Отырысты ашқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін парламенттердің өзара жұмысын одан әрі жандандыру маңызды екенін айтты.
Кездесу барысында депутаттар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын негізгі бағыттар бойынша дамыту перспективаларын талқылады. Оның ішінде білім, транзиттік-көліктік әлеует, өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелері бар. Комиссия мүшелері автожол инфрақұрылымын бірлесіп дамыту ісіне де ерекше назар аударды. Сондай-ақ шекарадағы өткізу пункттерін дамыту, оларды заманауи инспекциялық-тексеру кешендерімен жабдықтау және шекара маңындағы инфрақұрылымды жақсарту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Комиссияның Қазақстан тарапынан тең төрағасы, Сенат вице-спикері Асқар Шәкіров алда тұрған міндеттерді сапалы пысықтау үшін парламентаралық өзара іс-қимылды жан-жақты дамытудың маңызды екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Федерация Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Комиссияның Ресей тарапынан тең төрағасы Андрей Яцкин әріптестеріне бірқатар өзекті мәселені жан-жақты талқылағаны үшін алғысын білдіріп, барлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту үшін белсенді жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.