06 Маусым, 2014

Алыс-беріс көкжиегін кеңейтетін үрдіс

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
интеграцияҚазақстан – алып армандарға қол созған ел. Бұл тек әдемі сөз емес, уақыт ақиқаты, біздің ел таңдаған жол. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы бізге әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуді міндеттейді, оған жету құрғақ сөзді емес, тың шешімдерді, жүйелі жоспарларды, межелі міндеттер мен көкжиегі кең келісімдерді, қыруар жұмысты, батыл бастамаларды қажет етеді. Ulykbanov Елбасы Н.Назарбаев идеясымен бұдан 20 жыл бұрын айтылған Еуразиялық экономикалық одақ тақырыбы қазір әбден пісіп-жетілді. Осынша жылдар ішінде зерттеліп-зерделенген жоба қазіргі таңда өмірге ену үстінде. Еліміздегі білікті экономистер мен саясаткерлердің, зия­лы қауымның бұқаралық ақпа­рат құралдарындағы одақтың Қазақ­станның тәуелсіздігіне нұқсан кел­тір­мей, экономикалық тұрғыда дамуына оң әсер ететіндігі жайлы пікірлері көңілге қонымды. Бұл туралы идея авторы да жиі айтып келеді, тіпті Ресей елінің биік мінберінде тұрып та айтқан болатын. Еуразиялық экономикалық одақ құру еліміздің экономикасын нығай­ту­ға құйылатын қаржы көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Біріншіден, 170 млн.-нан астам халықтың нарығы – үлкен тұтыну алаңы, демек қазіргі 17 млн. ғана халқы бар еліміз үшін үлкен нарық кеңістігі ашылады. Екіншіден, бұл ел тарихындағы мегажоба. Оның әсері үлкен нарық арқылы экономиканы көтеруге және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға алып келеді. Қазақстан Республикасы Статис­тика агенттігі Маңғыстау облыстық департаментінің мәліметі бойынша, 2013 жылы Кеден одағы бойынша сауда көлемі 33093,0 млн. теңге құраған, оның ішінде 3223,5 млн. теңге экспорт қаржысы болса, 29869,5 млн. теңге импорттық тауарлар бәсі. Мұның ішінде Ресей елінің алатын орны мен сауда айналымы көлемі ауқымды. Жоғарыда айтылған барлық сауда көлемінің 31 524 556, 9 млн. теңгесі Ресеймен, қалған 1 568 462,8 млн. теңгесі Беларусь елімен арадағы қарым-қатынастан құралған. Экспорт пен импорт мәселесінде де осындай көрсеткіштерге көз жеткіземіз. Жыл басынан бері де Маңғыстау облысы аталмыш елдермен біраз сауда айналымын құрап тастады, яғни Ресеймен 6 247 951, 6 млн. теңгенің, Беларусьпен 325 199, 6 млн. теңгенің тауары алмасты. Азық-түлік түрлерінің 80 пайызға жуығы сырттан тасымалданатын Маңғыстауда қазіргі таңда экспорттан гөрі импорттың қатары қалыңдау болатыны түсінікті. Маңғыстауда Беларусь елі кәсіпкер­лерімен біріккен негізде санаулы әрі 50 адамға дейін жұмыспен қамту әлеуеті бар шағын кәсіпорындар жұмыс жасау­да. Олардың арасында «Дәнекерлеу компаниясы» ЖШС, «КЕМ-КАЗ МОСТОСТАЛЬ» бірлескен кәсіпорны» ЖШС, т.б. бар. Олар техникалық құрал-жабдықтардың көтерме саудасымен, автокөліктер бөлшектерінің саудасымен және инженерлік жаб­дықтар құрылыстарымен айналысады. Ал Ресеймен арада сауда-сат­тық, кәсіпкерлік байланыс көлемді. Қазір Маңғыстауда 100-дің үстінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыс жүргізуде. Жұмыспен қамту ауқымы жағынан шағын болғанмен, қызметі мен өнімі алуан түрлі. Олардың арасында байланыс-телекоммуникация саласында, сәулет саласында жұмыс істеушілер, қабырға блоктарын өндірушілер, қара және түсті металл саудасымен айналысатындар, электротехникалық және монтаждау қызметін көрсететіндер бар. Мұнай және ілеспе газ өндіретін ЖШС мен оларға техникалық қолдау көрсететін серіктестік, банк саласының филиалы, химиялық өнімдер өндірісі, мейрамхана және азық-түлік тасымалдап-жеткізу, теңіз және жағалау жүк тасу көлігі, дизель отынын, сондай-ақ автокөлік түрлерін сату, тұрғын үй емес ғимараттар құрылысын салу, геодезикалық қызмет, компьютерлік технология бойынша кеңес беру, вакуум және ауа насостары өндірісі, азық-түлік, сусындар мен темекі өнімдерін сату, дәрі-дәрмектер түр­лерін сату секілді қызмет түрлері бар. Мұның бәрі тек құрыла салған шағын кәсіпорындар емес, шағын ұжымы мен тұтынушысы бар ұжым. Демек, кешегі Кеден одағының да, бүгінде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың да негізі өзара қалыптасып, беки түскен байланыс­тарда жатыр. Аталмыш одақ осы кеңістікті кеңейтіп, тұтынушылар нарығын ұлғайта түспек. Маңғыстау облысындағы Ресей және Беларусь елдерімен байланыс тек сауда-саттық тұрғысында ғана емес, жан-жақтылық сипатқа ие бола түседі. Бұған дейін Астрахань облысы аумағындағы Құрманғазы бабамыздың кесенесіне барып күй төгілтіп, өнер шашуын шашып келіп жүрген жерлестер үшін енді барыс-келіс, мәдени-рухани байланыс еш қиындық туғызбақ емес. Ал, Ресейдің бірнеше қалаларына және Беларусьтің астанасы Минск қаласына барып емделіп келушілер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Одақ осы сапарларға сәтті жол ашады деп ойлаймыз.

Бақыт ҰЛЫҚБАНОВ,

Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы.   Ақтау.