Кеше Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің Мемлекет басшылары деңгейіндегі төртінші саммиті өтіп, оның қорытындысы бойынша Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация қабылданды.
Газетімізде бұдан бұрын хабарланғанындай, кеше Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің жоғары деңгейдегі төртінші саммиті болып өтті. Оның жұмысына Ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттердің басшылары – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Абдулла Гүл, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және байқаушы мәртебесіне ие Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов қатысты. Саммит жетістігі – құнды ұсыныстар Бұл Кеңес Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2009 жылдың 3 қазаны күні Нахычван қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен мемлекеттер басшыларының басқосуы кезінде құрылған болатын. Кеңесті құру жөніндегі келісімге қол қойылуы түркі халықтарының бірлігін нығайтуға бағытталған жалпытүркілік өңірлік бірлестіктің құрылып, нығайтылуына негіз қалады. Қазіргі күні ТМЫК-ге Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мүше болып табылады. Саммиттерде қабылданған шешімдердің орындалуын қадағалап, кездесулерді ұйымдастыру үшін Кеңестің Тұрақты хатшылығы жұмыс істейді. Хатшылықтың штаб-пәтері Ыстамбұл қаласында орналасқан. Оны 2010 жылдан бастап Түркия Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Халил Ақынжы басқарып келді. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, Бас хатшы Халил Ақынжының қызметі табысты болды. Сонымен, қазіргі күні әлемде тәуелсіздік жағдайында өмір сүріп жатқан алты түркі мемлекеті бар. Олар – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мен Түрікменстан. Демек, болашақта Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесіне Түрікменстан мен Өзбекстан да қосылуы әбден мүмкін. Біз саммит қарсаңында осы алты елдің экономика, оқу мен білім, басқа да әлеуметтік жағдайларына барлау жасап көрген едік. Ол үшін аталған елдердің түрлі халықаралық рейтингтер бойынша алып отырған орындарын зерделедік. Сонда аңғарғанымыз мынау болды. Халқының саны мен даму деңгейі тұрғысынан алғанда ең алдымен Түркияның зор тұлғасы көзге түседі екен. Сөз жоқ, Түркия – түркітілдес мемлекеттер арасында ең басты ел. Бүгінде бұл мемлекетте 72,5 миллионнан астам адам өмір сүріп жатыр. Халқының саны жөнінен алғанда екінші орындағы Өзбекстанда – 27,8 миллион, үшінші орындағы Қазақстанда – 17 миллион, төртінші орындағы Әзербайжанда – 9 миллион, Қырғызстанда – 5,5 миллионнан астам, Түрікменстанда 5,2 миллионға жуық адам тұрады. Сонда осы алты елдің өзінде ғана 140 миллионға жуық халық бар екен. Егер бастарының береке-бірлігі мықты болса, бұл үлкен күш емес пе?! Ал өз тәуелсіздігіне толық ие бола алмай, басқа елдердің құрамындағы автономиялар деңгейінде өмір сүріп жатқан түркі жұртшылығы қаншама. Солардың бәрін есептегенде, түркі жұртының жалпы саны 180 миллион адамды құрайтын көрінеді. Осыншама халықтың арасында саны шағындау көрінгенімен, ең еңселілерінің бірі – біздің Қазақстан. Мәселен, Қазақстан өзінің жер көлемі жағынан алғанда бірінші орында. Екінші орында – Түркия. Үшінші орында Түрікменстан тұр. Содан кейінгі орындар тиісінше Өзбекстанға, Қырғызстан мен Әзербайжанға тиесілі. Сонымен, түркі мемлекеттерінің аумағы шамамен алғанда планетаның 4,8 миллион шаршы шақырымына ие. Қысқасын айтқанда, түркі халықтары жерге мұқтаж емес. Егер бастары бірігіп тіршілік құрар болса, осы бір жер мен екі құрлық арасындағы тиімді географиялық орналасу факторларының өзі түркі халықтарының бірлесе дамуына зор мүмкіндіктер туғызған болар еді. Қазақстанның тағы бір мақтаныш ететіні, біздің еліміз түркітілдес мемлекеттер арасында өзінің ішкі жалпы өнімінің жан басына шаққандағы көлемі бойынша бірінші орында, алтын-валюта қорының жан басына шаққандағы көлемі бойынша да бірінші орында, білім деңгейі бойынша да жеке-дара көш бастап тұр, даму қарқыны бойынша бірінші орында, даму әлеуетінің мүмкіндіктері бойынша да бірінші орында келеді. Осының барлығы қосыла келіп, түркі жұртшылығының арасындағы біздің халқымыздың беделін арттыра түсетіні анық. Оның үстіне, соңғы бес-алты жылдың айналасында Қазақстан әлемдегі астық державаларының біріне айналды. Ет және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткішін ұдайы арттыру үстінде. Сыртқа мұнай мен газ, түсті және қара металл, сирек металдар, уран экспорттайды. Байқоңыр ғарыш кешеніне арқа сүйеген еліміздің ғарыш саласы қарқынды түрде дамытылуда. Қазақстанның осындай зор экономикалық әлеуетін алыс-беріс арқылы, өзара сауданы дамыту арқылы тиімді түрде пайдалана білу ұйым елдерінің дамуына жақсы қызмет көрсеткен болар еді. Әрине, басқа түркі елдерінде де осындай жетістіктер бар. Мәселен, туризмді дамыту ісінен Түркиядан көп үлгі алуға болады. Мұнайды құбыр арқылы Еуропаға шығаруды Әзербайжаннан үйренсе артықтығы жоқ. Ендеше, осындай артықшылықтарды ұйымдасып даму игілігіне пайдалана білудің де пайдасы мол болмақ. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының төртінші саммитін ашқан Түркия Президенті Абдулла Гүл өзінің құттықтау сөзінде ұйымның құрылу мақсатының өзі бауырлас елдердің көп салалы қарым-қатынастарын нығайтуды көздейтінін атап көрсетті. Түрік халқының «бірлік тірлікке күш береді» деген мақалын келтіре отырып, ортақ тарих пен мәдениеттің, діл мен тіл тамырластығының осы мақсатқа жетуге жақсы қызмет ете алатындығын көлденең тартты. Отырыстың басты тақырыбы туризм саласын дамыту мәселесіне арналды. Ұйым жұмысын әлі де жетілдіру қажет Саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Қазақстан Президенті өз сөзінде Түркі кеңесі халықаралық ұйым ретінде нақты нәтижелерге қол жеткізгенін және барлық мүше-мемлекеттердің игілігі үшін оның жұмысын одан әрі күшейту қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің дамуына серпін беруге тиіс төрт бағытқа назар аударды. Соның біріншісі ретінде Қазақстан Президенті түркітілдес елдердің экономикалық әлеуетін ашу мәселесін атап өтті. Тәуелсіз алты мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 1 триллион 200 миллиард доллардан асады. Сөйте тұра, Қазақстанның сыртқы сауда айналымында 5 елдің үлесі небәрі 6% ғана. Сондықтан бізге ортақ экономикалық әлеуетімізді барынша нығайтқан жөн, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Түркі әлеміне жаңа жобалар ұсынатын көлік мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына да тоқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің Қазақстандағы бөлігінің құрылысы аяқталуда. Осы жылдың соңында Түрікменстан мен Иранға қатынайтын теміржол құрылысы бітеді, ол Парсы шығанағына жол ашады. Келесі жылы Қытайдан Каспийге дейін біздің еліміздің аумағы арқылы өтетін теміржол құрылысын аяқтау көзделген. Біз Ақтау портының қуатын арттыруды да жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты Ақтау, Баку және Самсун порттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды, деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы жаңа перспективаларға жол ашып, соның арқасында түркітілдес мемлекеттердің іскер топтары Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құру арқылы 170 миллиондық нарыққа шыға алатынын айтты. Қазақстан Президенті түркі әлеміне туристерді тарту осы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетіндігіне де назар аударды. Түркі дүниесінде әлемдік қоғамдастықтың зор қызығушылығын тудыратын табиғи нысандар мен тарихи орындар жеткілікті. Бізге осы салада бірлесіп туризм инфрақұрылымын жаңғырту қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, түркі әлемінде туризмді дамыту үшін бірлесе отырып туристік өнім әзірлеп, Ұлы Жібек жолы брендін пайдалануды ұсынды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры тәрізді құрылымдардың маңыздылығын атай келе, дәстүрлі мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту қажеттігін айтты. Түркі академиясы ортақ құндылықтарымыз бен мұраларымызды зерделеу ісінде көп нәрсе жасай алады. Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттауда ТҮРКСОЙ-дың атқаратын рөлі зор. Оның белсенді қызметі бірлігімізді нығайтып, мәдени байланыстарды кеңейтуге ықпал етуде, деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев ТҮРКСОЙ және Түркі кеңесі сияқты ұйымдарда жұмыс істеу үшін ұйымға мүше-мемлекеттердің университеттерінде жас мамандар даярлау қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, ол Түркі академиясына түркі әлемі елдерінің интеграциялану жолдарын айқындау үшін бағдарлама әзірлеуге тапсырма беруді ұсынды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің келесі тақырыбына қатысты ұсыныс енгізді. Бұл орайда ол мүше-мемлекеттерде ақпараттық кеңістікті және бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, халықаралық қоғамдастыққа түркі әлемін танытатын телеарна ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Қазақстан Президенті сөзінің соңында осы отырыста Ұйым төрағалығының тізгіні Түркия Президенті Абдулла Гүлге тапсырылып отырғандығын айта келе, Түркияға Түркі кеңесінің қызметін ілгерілету жолында үлкен табыстар тіледі. Бауырлас түрік халқында «Іс болашағына тартады» деген қанатты сөз бар. Ендеше, біздің әрбір бастаған ісіміз сәтті болып, Кеңесіміздің келешегі кемелдене берсін! Өзара бірлігіміз нығая түссін, құрметті бауырлар! Түркітілдестер түгел болайық, бірге болайық! деп аяқтады өз сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Саммит барысында сөз алған түркітілдес мемлекеттер басшылары бұл жолғы басқосу және онда қабылданған шешімдер туризм саласының дамуына қосымша күш беретіндігін, осы салада Ұйымға мүше елдердің ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылын арттыра түсетіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары бойынша осындай кездесулер өткізудің маңыздылығына тоқталды. Отырыс соңында Түркітілдес елдер Ынтымақтастық кеңесінің төртінші саммитінің декларациясы қабылданып, оған салтанатты жағдайда қол қойылды. Ынтымақтастықтың негізгі қырлары Саммит аяқталғаннан кейін Қазақстан басшысы Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовпен кездесті. Осы оқиғаға орайлас екі ел арасындағы ынтымақтастық тарихына қысқаша зер салатын болсақ, Қазақстан мен Түрікменстан арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 5 қазанында орнағандығын еске аламыз. Ал саяси саладағы іс-әрекеттердің қалыптасуында 1993 жылғы 19 мамырдағы Достық қатынастар және ынтымақтастық туралы шарттың және 1997 жылғы 27 ақпандағы Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларацияның мәні зор болып табылады. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастар дамып келеді. Еліміздің кедендік статистикасының деректері бойынша, 2012 жылы өзара сауда айналымының көлемі 344,6 млн. АҚШ долларын (экспорт – 165,6 млн.; импорт – 179 млн.) құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 88,4%-ға артты. 2013 жылдың 9 айы ішінде тауар айналымы 328,4 млн. АҚШ доллары (экспорт – 126,9 млн.; импорт – 201,4 млн.) болды. 2009 жылғы желтоқсандағы Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай газ құбырының іске қосылуына байланысты отын-энергетика саласындағы ынтымақтастықтың болашағы жақсы деп бағалануда. Көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастық та жоғары қарқынмен дамып отыр. Теміржол, автомобиль және су көлігі салаларында өзара тиімді жобалар бар. 2007 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан, Түрікменстан және Иран үкіметтері арасында Өзен (Қазақстандағы ұзындығы – 140 шақырымға жуық) – Қызылқия – Берекет – Этрек (Түрікменстандағы ұзындығы – 450 шақырымнан астам) – Горган (Ирандағы ұзындығы – 90 шақырымнан астам) теміржолын салу туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Осы жолдың Қазақстан-Түрікменстан бөліктерінің ашылу салтанаты Түрікменстан Президенті Г.Бердымұхамедовтің Қазақстанға 2013 жылғы 10-11 мамырда мемлекеттік сапары барысында өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовпен осы жолғы Бодрум қаласында өткен кездесуінде екіжақты қарым-қатынастарды әрі қарай дамытудың перспективалары және Г.Бердымұхамедовтің Қазақстанға 2013 жылғы мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткен уағдаластықтарды жүзеге асыру барысы талқыланды. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды. Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, мұнай және газ, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін, сондай-ақ, шекара маңындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін қарады. Президенттер екі елдің сауда-экономикалық әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын, соған байланысты өзара тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердымұхамедов таяуда құрылысы аяқталатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралі үш елдің жүк тасымалын оңтүстік және солтүстік бағыттарда ұлғайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Түркия – еліміздің сенімді серіктесі Мұнан кейін Қазақстан басшысы Түркия Президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшылары қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін нығайтудың негізгі бағыттарын талқылады, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл «Жаңа синергия» бірлескен ортақ экономикалық бағдарламасы аясындағы бірқатар бағыттар бойынша өзара іс-қимылды арттыру мәселелерін қарастырды. Қазақстан Президенті Түркия біздің елдің негізгі экономикалық серіктесінің бірі екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев мәдени-гуманитарлық, әсіресе, білім беру саласындағы қарым-қатынасты одан әрі өрістету жайына айрықша назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің оқу мекемелерінде білім алатын жастар санының көбеюі бұл үрдістің қарқын алуына оң ықпал етіп отырғанын атап көрсетті. Ал Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 2 наурызда орнаған болатын. Екі халықтың көптеген өңірлік және халықаралық мәселелер, энергетикалық қауіпсіздік пен экономикалық өзара іс-қимыл бойынша Астана мен Анкара мүдделерінің сәйкестігіне негізделген Қазақстан-Түркия қатынастарының даму қарқыны екі мемлекет ынтымақтастығының стратегиялық сипатын көрсетеді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2003 жылғы Түркияға жасаған ресми сапарынан бастап жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасу тұрақты өтуде. Соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы 21-23 қазанда Түркияға жасаған ресми сапары екіжақты қатынастардың дамуына айтарлықтай серпін берді. Сапар бағдарламасының саяси бөлігінің өзекті тармағы – алғашқы рет қол қойылған Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарт болып табылды. Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Біздің еліміздің Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2010 жылы 1,85 млрд. долларды, 2011 жылы 3,303 млрд. долларды, 2012 жылы 4,015 млрд. долларды (экспорт – 3,229 млрд. доллар, импорт – 786 млн. доллар), ал 2013 жылы 3,496 млрд. долларды (экспорт – 2,595 млрд. доллар, импорт – 901 млн. доллар) құрады. Мәдени-гуманитарлық саладағы Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы жоғары белсенділік сипатына ие. Бұл бағытта тараптар өкілдерінің мәдени шараларға қатысуына, шығармашылық делегациялармен алмасу тәжірибесін жалғастыруға, екі ел қалалары мен аймақтары арасындағы бауырластық қатынастарды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің, Алматыдағы мемлекеттік емес С.Демирел атындағы университеттің, Жамбыл есептік-несиелік экономикалық колледжінің, №29 қазақ-түрік лицейінің, «Достық» білім беру орталығының, «Шахлан» бастауыш мектебінің қызметі білім саласындағы өзара ықпалдасудың табысты үлгісі болып табылады. Түрік тарапының бастамасымен Түркия аумағында қазақ халқының қайраткерлеріне: Абай Құнанбаевқа, Мұхтар Әуезовке, Мағжан Жұмабаевқа, Абылай ханға, Қабанбай батырға ескерткіш орнатылған. Міне, осылайша аралас-құраластығымыз жыл өткен сайын дами түскен Түркия Президентімен бұл жолғы кездесу де достық жағдайда өрбіді. Кеңестің мемлекеттер үшін маңызы жоғары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының төртінші саммитінің қорытындысына арналған брифингке қатысты. Қазақстан Президенті қарым-қатынастардың қарқынына экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық оң ықпал ететінін айта келіп, Кеңестің біздің ел мен мүше-мемлекеттер үшін маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек, ол Әзербайжан, Түрікменстан және Түркия басшыларымен болған кездесулер екіжақты өзара ықпалдастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылауға мүмкіндік бергеніне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев отырыста түрлі мәселелердің қарастырылғанын, соның негізгісі туризм индустриясын дамыту туралы болғанын атап өтті. Түркия туризм саласында жақсы ілгеріледі, біз оның тәжірибесін алу, қажетті мамандарды түрік университеттерінде даярлау жөнінде уағдаластық, деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев бірыңғай ақпараттық кеңістікті бірлесіп дамыту мәселесі осы жылдан бастап талқыланатынын айтты. Мен бүкіл әлемге түркітілдес елдер туралы, біздің мәдениетіміз бен тарихымызды баяндайтын арнайы спутниктік телеарна ашу мәселесін қарастыруды ұсындым. Сол арқылы біз мемлекетімізге назар аудартып, соның ішінде Қазақстанның индустриялық бағдарламасы туралы айтатын боламыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы отырыста талқыланған маңызды мәселенің бірі көлік және коммуникация саласын дамыту болғанын атап өтті. Ол салынып жатқан автомобиль жолдары мен теміржолдардың ел экономикасы үшін маңыздылығын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев биыл аяқталуы жоспарланған Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы өңірдегі көлік және логистика желісінің одан әрі дамуына септігін тигізетініне назар аударды. Қазақстан Президенті Түркі кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ екендігін де атап өтті. ЕАЭО-ның өзге мемлекеттердің қосылуына есігі ашық. Мысалға, Түркия және басқа мемлекеттер болашақта осы бірлестіктің қауымдасқан мүшесі бола алар еді. Бірақ бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше барлық мемлекеттердің құзырындағы мәселе болып саналады, деді Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан басшысы Армения мен Қырғызстан одаққа қосылуды жоспарлағанын, ал бірқатар өзге елдер бірлестікпен сауданы дамытуға қызығушылық танытып отырғанын айтты. Н.Назарбаев бұл ретте ұйымды одан әрі нығайту үшін жұмыс істеу керектігін атап өтті. Сонымен, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығына мүше елдер экономиканың нақты салалары бойынша бірлесіп даму бағытын ұстана бастады. Осы бағытта құнды ұсыныстар айтылды. Біздің ойымызша, бұл жолғы саммиттің басты жетістігінің бірі осы болып табылады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Бодрумнан (Түркия). Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.Алматы облысында көлік салығынан жалтарғандар анықталды
Қоғам • Бүгін, 13:34
Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенкомен кездесті
Президент • Бүгін, 13:28
Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қоғам • Бүгін, 13:05
Мереке күндері ХҚКО қалай жұмыс істейді
Қоғам • Бүгін, 13:00
Қарағандыда күдікті 14 млн теңге ұрлап, құмар ойынға жұмсаған
Оқиға • Бүгін, 12:39
Ақмолада вейп саудасы тоқтатылды
Оқиға • Бүгін, 12:36