Қоғам • 13 Желтоқсан, 2022

Бүлінген баспаналар жөнделеді

251 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екібастұздың жылу жүйесіндегі апаттан зардап шеккен отбасылар қараша мен желтоқсан айлары үшін жылу энергиясына ақша төлемейді әрі электр жарығының төлемі азайтылады. Бұған қоса қатты бүлінген 50 пәтерге «ОАЭК» АҚ есебінен жөндеу жүргізіліп бермек.

Бүлінген баспаналар жөнделеді

50 пәтер қатты бүлінген

Зардап шеккен пәтерлерді жөндеу, реттеу жұмыстары үшін «Орталық-Азия Электрэнергетикалық корпорациясы» (ОАЭК) АҚ бүгіннен бастап арнайы бригадаларды жұмылдырмақ.

Төтенше жағдай кезінде жарылған үйішілік құбырлар мен регистрлерден ыс­­­тық су атқылап, жүзден аса пәтер қатты бүлінген еді. «ОАЭК» АҚ бас­қар­ма төрағасының орынбасары Леонид Янушконың айтуынша, 12 жел­тоқ­­саннан бастап кәсіпорыннан жалпы саны 70 адам бүлінген пәтерлерді жөндеуге шығады.

– Аязда қатып, кейін жылу қоса бас­та­ғанда жарылған батареялар мен пә­тер­аралық құбырлардан аққан ыстық су пәтерлердің тұсқағаздарын, едені мен төбесін, тұрмыстық техникаларын, жиһаздарын бүлдірген. Біз ең әуелі жөндеуді қажет етіп тұрған 50 пәтерге жөндеу жүргізіп бермекпіз. Апат кезінде суықтан әбден титықтап қал­ған адамдардың жайлы өмірге оралуын назарымызда ұстап отырмыз. Дүй­сен­біден бастап біздің бригадаларымыз пәтерлерге кіре бастайды. Ал төтенше жағдай уақытында зақымданған өзге үйлердің шығындары қазір есептеліп жатыр. Егер де комиссия тұрмыстық техника апат салдарынан істен шыққанын растаса, шығынның өтелетініне үміт артуға болады. Барлығы есепке алынып, қорытындыланған соң пәтер иелерімен шығынның орнын толтыру бойынша есеп айырысамыз, – деп атап өтті Л.Янушко.

Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен пәтерлердің иелері барлық шығынын «ОАЭК» АҚ есебінен өндіріп ала алады. Ол үшін арнайы ұйымдастырылған пункт­­­терде өтініш қалдыруы керек. Ақау­­лар­ды анықтайтын бригадалар қа­зір жұмыс іс­теп, барлығын қағазға түсіруде.

 

Жылу үшін төлемейді

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов зардап шеккен үйлердің тұр­ғын­дары қараша мен желтоқсан айларында жылу энергиясы төлемдерінен боса­тылғанын хабарлады. Жұртшылық суық пәтерлерін жылыту үшін электр жы­­лыт­қыштарды күні-түні қосуға мәж­бүр болған еді.

«Ендігі кезекте электр энергиясының мәжбүрлі түрде өскен шығындарын өтеу мәселесі туындап отыр. Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша бұл мәселе бірінші вице-премьер Роман Склярдың қатысуымен және «Екібас­тұз­теплоэнерго» ЖШС иелерімен бірге шешілді. ТЖ кезеңінде, яғни 27 қара­шадан 8 желтоқсанға дейін 48 957 абонент үшін пайдаланған электр энер­гиясына өтемақыны атаулы есептеу тура­лы келісімге қол жеткіздік. Енді біз есептеулерді және төлемнің бірың­ғай мөлшерін анықтаймыз әрі оны тұтыну­шы­лардың жеке шоттарына аудару жолдарын қарастырамыз. Барлық шығынды «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС иелері өз мойнына алады», деді А.Байханов.

Ыстық және суық сумен қамту бо­йынша шаралар шаһарда әлі де жалғасуда. Сенбі күні Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52-үй (20 кіреберістен тұрады) су жүйесі толықтай қалпына кел­ті­рілді. Ал Сәтбаев көшесі, 8-үйде кеше кәріз жүйесін, суық және ыстық су құбырларын жаңарту жұмыстары түйін­дел­ді. Алты корпустан, 20 кіребе­рістен тұратын көпқабатты зәулім баспанада жалпы ұзындығы 1 шақырым болатын суық су жүйесі толықтай ауыстырылған.

 

Теңгерімсіздік сақталып тұр

Ал жеке үйлерді жылумен қамту бойынша жөндеу бригадаларының жұмысы да өз мәресіне таяп келе жатыр. Бұрнағы күні төтенше жағдай кезінде жылу жүйесі қатып қалған 90 үйдің көбі ретке келтірілгені, тек 20-дан аса үй қалғаны белгілі болды.

Бұл туралы қала басшысы Аян Бейсекин арнайы брифингте мәлімдеді. Ол қазіргі күні жөндеу-ретке келтіру бригадаларында шамамен 400 адам жүр­генін, мамандар апатты жоюмен ғана емес, жылу жүйесінің теңгерімін қал­пы­на келтіру шараларымен айналысып жатқанын атап өтті.

– Көп үйлер әлі де болсын жылудың жет­кіліксіз екеніне шағымдануда. Мұ­ның барлығы желілердегі теңге­рім­­сіздік салдарынан орын алғанын тү­сін­діріп жатырмыз. Жүйені реттеу үшін Павлодардан арнайы мамандарды шақырттық, 5 топ осы іспен айналысуда. Қаланың оңтүстік бөлігінде жылу температурасының төмен екені, қысымның әлсіздігі анықталған. Желі­лер­дің тозу көрсеткіші жоғары болуы себепті жүйені асықпай реттеу қажет. Жылу-энерго орталығы кә­сіп­орыннан шығатын судың ысырап мөл­­шерін қазір 570-580 тоннаға дейін төмендетті. Бірақ бұл көрсеткіш әлі де көп, ол кемі 440 тоннаға түсуі керек. Бұл үшін біз жаңадан орын алуы мүм­кін зақымдануларды іздеп, тұр­ғын­дардан желідегі суды ағызбауды сұрап отырмыз. Жылу магистралдарынан келетін судың температурасы мен қысымы нормаға сай, барлық проблема орамішілік және үйішілік жүйелерден туындап тұр, – дейді әкім.

Аян Уахитұлының сөзіне сүйенсек, төтенше жағдай режімі уақытында қаланың ТЖ қорынан шамамен 18 млн теңгедей қаражат бөлінген. Ол жөн­деу бригадаларындағы жұмыс­кер­лердің тамағы мен жатын орнын қар­жы­лан­­дыруға жұмсалыпты. Ал басқа­дай шығындарды «ОАЭК» пен қала құраушы үлкен кәсіпорындар өз мойнына алған.

Әкім алдағы бір аптаның ішінде жылу және сумен қамту жүйесіндегі барлық зақымдану жойылып, қала толықтай қалыпты өмірге оралады деді. Одан соң жылу орталығының қызметкерлері қысқы уақытта же­лілерде апатты болдырмау шарала­ры­на кіріседі. Жылу генерациясын арт­тыруға, ықтимал апат ке­зінде ар­найы қордың болуына зор көңіл бө­лініп отыр. Бұл бойынша кәсіпорын басшылығы мен әкімдік арасында тұрақты байланыс орнаған. Жуық уа­қытта желілерге техникалық аудит жүр­гізіліп, қатты тозған аумақтардың көр­сеткіші зерделеніп, сметалар түзіледі.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы