Парламент • 15 Желтоқсан, 2022

Мәулен Әшімбаев: Бүгінгідей күрделі кезеңде тәуелсіздікті нығайту – басты міндет

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заңды қабылдап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев: Бүгінгідей күрделі кезеңде тәуелсіздікті нығайту – басты міндет

Отырысты ашқан Сенат Төрағасы алдымен Тәуелсіздік күнінің маңызына тоқталып, отырысқа қатысушыларды мерекемен құттықтады.

«Тәуелсіздік күні – еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі. Бұл күн – азаттығымыз бен еркіндігіміздің символы. Шын мәнінде, еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің бәрі осы Тәуелсіздіктің жемісі. Тәуелсіздіктің арқасында біз демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудамыз. Қазір бүкіл әлем алмағайып кезеңді бастан өткеруде. Осындай күрделі шақта елдіктің іргесін бекітіп, Тәуелсіздікті нығайту – басты міндет», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қарап, қабылдады. Қабылданған заңдар елдердің құзыретті органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

«Бұл келісімдер көрші елдермен бірлесіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуды көздейді. Заң нормалары осы бағыттағы бірлескен шараларды іске асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Аталған заңдар осы саладағы өзара іс-қимылдарды жүзеге асыра отырып, көрші елдермен ынтымақтастықты арттыра түседі деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Бұл заң шетелдік инвестицияларды тарту және екі елдің инвесторларының құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Сондай-ақ Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң қабылданды. Құжатқа енгізілген жаңа нормалар соттарға деген сенімді арттыруды және азаматтық қоғамның сот ісін жүргізу рәсіміне қатысуын жандандыруды көздейді.

Жалпы, бұл заңның негізгі мақсаты – қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру. Сол арқылы қоғамның құқықтық мәдениетінің өсуі және сот төрелігінің нәтижелеріне азаматтардың қанағаттану деңгейінің артуы қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда Қазақстанда соттар алқабилердің қатысуымен тек аса ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істерді қарайды. Заңда алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын қылмыстық істер санатын ауыр және ауырлығы орташа қылмыстардың тағы 13 құрамымен кеңейтуге қатысты нормалар бар.

Осы заң бойынша пікір білдірген Мәулен Әшімбаев бұл бағыттағы жаңа нормалар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мақсатымен қабылданғанын айтты.

«Қабылданған заң алқабилер сотын одан әрі дамытуды және алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын істердің санаттарын кеңейтуді көздейді. Бұл – қоғамның сұранысына сай келетін әділетті құқық қорғау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Алдағы уақытта алқабилер соты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сотта қорғалуына қосымша кепілдік береді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.