Бизнес • 14 Желтоқсан, 2022

Wildberries Қазақстандағы өкілдігін кеңейтуге мүдделі

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылғы 13 желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Мәскеуге жұмыс сапары аясында «Вайлдберриз» ЖШҚ бас директоры Татьяна Бакалчукпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Wildberries Қазақстандағы өкілдігін кеңейтуге мүдделі

Қатысушылар арадағы ынтымақтастықты және Ресейдің ірі маркетплейсінің Қазақстандағы бизнесін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Вице-премьер Қазақстанда электрондық сауданы дамыту үшін қызығушылық тудыруы мүмкін трансшекаралық хабтарды құру және қолданыстағы жобалар туралы айтып берді. Қолданыстағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы аумағында кеден қоймасынан басқа қоймаларын салу үшін қажетті инфрақұрылымы бар бос алаңдар бар. Перспективті жобалар қатарында Батыс Қазақстан облысында «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығын құру, ол арқылы «Бір белдеу – бір жол» және «Солтүстік-Оңтүстік» екі негізгі дәліз өтеді.

«Бұл орталық логистика мен преференциялар тұрғысынан тартымды және тиімді индустриялық-өнеркәсіптік аймаққа айналады, сонымен қатар географиялық тұрғыдан Ресейге жақын және ЕАЭО нарықтары қолжетімді болады. Бұл терминал мен қойма инфрақұрылымының қуаттылығын, өңір арқылы жүктердің транзиттік ағынын арттыруға зор мүмкіндік береді», деді Серік Жұманғарин.

Қазіргі уақытта Wildberries компаниясының қарауына Астана мен Алматыдағы екі қойма мен бір жер телімі ұсынылып отыр. 

Кездесуде Татьяна Бакальчук компания Алматы облысында көп арналы сауда орталығын салу үшін инфрақұрылым табуға мүдделі екенін атап өтті. Wildberries-тің бас директоры қазақстандық тарапқа Қазақстанда инфрақұрылымды дамытуға орын таңдау бойынша белгілі бір шешімдер қабылдауда жәрдемдесу туралы өтінішпен жүгінді.

Кездесу барысында «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова мен Татьяна Бакальчук «Қазпошта» АҚ мен «Вайлдберриз» ЖШҚ арасында ниет туралы меморандумға қол қойды. 

Келіссөздер нәтижесінде тараптар Wildberries басшылығының маркетплейс қоймаларының әлеуетті орындарымен егжей-тегжейлі танысу және ынтымақтастық шарттарын талқылау үшін 2023 жылдың қаңтарында Қазақстанға келетіні туралы келісті.