06 Маусым, 2014

Дамуға дем беретін байланыстар

341 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
интеграцияАқтөбе – табиғи қазба байлықтары мол өңір. Оның үстіне Ресеймен ортақ шекарамыз 1 мың шақырымға жуықтайды. Біздің облысты тоғыз жолдың торабы десе де болғандай. Яғни, көлік қатынасы жақсы дамыған, алыс-жақын шетелдермен барыс-келіске ыңғайлы. Бір сөзбен айтқанда, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан, инвестиция салуға бірден-бір қолайлы өңір болып табылады. Сондықтан да, шетелдік инвесторлар осында қаржы салып, жұмыс істеуге ынталы. Мұның өзі өңір экономикасының бұрынғыдан да ілгерілеуіне ықпал етер фактор екені сөзсіз. Интеграция Актобе-1 Үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 61,9 миллиард теңге құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға көп. 2014 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 2013 жылдың деңгейі шамасында болады деп болжануда. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы Индустрияландыру картасы аясында кемінде он жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес нысандары пайдалануға берілетін болады. Бұл, инвестиция салуды өткен жылғы деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Абдибеков-1 Облыстық әкімдік интеграциялық үдерістердің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды туғызуда. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы мүм­кін­діктерді тиімді пайдалануды өмір­дің өзі алға тартып отыр. Мұның өзі эко­номиканы дамытуға серпін береді. Облыс аумағында Ресей және Белоруссия компанияларымен бірлескен 250-ден астам кәсіпорын тіркелген. Өткен жылы облыстың Кеден одағы елдерімен тауар айналымы 1 495 миллион АҚШ долларын құрады. Оның 1 451 миллион АҚШ доллары Ресейдің, ал 44 миллион АҚШ доллары Беларусьтің үлесіне тиесілі. Ресейдің көршілес Орынбор облысының кәсіпорындарына «АЗХС» АҚ хром қосындыларын, «Экотон-Батыс» ЖШС бетон блоктарын, «Ситал-2» ЖШС кірпіш және керамикалық тас, «Айс» ЖШС сүт өнімдерін, «Изет Гренхаус» ЖШС қызанақ жеткізіп, өзара белсенді әріптестік қатынастар қалыптастыруда. Біздің облысқа «Орснефтеоргсинтез» ашық акционерлік қоғамы мұнай өнімдерін, «Уральская сталь» металлургия комбинаты жалпақ прокат, кокс-химия өнімдерін, «Ормето-ЮУМЗ» машина жасау концерні металлургия қондырғыларын, «Медногорский медно-серный» комбинат» ашық бірлестігі күкірт қышқылын, «Орский завод металлоконструкций» ашық акционерлік қоғамы құрылыс металл құрылғыларын, «Новотройцкий цементный завод» ашық акционерлік қоғамы цемент, «СавалтАгроТрейд» ашық бірлестігі күнбағыс тұқымын жеткізеді. Мұндай өзара байланыстар екі-жақты тиімділігін көрсетуде. Елбасы Н.Назарбаевтың экономиканың шикізат­тық емес секторына отандық және шетел­дік инвестицияларды тарту көлемін арттыру және экспорттық әлеуетті арттыру бойынша алға қойған тапсырмаларына сәйкес 2012-2013 жылдары облыстың делегациясы Ресей Федерациясының Қазан, Калуга, Орынбор, Самара қала­ларында болып қайтты. Сапар барысында инвестициялық және сауда-экономикалық әріптестік қатынастарды дамыту, тәжірибе алмасу, бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктері бойынша мәселелер қаралды. Қазан қаласына барған сапардың нәтижесінде «Ақтөбе өңірлік индустриялық технопаркі» ЖШС мен «ИТ-Парк» жоғары технология саласындағы технопарк арасында, «Алабуга» өнеркәсіп-өндірістік түріндегі айрықша экономикалық аймағы мен Ақтөбе облысы және Татарстан сауда-өнеркәсіптік палаталара арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Алабуга» айрықша өнеркәсіп-өндірістік түріндегі экономикалық аймағында болғанда «Ақтөбе металл емес құбырлар зауыты» АҚ «ТатнефтьСтекловолокно»  ААҚ-пен шыны талшықты бұйымдар жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарт жасасты. Салават қаласында болғанда қуаты тәулігіне 600 тонна жылу ұстағыш флоат шыны шығаратын зауыт құрылысы жобасын бірлесіп жүзеге асыру қаралды. Кездесулер нәтижесінде «Ақтөбе ӘКК» ҰК» АҚ пен «Салаватстекло» ААҚ арасында өзара әріптестік туралы мемо­рандумға қол қойылды. Оған сәйкес кеңес беру ақпараттық қызметтер, жоба алдындағы жұмыстарды, техникалық құжаттарды ұсынуға ықпал етуге, шеф-құрастыру жұмыстарын жүргізуге, жұмысшыларды даярлауға көмек беру қаралды. Облыс делегациясы Орынбор облысына барған сапарында облыстың инвестициялық мүмкіндігінің тұсаукесері ұйымдастырылды, қазақстандық қолайлы инвестициялық ахуалға, мемлекеттік субсидиялау шараларына, инновациялық дамудың ұлттық стратегиясына және Қазақстанда бизнес жүргізудің басқа да артықшылықтарына, сондай-ақ, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы қазақстандық-ресейлік экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына баса көңіл аударылды. Бірінші рет өңіраралық деңгейде трансшекаралық кен орындарын игеру мәселесі шешілді. Ресей мен Қазақстанның Х өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында шекаралық аумақта орналасқан «Весенне-Аралчинский» кен орнындағы мыс колчедан кенін өндіру кезінде шаруашылық қызметін жүзеге асыру ерекшеліктері туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. «Ақтөбе мыс комбинаты» ЖШС Көктау және «Приорское» мыс кен орындары базасында бұрын өңдеу комбинатын іске қосқан-ды. Енді, жалпы көлемі 400 миллион АҚШ доллары болатын «Весенне-Аралчинское», Құндызды және «Лиманное» кен орындарын игеру жоспарлануда. Бұл бағытты одан әрі дамыту мақсатында осы заманғы технологиялы мыс балқыту зауытын салу міндеті тұр. Мұның өзі жобаның экономикалық тиімділігін арттыруы тиіс. Самара облысында да бірқатар өзара әріптестік қадамдары жасалды. Самара және Ақтөбе облыстары сауда-экономикалық палаталары, сондай-ақ, «Жигулевская долина» ІТ паркімен «Ақтөбе» өңірлік технопаркі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Облыста он екі жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық өнеркәсіп көрмесі Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарының өнеркәсіптік мүмкіндігін көрсетуге бағытталған шара ретінде тиімділігін дәлелдеуде. Көрмеге қатысушылардың қатары көбейе түсуде. Біздің дәстүрлі әріптестеріміз Орынбор облысының қатарына Ресейдің Калуга және Самара облыстары, Белоруссия қосылды. Сондай-ақ, бұл көрмеге Польша Республикасы бірінші рет келіп, қатысты. Мұның өзі көрме рейтингінің жоғары екенін көрсетсе керек. Кезекті ХІІІ «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық көрмесі Орынбор облысында өткізіледі. Қазір ұйымдастыру мәселелері талқылануда. Өткен жылы Қазақстан мен Ресей­дің мемлекет басшылары қатыс­қан Екатеринбург қаласында өткен Х Қазақстан-Ресей өңіраралық ын­ты­мақтастық форумы аясында ұйымдастырылған «Өнеркәсіптік кооперация» халықаралық өнеркәсіп көрмесіне біздің облыстан «АЗХС», «Ақтөберентген», «Ақтөбе мұнай құралдары зауыты» акционерлік қоғамдары мен «Казкоппер» ЖШС қатысты. Ал «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас кәсіпорны «Русская медная компания» ЖАҚ құрамында қатысты. Облыста инвестиция салуға қолайлы ахуал қалыптасты деуге әбден болады. Өңірдегі ірі және кең көлемдегі инвестициялық жобалар «Русская медная компания» ЖАҚ қатысуымен жүзеге асырылуда. Компания мыс-мырыш кен орындарын игеруді жүргізуде. Ресейлік «Мечел» компаниясының қатысуымен тау-кен байыту комбинатының және «Восход» кен орнында жерасты кеніш-шахтасының құрылысы аяқталды. Соның арқасында мыс-мырыш өндірісі құрылды. «Рельс арқалықтары зауыты» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Зауытта ұзындығы 120 метрлік сапалы рельстер шығарылатын болады. Дайын өнімдер өндірісі үшін металл прокаттарын Ресейдің Новотроицк қаласындағы «Уральская сталь» АҚ-тан алу көзделуде. Дайын өнімдерді Ресей рыногына шығаруға болады. Сол арқылы тауар айналымын арттыру және кооперациялық байланысты нығайта түсудің мүмкіндігі бар. Мәскеу мемлекеттік болат балқымалар институтымен, Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік өңірлік университетімен және «Ақтөбе рельс арқалықтары зауыты» ЖШС арасында кәсіпорынға қажетті мамандарды оқытуға келісімге қол қойылды. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақтан күтеріміз көп. Бұл бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланыс­тарды бұрынғыдан да нығайта түседі, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға алғышарт жасайтын болады деп ойлаймыз. Интеграциялық үдерістердің нығаюы біздің өңірдегі инвестициялық ахуалдың ауқымды бола түсуіне де ықпал етері сөзсіз. Мұндай екіжақты тиімді ынтымақтастықтар облыстың экономикалық дамуына жаңа леп әкеле­тініне және адамдардың әлеуметтік жағ­дайын, тұрмысын жақсартуға қызмет ететініне сенім мол. Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары. Ақтөбе.