Ауыр атлетика • 14 Желтоқсан, 2022

Нұрғисаның күміс медалі

198 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыр атлетикадан Колумбияның астанасы – Богота қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құра­ма ко­мандасының қоржынына тағы бір медаль түсті.

Нұрғисаның күміс медалі

96 кило салмақта күш сынасқан Нұрғиса Әділетұлы бұған дейін жастар арасындағы құрлықтық деңгейдегі жарыстарда дараланып жүрген. Осыдан екі жыл бұрын ол Ташкентте ұйымдастырылған Азия бірін­шілігінде бас жүлдені олжалаған еді. Сол бәсекеде қандасымыз басты бәсекелесі Оң­түстік Кореяның өкілі Ёнг Хуннан 36 кило артық салмақты еңсеріп, барша жанкүйердің қоше­метіне бөленді. Былтыр Нұрғиса ересектер дуы­на алғаш рет қосылғанына қарамастан Сары құрлықтың басты додасында күміс медаль иеленді. Міне, енді ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып отыр. Боготада қазақ зілтеміршісі қоссайыста 383 (174+209) кило салмақты көтерді. Бұл жарыстың бас жүлдесін бахрейндік Лесман Паредес жеңіп алды. Оның көрсеткіші – 397 (185+212) кило. Қола медаль колумбиялық Йор Мореноға бұйырды.

Осы салмақта тағы бір қазақ ауыр атлеті өнер көрсеткен еді. Бірақ Әлішер Сейіт­қазы­ның қадамы сәтті болмай, 351 (160+191) кило­лық нәтижемен ол 11-орынды қанағат тұтты.