06 Маусым, 2014

Көмек керуені

281 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Шығысқазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккен Ресейдің Алтай аймағына гуманитарлық көмек жіберді. Алтай аймағының губернаторы Александр Карлин­ге өңір жұртшылығы атынан аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қаза болған адамдар үшін көңіл айтып, гуманитарлық көмек жіберілгенін жеткізді. Шығыс жұрты үшін табиғаттың тосын жағдайы ертеден таныс. Өңір тұрғындары осыдан төрт жыл бұрын орын алған табиғи апатты ұмыта қойған жоқ. Қалың түскен қар, күрт жылыған күн, еріген қар суы мен оған қоса жауған жаңбыр сол кезде шығысқазақстандықтарды әбден әбігерге салған. Бірқатар елді мекендер қарғын судың астында қалған кезде қалың елдің қолдауына сүйенген шығысқазақстандықтар қайырымдылық көмектің қиын-қыстау кезде қаншалықты демеу екенін жақсы біледі. – Жақыныңа көмектесу – өте сауапты іс. Біздің жанымызда өте мейірімді адамдар өмір сүріп жатыр. Шығыс Қазақстан облысы әрдайым табиғи жағдайдан зардап шеккен аудандарға қолұшын созып, көмек көрсетіп келеді. Су тасқыны болып, басымызға ауыртпалық түскен сәтте бізге де көмек келген болатын, – деп еске алады гуманитарлық көмекті жинауға қатысушылардың бірі Наталья Шимолина. Алтай аймағына көмек көрсетуге көп­теген аудандар үлес қосты. Бір ғана Шемо­найха ауданы ұн, қарақұмық, асбұршақ, арпа сынды 20 тонна азық-түлік қорын жинап берді. Зырян ауданының еріктілері 2 миллион теңгеден астам гуманитарлық көмек көрсетті. Ал бородулихалықтар 100 дана жылы жамылғы, 100 дана жастық, 100 дана киім әзірледі. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.