Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2022

Қарағандыдағы шина өндірісі

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның ішкі нарығын жеңіл көліктерді доңғалақпен толық жабдықтауға мүмкіндігі зор «KamaTyresKZ» ЖШС-ның шина зауытында алғашқы өнім алынды. Зауыттың бірінші өнімін шығару рәсіміне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Татарстан президенті Рустам Минниханов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов және Allur компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысты.

Қарағандыдағы шина өндірісі

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Татар­стан Республикасымен жан-жақты ынтымақтастық  орнатуға ерекше мән беруде. Он жеті жыл бұрын Көкше­тауда Татарстанмен бірлескен алғашқы «Камаз» кәсіпорны іске қосыл­ған болатын. Қазіргі күні ол жүк кө­ліктерін, арнайы техникаларды шы­ғарады. Бұл ынтымақтастық кеңейіп келеді. Қостанай қаласында біліктерді, ре­дукторларды шойыннан құю бойын­ша бірлескен зауыт ашылды. Бүгін шина шығаратын «Татнефть» компания­сымен бірлескен жобаны іске қосамыз. Бұл – біз үшін бірегей жоба. Шина шы­ғаратын тұңғыш өнеркәсіп екенін атап өткен жөн. Бұл өндіріс көлік өнеркәсі­бінің сұранысымен қатар, жекелеген көлікқұмарлардың сұранысын өтейтін болады. Кәсіпорын заманауи барлық талапқа толық жауап береді, – деді Роман Скляр.

Аталған зауыт өнеркәсіп өркен­деуі үшін қандай маңызды болса, моно­қа­лаларды дамытуда да сондай мәнге ие. Өйткені өндірістің толық желісі іске қосылғанда Саран қаласының мыңнан аса адамы жұмыспен қамтылады. 171 млрд теңге инвестиция құйылған зауыт Саранның индустриялық аймағында орналасқан.

Татарстан президенті Рустам Мин­ниханов зауыттың межесі жылына 3 500 млн дана доңғалақпен шектеліп қалмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, әлі де зор әлеует бар.

– Ұсынылатын жұмыстардың еңбек­ақысы жоғары және мамандар кәсіби тұрғыдан білікті. Қазақстанның нарықтағы ішкі сұранысын қамтып,  Орталық Азия және алыс шетелге экс­­портқа шығаруға мүмкіндігі бар. Қазақ­­стан біздің шетелдік серіктесіміз ретін­де қала береді. Ынтымақтастық аясы­ның кеңдігі қуантады. Біздің әлі де ауқымды жобаларымыз бар, – деді Рустам Минниханов.

Қысқа мерзімде бой көтерген зауыт мамандарын Нижнекамск қаласындағы кәсіпорындарда арнайы оқытып алды. Білікті мамандар қатары толыға түспек.

«Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов әдетте мұндай зауыт­тар­дың 50-60 ай бойы салынатынын айтады. Ал Қа­рағанды зауыты 16 айда тұрғы­зылды.

– Бұл бірінші кезең ғана. Жоспарда желілік өндірістер бар. Ірі көлемді шиналар шығару міндеті тұр. Мұның бәрі Қазақстанның инвес­ти­циялық климаты мен Қазақстан бас­шылығының қол­дауының арқасында іске асты. Біз тиімді ынтымақтастық орнатқан Қарағанды облысы, Саран қаласы әкімдіктеріне риза­шылық білдіреміз, – деді Наиль Маганов.

Инвестор өнімнің әлемдік брендтермен терезесі тең түсіп, сапа жағынан сүрін­бейтініне кепілдік беріп отыр.

Зауыт директоры Александр Смыш­ляев алғашқы шина алу арқылы техно­логиялық үрдіс бақыланып, өнімнің сынақтан өткенін мәлімдеді. Яғни құрыл­ғылардың жолға қойылып, техно­ло­гия­лардың дайындығына, құрал-жабдық­тардың толық іске қосылуына біршама уақыт керек.

– Сериялы өнім алуға барлық үрдіс іске қосылғанда қол жеткізуге болады. Ал бұл – 2023 жылдың үшінші тоқсаны. Сол кезеңде зауыт 3 500 млн шина шы­ғарады, – дейді директор.

Зауыт басшысының айтуынша, әр доң­ғалақ үш кезеңді тексерістен өтеді. Бірде-бір доңғалақ сапа инспекциясы­нан өтпейінше тұтынушыға жіберілмейді.

Бүгінгі таңда келісімшарттар жасал­ған. Өнімнің қаншасы ішкі нарыққа, қаншасы экспортқа шығатыны да есеп­теулі. Зауытқа Еуропа, Азия елдерінің озық құрал-жабдықтары жеткізілген. 9 ше­телдік жеткізуші бар. Құрылғыларды   орнату кезең-кезеңімен жүзеге асып отыр.

 

Қарағанды облысы,

Саран қаласы