Қоғам • 16 Желтоқсан, 2022

Өсер елдің баласы...

545 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде жаңаша ойлайтын талабы таудай жаңа ұрпақ өсіп келеді. Олар бүгінде әлемнің озық елдерінде білім алып, Қазақстанды жаңа қырынан танытып жүр. Осындай балаларды тәрбиелеуде ата-ананың рөлі айрықша екені анық. Ұлмекен Іскендірқызының тәрбиелеген балалары да шет мемлекетте білімін шыңдап, заманауи мамандықты игеріп жатыр.

Өсер елдің баласы...

 

Кейіпкеріміз Ұлмекен Іскен­дірқызы 2006 жылы отбасымен Қызылорда қаласынан Астанаға көшіп келген. Басты мақсаты – балаларының білім көкжие­гін кеңейту еді. 2016 жылы Ішкі істер органында қызмет еткен жұбайы өмірден озған Ұлмекен анаға үш баланы оқыту оңайға соққан жоқ. Төрт жоғары оқу орнын бітірген ана балаларына толымды білім беру ісіне бел­сене кірісті. Университетте, мек­тептерде мемлекет және құ­қық теориясы, тарих, әкімшілік құ­қық, қылмыстық құқық, халық­аралық құқықтан дәріс оқыды. Көшбасшылық қабілеті бар ол балалары оқитын оқу орнында да ата-аналар алқасының жетекшісі болды.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Бөзкөл ауылдық кеңесі­нің депутаты болған Ұлмекен Іскен­дірқызы туған ауылының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан. Ол орыс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген. Астанада өткен «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауы «Қайсар отбасы» аталымының жеңімпазы.

– Балаға тәрбиені, білімді не­гізінен ата-ана беруі керек. Әкем соғыс ардагері, қатал бол­­ға­нымен өте балажан еді. Біз­ді еңбекке, білімге баулыды. Анам да тазалыққа жаны құш­тар, кірпияз жан болатын. Ата-анам кедей-кепшікке көп көмек­тесті. Үйір-үйір жылқысы болды. Әкем мал сойғанда шама­лы жілігін алып, қалғанын жағ­дайы төмен отбасыларға, анам бау-бақша жемістерін мұқ­таж жандарға үлестіретін. Өмір­ге кел­генде киетін иткөйлек, бас­киімді анам қолдан тігіп, оны біз есейгенше сақтады. Мен де анам сияқты балаларымның сәби исі сіңген киімдерін сары май­дай сақтап келемін. Өйткені әр бала – өз алдына тұлға. Ал тұлғаның киімін ит, мысық тартатын шүберекке айналдырмау керек. Сондай-ақ құрсақтағы балама тағлымды әңгімелер айтып, әдемі ән тыңдатып, ертегі оқып, тіпті математика ережесін де жаттатқызатынмын. Бала оны сезеді, біледі. Бірде Иранбек ұлы­ма аяғым ауыр кезде ертегі оқып отырып тоқтап қалғаным­да, ол «тоқтатпа» деген сыңай­мен ішімді теуіп қалатын», дейді Ұ.Іскендірқызы.

111

Әулеттің тұңғышы Ботакөз Елшібекқызы – Астананың түй­дей құрдасы, 1998 жылы 10 жел­тоқсанда өмірге келген. Елорда уақыт өткен сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатса, Ботакөздің білім деңгейі де жаңа деңгейге жылдам көтерілді. Қаршадай қыздың таудай тірлігін көріп, «Тіл-көзім тасқа» дегенді сүйсіне айтасың. Ол 2010-2012 жылдары «Шүмектен аққан су­дың зияны» атты ғылыми зерт­теу жұмысын жүргізсе, 2014 жы­лы Оңтүстік Корея елінен ағыл­шын тілі, сол жылы француз тілі курсын оқып, үздік ­І дә­режелі дипломмен марапатталды. Абай оқулары жарысы­ның 1-орын иегері, Қазақстан­да, Шан­хайда өткен спорттық мара­­фонның жеңімпазы. 2015 жы­лы телеарнаға арналған «Intelleсtual-KZ» атты үш тілде жа­­зыл­ған интеллектуалды теле­визиялық жобасы авторлық құ­қықты қорғау белгісімен бекі­ген. 2018 жылы Назарбаев зият­кер­­лік Халықаралық бакалавр мектебіне қабылданады. Білім, ғылым, спорт салалары бойын­ша 300-ге жуық мара­паты бар. Республикалық, халық­ара­лық олимпиадалардан ал­ған мадақ­тамаларын санауға саусағыңыз жетпейді.

Ботакөз 10 жасында Мем­ле­кет басшысына «Ата­мекен» Қазақстан картасы» этно­мемо­риалдық кешенін экскурсия жасап таныстырды. Еліміздің тарихи жерлерін жатқа айтқанда Президент «айналайын» деп басынан сипап, батасын берді. «Ең үздік экскурсия жүргізуші-2010» байқауының жеңімпазы атанды. «Іштен оқып туған қыз» деген Ботакөз туралы фильм түсіріліп, «Қазақстан», КТК телеарналарынан көрсетілді. «Астана» журналына ол туралы мақала жарияланды. 2017 жылы ЭКСПО көрмесі кезінде келушілерге үш ай бойы «Нұр-Әлем» көрмесін қазақ, орыс, ағылшын тілінде таныстырып, халықаралық сертификатпен мадақталған волонтер атанды. Назарбаев зияткерлік мектебін жедел бітіріп, Қытайдың 6-7 жоғары оқу ордасының оқу грантын жеңіп алды. Соның ішінде Шанхай қаласындағы Қаржы және экономика университетінің студенті атанды. 2022 жылы Халықаралық Экономика және сауда, бизнес мамандығын алса, бүгінде магистратурада оқиды. Оқудан тыс уақытта халықара­лық іс-шараларға белсенді қаты­сып, көптеген жобаны жүзеге асырып жүр. Қытайда жүріп Qazaqland WeChat ақпараттық арнасын ашып, Қазақстан­ның тұмса табиғатын, еліміздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, жетіс­тік­терін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастық шақ өмірі мен тұлғалық қасиеттерін ағылшын, қытай тілінде жа­зып, шетелдіктерге насихаттайды. Бұл арнаны Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай ашқан. Туған сіңлісі Томириспен бірге жұмысын сәтті жүргізіп отыр. Апалы-сіңлі басқа елде жүрсе де қазақтың ұлттық киімдерін үстінен тастамайды.

Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы Жібек жолы сауда-сат­тығын дамыту – қаршадай қыз­дың басты мақсаты. Қытайда бос жүрмей, шетел жастарының басын біріктіріп, Шанхай жастар орталығында хаб ашқаны да бар. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, испан тілдерін жетік меңгерген Ботакөз бүгінде корей, жапон тілдерін үйреніп жүр. Ал Шанхайдағы Қытай балалары­ның Ботакөзден ағылшын тілін үйреніп жатқаны қуантады. Оны Қытай сайттары да жарыса жазды. Өйткені Ботакөздің Англиядан алған ағылшын және бизнесте сабақ беруге жарамды сертификаты бар. Тіпті Шанхай қаласының шетіндегі кедей отбасынан шыққан қытай ба­лаларына ағылшын тілін тегін үйретіп жүр. Сондай-ақ Шанхай ақпарат агенттігі қазақ қызынан сұхбат алып, Қазақстан тауарларын шетелге шығару бойынша атқарған жұмысын жоғары бағалап отыр. Қазақ қызының жат елдегі жетістіктері, шынында, жұрт сүйсінтеді.

Ұлмекен Іскендірқызының кейінгі екі баласы да тілге жа­қын болып, ағылшын тілін жетік меңгерді. Бірақ олар шет тілін мамандық ретінде таңдаған емес. 2000 жылғы ұлы Иранбек – бүгінде Алматы қаласындағы Ха­лықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ІТ және киберқауіпсіздік мамандығы бо­йынша 4-курс студенті. Ол оқу­шы кезінде Назарбаев зияткер­лік мектебінде ағылшын тілін­де білім алды. 2016 жылы әке­сі бақилық болғанда, елші бола­мын деген арманынан айнып, әке жолымен әскери адам болғысы келіп «Жас ұлан» республика­лық әскери мектебіне оқуға түсіп­ті. Онда ротаны басқарып, көпте­ген жетістікке жетті. Ағылшын тілінде жазған мақалалары басылымдарда жарияланып, фильмге де түсіп үлгеріпті.

Ал қызы Томирис мектеп жа­сынан бұқаралық ақпарат құ­ралдары арқылы көпшілік­ке танылды. «Астана» радиосында «Алақай, балақай» хабарын жүргізіп, «Үздік радио жүргізушісі» де атанды. Бұған қоса «Шетелдегі қазақ балалары» атты телебағдарламаны жүргізді. «Балапан» телеарнасында әжептәуір еңбек етіп, жастайынан көзге түсті. «Көк­ке» фильміне дубляж жасады. Қазіргі кезде әпкесі сияқты Томирис те Қытайдың Нанкин пе­дагогикалық университетінде Халық­аралық экономика және сауда мамандығының 4-курсында оқып жүр.

«Тәрбие – талбесіктен» деген­ді халқымыз бекер айтпаса керек. Асыл аналардың арқасында ұлт­тық бағыттағы ұрпақ тәрбиесі елдің ең үлкен олжасына айналары сөзсіз. Өйткені қанмен келетін қасиет саналы ұрпақ са­бақтастығын ешқашан үзген емес. Қазақтың алтын құрсақты аналары барда есіктегі басымызды төрге оздыратын әлі талай алып­тардың өмірге келері анық.