06 Маусым, 2014

Мемлекеттік сыйлық мемлекет мерейін өсіргендерге берілуі тиіс

217 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
BEK_0076 Өнердің, әдебиеттің, мәдениеттің хас тарландары қоғамның мақтанышына айналып жатады. Мұндай тұлғаларға лайықты баға беріп, мәртебесін көтеріп отыру – мемлекеттің міндеті. Міне, осыған орай кеше Алматыдағы Президент Резиденциясында Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. – Отандық мәдениет жан-жақты дамып жатқаны белгілі. Елбасы бұл салаға әрқашан қолдау көрсетуде. Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық осыған дәлел. Биыл комиссия қарауына көптеген туынды түсті. Конкурсқа қатысушылар елге танымал адамдар. Бірақ, Мемлекет­тік сыйлық үш аталымда беріледі. Сондықтан, комиссия үздік еңбекті таңдауы қажет. Таңдау барысында тәуел­сіз­дікті және ел дамуын насихат­тайтын еңбектерге назар ау­дарылуы керек. Бұл – бәріміз­ге үлкен жауапкершілік. Оты­рыста шығармаларды жан-жақты талқылап, әділ бағасын берейік, – деген Мемлекеттік хатшы комиссия қарауындағы еңбектерді саралау жауапты адамдарға үлкен міндеттер жүктейтінін атап өтті. Ол сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік сыйлығын беру жө­ніндегі комиссияның құра­мын­да өзгерістер болып, жаңа мүше­лермен толыққанын жеткізді. Отырыс барысында комиссия мүшелеріне 2014 жылғы Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алу үшін ұсынылған жұмыстар, олардың тіркелуі, қаралуы және алғашқы сараптамадан өтуі туралы ақпарат берілді. Бұдан кейін еңбектерді талқылау мен жасырын дауыс беру процесі әдебиет, музы­ка, театр және кино, бейнелеу өнері мен сәулет сынды үш секция бойынша жалғасты. Тал­қылаулардың, жасырын дауыс беру­лердің, одан кейінгі жалпы оты­рыстың қорытындысы бойын­ша байқаудың келесі кезеңіне жі­берілетін шығармалар туралы шешім қабылданды. – Мемлекеттік сыйлық әдебиет пен өнер саласындағы жаңа­шыл еңбектердің қатарына жатқы­зылған, қоғам тарапынан мойын­далған, халықтың мәдени-рухани мұрасына айналған туындылар үшін берілуі тиіс. Мемлекеттік сыйлық туралы шешім Пре­зиденттің Жарлығымен бекітіледі. Сыйлықты Президенттің өзі табыстайтын болады. Бұл лауреат­тарға деген үлкен құрметтің белгісі, – деп атап өтті Әділбек Жақсыбеков. Қалыптасқан ережеге сай іріктеуден өтіп, келесі кезеңге жолдама алған жұмыстар тізімі қоғамда кеңінен талқылану үшін «Егемен Қазақстан» және «Ка­захстанская правда» газет­терінде жарияланатыны мәлім болды. Кеше Мемлекеттік хатшының Алматыдағы іссапары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жалғасты.Әділбек Жақсыбеков онда бү­гінде түсі­рілімнің басынан бас­тап экранға шығуға дейінгі аралық­тағы киноөндірістің толық цик­лін жү­зеге асыруға мүмкіндік туғы­затын жаңартылған сандық және түсіру кешенін, анимациялық сту­дияны, басқа да нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ, ұлттық кино­студиядағы еліміздің жетекші киногерлерімен кездесуі аясында кино саласының ағымдағы жай-күйі, «Қазақфильмнің» жа­ңа жобалары мен отандық кине­ма­тографияның келешегі туралы пікір алмасты. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.