06 Маусым, 2014

Қазақстандық 7 боксшы әлем чемпионы атанды

469 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алматыда маусымның 3-і күні мәреге жеткен бокстан әскерилер арасындағы әлемнің 55-ші чемпионатында 7 қазақстандық чемпион атанды. Біздің құраманың бірде-бір мүшесі жүлдесіз қалған жоқ. Олар 7 «алтыннан» бөлек, тағы 1 күміс және 2 қола медальдарды жеңіп алды. Финалдық айқасты 49 килоға дейінгі Олжас Байниязов пен ресейлік тарлан Бэлик Галанов бастады. Біздің жас пері көрші елдің 2012, 2013 жылдарғы чемпионынан қаймыққан жоқ. Нәтижесінде төрешілердің бағамы бойынша 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ал турнирді ширек финалдан бастаған Олжас алғашында пәкстандық Асиф Разаны 2-раундта техникалық нокаутпен жеңсе, жартылай финалда Солтүстік Корея өкілі Хо Чой Тайды 3:0 етіп ұтқан болатын. Командалас аттасының жеңісті жолын 52 килодағы Олжас Сәттібаев та сәтті жалғастыра білді. Оның бұл жолғы қарсыласы – марокколық Абделали Дарра оңай шағылатын жаңғақ емес еді. Соған қарамастан, біздің бағланның басымдығы ешкімнің күмәнін туғызған жоқ. Бір айта кететіні, бұл күні өтпей қалған француз Алексис Вастин мен ресейлік Александр Беспутин арасындағы ұрыстан басқа айқастардың бәрі жоғарыдағы есеппен аяқталды. Турнирге ширек финалдан ат қосқан Олжас сол сынақта тунистік Моунтасар Боуалиді 1-раундта-ақ іске алғысыз етіп тастады. Оның соңынан кореялық Ким Жа Киюнгті 3:0 етіп тізе бүктірді. Қазақстан қоржынына үшінші алтын медальды 56 килолық Қайрат Ерәлиев түсірді. Осы кезге дейін грузин Торнике Тотладзені (3:0), КХДР боксшысы Чол Гук Квонды (3:0) және итальян Алессио Ди Савиноны (2:1) жолдан тайдырған ол ақырғы шайқаста алжирлік Фахем Хаммачиден басым түсті. Мұның артынша 60 килоға дейінгі салмақ дәрежесіндегі Бекман Сойлыбаевтың да алтыннан алқа тағатын кезегі келді. Ол мұны қытайлық Ксиа Лингжиені талассыз жеңу арқылы жасады. Сөйтіп, осының алдындағы Біріккен Араб Әмірлігінің атлеті Хамад Алзааби мен шриланкалық Н.Л. Падмакумараның екеуін бірдей 1-раундта нокаутқа жіберген еңбегі финалда қайтты. Бұдан кейін қазақстандық боксшылар 75 килоға дейінгі салмақта ақтық жекпе-жекке шықты. Онда еліміз жалауын желбіреткен Бабыржан Момынов бразилиялық танымал боксшы Педро Лимаға бесінші бұрыш іздетті. Ал оның осы кезге дейін жарыс жолынан шығарып тастаған қарсыластары арасында Әмірліктен Мохамед Моусабих аль-Шабли (нокаут, 1-раунд) мен германиялық Абу-Либдех Абдулрахман (3:0) болды. Өкінішке қарай, осының соңын ала рингке көтерілген 81 килодағы Арман Рыспек белгілі голланд спортшысы Петер Мулленбергтен аса алмады. Мұның есесіне, осыдан кейін соңғы екі салмақтағы саңлағымыз да тілеулестері көңілінен шықты. Атап айтқанда, 91 килолық Асқар Абдуллаев итальян Фабио Турчиді, ал 91 килодан жоғары салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев бразилиялық Рафаэль Лиманы емін-еркін ұтты. Бұған қосымша айта кететін нәрсе, бұлардың біріншісі алтын жүлдеге дейін үш боксшыны ораса, екіншісі екі бәсекелесін қапы қалдырды. Асқарға іріктеу сынағында қытайлық Ванг Ксуанксуан қарсы шыға алмай қалса, пәкстандық Нисар Хан одан 2-раундта нокаут алды. Жартылай финалда неміс Йоханн Витт 0:3 болып жеңілді. Өз кезегінде Қамшыбек соңғы сынға пәкстандық Ахмед Али (3:0) мен кувейттік Салем аль-Шаммариді (3:0) ұтып келді. Чемпионатта Елдос Сарқұлов (64 кг) пен Сағадат Рахманқұлов (69 кг) қола жүлдені қанағат тұтты. Турнирде сондай-ақ француз Алексис Вастин мен голландиялық Петер Мулленбергтен бөлек, финалда тунистік Шили Алааны ұтқан моңғол Баттарсукх Чинзориг (64 кг) те чемпиондық атаққа қол жеткізді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.