Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2022

Қар басу қаупі бар

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Жетісуға қыс ерте келді. Был­тыр­ғыдай емес, қар да қа­лың, аяз да буып тұр. Жалпы, өңір аума­ғында қар басып қа­латын 24 жол учаскесі бар. Бүгінде Тө­тен­ше жағдайлар департаменті күн ра­йы­ның на­шарлауына бай­ла­нысты тұр­ғындарға алыс са­пар­ға шы­ғуға ты­йым салуда. Қыс­та қа­уіп­сіздік ережелерін сақ­тау аса маңызды.

Қар басу қаупі бар

Жетісудағы жолдардың жалпы ұзындығы 4 мың шақырымды құрайды, оның 1 034 шақырымы – республикалық, 3 мың шақырымы облыстық маңызы бар жолдар. Оны «Қазавтожол» ЖШС қадағалайды. Бүгінде мердігер компаниялар жолдардың қыс мез­гі­ліндегі дайындық жұ­мыс­тарына 75 бірлік техника дайындаған. Жыл сайын қысқы уақытта ауа райы қолайсыздығында қар құр­сауында 100-ден аса жүк және жеңіл көлік қалып қояды екен. Бұл адамдардың өміріне қауіп-қатер төн­ді­ретін негізгі фак­тор­лар­дың бірі болып тұр. Ма­ман­дар жүргізушілерге тәуе­кел­ге бару­дың қажет емес екенін ескертуде.

«Қыста көлік жүргізушілері көлі­гіне отырған барлық адамның өміріне жауапты екенін сезінуге тиіс. Төтен­ше жағдайлар депар­та­менті мен «Қаз­авто­жол» қыз­мет­­керлері тарапынан қыс­қы мез­гілге жол дайындығы жұ­мыс­­тары арнайы бұйрыққа сәй­кес жүргізілуде. Тайғаққа қар­сы қажетті жабдықтар алынып, қар тазартатын техникалар әзір­лен­ген», дейді «Қазавтожол» ұлт­­­тық компаниясы» акционерлік қо­­­ға­­мының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Шыңғысхан Мұратбекұлы.

Осы ретте 2022-2023 жылғы қыс мезгіліне дайындық жұмыс­та­ры жа­йында облыстық Төтен­ше жағдайлар департаменті Тө­тен­ше жағдайларды жою бас­қар­масының бастығы Ринат Қарандашев пен облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автожолдар бөлімінің басшысы Айдос Досжановтан мағ­лұмат ал­ған едік. Олардың айтуынша, облыстық әкімшілік пен мер­дігер компаниялар арасында облыс­тық маңызы бар жолдардың тазарту жұмыстары бойынша 9 келісім­шарт жасалған.

«Қыс мезгілі басталған сәттен ал­ғаш­қы көмек көрсететін 5 құтқару шарасына қатыстық, 4 адам құтқарылып, 19 адам тө­тен­ше жағдай аумағынан эва­куа­цияланды, 12 бірлік техника шығарылды. Республикалық және облыстық жолдарда 14 рет кө­лік жүрісін шектеу шарасы қол­данылды. Тұрғындарға алдын ала 48 SMS-хабарлама жолданды», дейді Р.Қарандашев.

Облыс аумағында 2 жол-ме­ди­циналық құтқару пункті жұмыс іс­тейді. Бұл пункттер сонымен бірге жы­лыну орындары есебінде қол­да­нылады. Бұдан бөлек 30 жылыну орны, жол-пайдалану басқармасы базаларында 3 пункт, елді мекендердің орта мектебі базаларында 18 пункт, 2 тамақтану пункті және 1 автобекет бар. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан КамАЗ бен Урал базаларында 6 жылжымалы жылыту пункті орналасқан. Қысқы мезгілде алдын ала хабарлау ша­раларын жүзеге асыру барысында 2 500-ден аса насихат құралы тара­тыл­ған екен.

Облыс аумағындағы жолдарда орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақса­тын­да 237 адам мен 79 бірлік өтім­ділігі жоғары техника жұмыл­­ды­рыл­ған.

«Қысқы мезгілде алыс жолға шық­пас бұрын ауа райы туралы мағлұмат алып, оның өзгеруі жайында алдын ала жолданатын SMS хабарламаларға назар аудару қажет», дейді А.Досжанов.

Әрбір көлікте міндетті түрде оқыс оқиға орын алса, ең қажетті заттар болуы керек. Олар: дәне­кер­леу шамдары, кабельдер, доң­ғалақ тізбектері, күректер, пара­фин­ді шамдар, сонымен бірге жылы киім, қажетті заттар, азық-түлік пен су қоры. Қатты аяз немесе қар жауған кезде бірнеше көлікпен бірігіп топтасу керек, төтенше жағдай орын алса басқа жүргізушілер көмекке келе алады. Мамандар қарлы боранға түсіп көлігіңіз тоқтап қалса, «112» нөмірі бо­йын­ша көмек шақыру қажет екенін ескертуде.

 

Жетісу облысы