үлгісін қабылдау жолында қызмет ету болатын. Тұрсынғали қазақ жастарын азаттық үшін күреске шақырды. Осы қимылы үшін оны РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-тармағы, 1-бөлімі, 11-тармағымен соттайды. Тұрсын­ғали Қатауовтың қылмыстық іс материалдарында: «Турсынгали Катауов обвинялся в том, что будучи антисоветской настроенным, среди студентов Уральского педагогического инс­титута проводил антисоветскую агитацию, националистическую пропоганду. Обвиняемый Катауов Турсынгали был арестован 30.05.1949 г. и привлечен к уголовной ответственности по статье 58-10 ч. 1-я, 58-11 УК РСФСР..Катауов Турсынгали был осужден приговором судебной коллеги по уголовным делам ЗК облсуда от 01.07.1949 г. по ст. 58-10 ч.1 и 58-11 УК РСФСР к 10 годам лишения свободы. Содержался в Степном лагере МВД СССР и из под стражи был освобожден 20 апреля 1955 года» деп жазады.

Тергеу материалдарымен таныс­қанда Тұрсынғали да, оның әкесі Ғатауолла да РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-тармағы бойынша кеңес өкіметіне қарсы насихат жасады деген саяси айыппен сотталғандарын көреміз. Бір отбасынан бір мезетте – екі ұлт қайраткері шыққан.

Ғатауолла Шеруеновтің РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10 және 11-тармағымен сотталған қылмыстық ісі материалдарында: «Обвинямый Шеруенов Гатауолла был арестован 17.06.1949 г. и привлечен к уголовной отвественности по статье 58-10, 58-11 УК РСФСР...Обвинялся в том, что будучи в прошлом муллой среди жителей Западно-Казахстанской области систематически проводил антисоветскую националистическую агитацию. В результате чего явился вдохновителем антисоветской националистической деятельности группы студентов Уральского учительского института, во главе который стоял его сын Катауов Турсынгали». Архив құжаттары Тұрсынғали Қатауовтың «Қазақ ұлтшылдық ұйымын» құрғаны және көшбасшысы болғанының нақты айғағы.

Архивтік құжаттарға сүйенсек, 1949 жылы 1 шілде күнгі Батыс Қазақстан облысы Қылмыстық істері алқасының үкімі: «Приговор именем Советских Социалистических Созных Республик суд нашел: «Катауов Турсынгали будучи идеологически воспитан» антисоветско-националистическом духе в течение двух лет до ареста среди студентов Уральского учительского института систематический проводил антисоветскую-националистическую агитацию, клетевал на жизнь СССР, разжигал националистическую рознь между казахами и русскими, восхвалял врагов народа и пел песни».

Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істері коллегиясының 1949 жылғы 5 тамыз ұйғарымында: «Сотталушы Тұрсынғали Қатауов әкесі Ғатауолла Шеруенов екеуі бірнеше жыл бойы кеңес өкіметіне қарсы үнемі ұлтшылдық бағытта теріс үгіт жүргізіп, кеңес өкіметінің мүшелері (бұл жерде Сталин мен Л.Берияны айтып отыр) туралы жаман сөздер айтқан. Ұжымшар тұрмысын жамандап, халық жаулары – «ұлтшыл алашордашыларды» мақтап, солардың өлеңдерін айтып, еңбектерін насихаттап келген. Қатауов өзінің ұлтшылдық теріс рухта тәрбиеленудің нәтижесінде, Орал қаласындағы Мұғалімдер институтының оқушылары арасында «Қазақ ұлтшылдық ұйымын» құрып, группаласы Ғ.Бөкеновті, тағы басқа да көптеген студентті сол ұйымға тартқан. Екі жыл бойы, қашан қамауға алынғанға дейін үнемі теріс үгіт жүргізіп, КСРО тұрмысын, халқын жамандап, «орыс-қазақ» деп ұлтшылдық алауыздық туғызбақ болған, «алашордашылардың» өлеңдерін мақтап айтып жүрген. Сөйтіп, жастарды өз қатарларына көптеп тартқан», деген айыптар тағылады. Сталиндік жүйе, репрессивтік саясат салтанат құрған уақытта ұлтшылдық ұйым құру ерлікке пара-пар әрекет болатын. «Ықсан, Ғазизолла, Тәукеш төртеуміз бәріне шыдап, ешқандай қылмысымыз жоқ болғасын, тергеу протоколдарына айыптымыз деп қол қоймадық. Бірақ оның бірде-бірі сот барысында ескерілмеді», деп кейін жазады өз естелігінде Тұрсынғали ағамыз. Азаттықты аңсап, Алаш қозғалысын жалғастырып, Алаш идея­сын насихаттағаны үшін Ғ.Бөкенов екеуі 10 жылға сотталған. Әрине, ұйым мүшелерінің қатары көп еді. Алайда қуғын-сүргіннен қорыққандары, тергеу барысында табандылық көрсете алмай, сатып кеткендері де кездесті. Бірақ Ғ.Бөкенов, Ы.Құтқожин,Т.Бәкішовтің НКВД тергеушілерінен қанша азап көрсе де, ешкімді сатпағандарын, ұлт ісіне адалдықтарын танытады. Ұйымның басшылары өз идеяларына беріктігін, жүректі азаматтар екендіктерін дәлелдеп, зорлық-зомбылыққа, қорқытуға төзеді. Бәріне шыдайды. Болашақ үшін. Қазақ елінің азаттығы үшін.

НКВД қызметкерлері Т.Қатауовтың саяси белсенділігінен, ұлтшылдығынан қорыққаны сөзсіз. Сондықтан сот бол­мас­тан 5 күн бұрын Тұрсынғали Қа­тауов­ты «халық жауларына» арналған Қарағанды лагеріне (КарЛАГ) қарасты ерекше күшейтілген «Степной» лагеріне жіберу туралы қаулы шығарады. Яғни сот 1949 жылдың 1 шілдесінде болса, қаулыда 10 жылға соттау туралы шешім мен 25 мау­сымда алдын ала шығарылып қойған екен. Бұл туралы архив құжаттарында: «НКВД о направление обвинямого в Особый лагерь» постановление НКВД. 1949 г. 25 июнь. Нашел: «Что Катауов Турсынгалиевич являясь выходцем из семьи муллы принял националистические установки своего отца, в результате чего – Уральском учительском институте организовал казахскую националистическую группу, которую тянули студента Букенова и совместно проводил антисоветскую-националистическую аги­­-
тацию, направленную на разжигание национальной вражди между русскими и казахами, на восхваление врагов народа и дискредитацию руководителей партии Советского государства, клевету на советскую действительность и восхваление дореволюционной кочевой жизни...Учитывая особую важность и совершеннием преступлением Катауовым Турсынгали постановил: «После вынесения обвинительного приговора по делу №1599 обвинияемого Катауова Турсынгали направить для отбытия мер наказания в Особый лагерь МВД СССР».

«Қазақ ұлтшылдық ұйымы» мүшелері «КСРО көсемі И.Сталин мен Ішкі істер халық комиссары (НКВД бастығы) Л.Берияның қазақ халқын қынадай қырып жатқан қанішерлік саясатын және қазақтың бағына біткен Алаш қайраткерлерін өлтірткен жауыздығын батыл әшкереледі. Алаш Орда үкіметін, Алаш қайраткерлерінің идеяларын уағыздады. Кеңестік жүйе «халық жаулары» деп жала жапқан Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, т.б. еңбектерін насихаттады. Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлының, қазақтың рухани ұстаздары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлының өлеңдерін оқып, батыл және кеңінен дәріптеді.

Бұл туралы архивтегі дерекке сүйе­не жазған орыстілді басылымында: «...Ахмет Байтурсынов был одним из ярких фигур дореволюционный казахской интелленгенции. Он – глашатый освобождения казахского народа, от колониального гнета, от векового сна бесправия и темноты. Вместе с Алиханом Букейхановым, Миржакиповым Дула­товым, Халелом и Джаханшой Дос­мухамедовыми возглавил движение «Алаш Орды», за что в 1937 году был репрессирован. Их имена были вычеркнуты из истории, а обращение к их произведениям жестоко каралось. Так, за чтение стихов Байтурсынова был осужден на несколько лет тюрьмы каратобинец Шеруенов Гатауолла, а спустя десять лет 1949 году, за чтение стихов Ахмета в кругу студентов, были арестованы Катауов Турсынгали и Букенов Газизолла – студенты Уральского пединститута» деген деректер айтылады.

Уақыт өтеді. Сталин өлген, Хрущев те биліктен кеткен кезде, 1965 жы­лы коммунистік партия қатарына кірердегі  жазған өмірбаянында Тұрсын­ғали: «1949 жылы мемлекеттік емтиханды тапсырғалы тұрғанымда, жеке басқа табынушылық өріс алып тұрған кезде, халқымыздың жауы Берияның агенттері жазықсыз жала жауып, 58-бабының 10-11-тармақтарымен айыптап, 10 жыл­ға еңбекпен түзеу саяси лагеріне жібер­ді. Сол уақытта мен ешқандай қате­лі­гім жоқтығын және болашақта болмай­тындығын жауап алған сайын айтып отырдым, алайда ол сөзіме ешкім құлақ асқан жоқ. Қайта қару жұмсап, карцерге қамап, ұйықтатпау сияқты әдіс-тәсілдерді қолданып, ешқандай негізсіз өтірік іс жасақтады. Ақыры, 1955 жылы 19 сәуірде КСРО Жоғарғы сотының шешімімен «сотталған» деп есептелмесін» деген қорытындымен ақталып, босап шықтым», деп қысқаша баяндайды...

Жуырда Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы ономастикалық комиссиясы саяси қуғын-сүргін құрбаны, «ҚазКСР оқу-ағарту ісінің үздік мұға­лімі», «Құр­мет белгісі» орденінің иегері Тұрсын­ғали Қатауовтың 95 жасқа то­луына байла­нысты есімін мәңгі есте қалдыру мақса­тында ұлт-азат­тық жо­лын­дағы ерлігін, оқу-ағарту саласын­дағы ерен еңбегін ескере отырып, есімін өзі соңғы жылдары басшы болып абы­ройлы қыз­мет атқарған Қаратөбе ауданы Қоскөл орта мектебіне беруді бірауыздан қолдады...

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшесі, кәсіби тарихшы ретінде облыстық комиссияның ұсы­ныстарын толық қолдай отырып, 16 жасынан бастап азаттықты аңсап, Алаш көсемдерінің өлеңдерін оқығанына бола қудалауға түскен, Алаш идеясын насихаттағаны үшін қасірет шегіп, сталиндік қуғын-сүргін зорлығын көрген тұлға Тұрсынғали Қатауовқа мектептің есі­мін беру туралы ұсыныс Республикалық ономас­тика комиссиясында қолдау таба­ды деп сенеміз. Кеңестік жүйе, тота­литарлық билік үстемдік құрған кезде жастық өмірін күрес жолына арнаған халықшыл тұлғалар зор құрметке лайық­ты. Себебі өскелең ұрпақ өткен аға буын үлгісіне қарайды. Сын сағатта азаматтың ерлік үлгісі – әр­қашанда отаншылдық сезімнің қай­нар көзі. 

 

Зиябек Қабылдинов,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі