Экономика • 16 Желтоқсан, 2022

Экономикаға несие беруге не кедергі?

306 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сарапшылар «несие беру – экономикалық өсімнің басты себепкері» дейді. Рас, несие арқылы экономика өседі. Бизнесін тұралатып алмау үшін жаһандағы аса үлкен корпорациялардың өзі несие рәсімдейді. Қазақстанда экономикасын кібіртіктетіп тұрған фактор көп-ақ, соның бірі де бірегейі – несие берудің дұрыс механизмінің әлі де болса қалыптаспай тұрғандығы.

Экономикаға несие беруге не кедергі?

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

 

Ranking сарапшыларының пайымынша, кез келген мемлекетте экономиканы несие арқылы қолдаудың екі негізгі каналы бар: Бизнеске берілген кредит биз­несті құру мен кеңейтуге, өнді­ріс қуаттылығын арттырып, айна­лым қаражатын толықтыруға көмек­теседі. Халыққа берілетін кредит тауарлар мен қызметтерге деген тұтынушылық сұранысты ынталан­дырады. Халық тауар мен қызметті сатып алады, сөйтіп бизнеске кіріс алып келеді, бөлшек сауда айналымын ұлғайтады. Екі жағдай да экономиканың өсі­мін ынталандырады. Бұл ретте эксперт­тер «ондай экономикалық өсім­нің айқын мысалы – АҚШ» дейді.

«Бұл ретте Қазақстанда несие берілу деңгейі аса жоғары емес. 2020 жылғы деректерге қарап отырып өнеркәсіптік өндіріс деңгейі жоғары елдерде несиелердің жалпы деңгейі елдің ІЖӨ-сінен айтарлықтай асып кеткенін байқау қиын емес. Дания, Қытай сияқты экономикасы күшті елдерде бизнес пен халыққа берілген несие портфелі ІЖӨ-нің 112-51 және 62-121 пайызы көлемінде құбылады. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 10-16 пайыз», деп жазады Ranking. 

Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев эко­номикаға несие ұсынуға ба­сымдық беріп, халықтың көп несие алуына тосқауыл қою керек деген еді.

– Нақты экономикаға кредит беру ісін кеңейту қажет екенін бірнеше рет айттым. Бизнес қол­жетімді қаржыландыруға зәру. Менің тапсырмаммен шұ­ғыл ше­шімдер топтамасы әзір­лен­ді. Ол осы сектордағы қорда­лан­ған мәселелерді шешуге ба­ғыт­тал­ды. Атап айтқанда, зейнет­ақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқаруға беру үшін БЖЗҚ салымшыларының құқық­тары кеңейтіледі. Бұл биз­нес­ті кредиттеуге қажетті «ұзақ мер­зімді қаржы» қорын қалып­тас­­тырады. Агроөнеркәсіп кеше­ніне берілетін кредитті арттыру үшін астық қолхаты инс­титуты толықтай цифрландырылып, қай­тадан іске қосылады. Бұл агро­өнеркәсіп кешені кәсіп­орындары үшін сенімді кепіл болады. Экономиканың осы секторын әлдеқайда белсенді кре­диттеу үшін жер қойнауын пай­далану құқығына да осындай өзгерістер енгізіледі. Бұған қоса, Үкімет пен қаржы саласын реттеу органдары «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін созу мүмкіндігін қарастырған жөн деп санаймын. Әрине, бұл экономиканың тек анағұрлым басым бағыттарын қамтуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, банктер тарапынан кәсіпкерлерге несие беруге қызығушылық бар.

«Базалық ставканың жоғары болуы ақша жинау тұрғысынан оң әсер тигізіп жатыр. Заңды және жеке тұлғалардың теңгелей депо­зиті өсім көрсетуде. Бөлшек депозит портфелдің 70 пайызы теңгемен, 30 пайызы доллармен сақталған. Мұндай жағ­дай бірінші рет болып тұр. Кәсіп­керлер қазір несиені 16 пайыздан жоғары мөлшерлемемен алады, банктің минималды маржасы 3 пайыз болса, соның өзінің 1 па­йызын – провизия шығындары, тағы 1 пайызын операциялық шығындар алады да, 1 пайыз ғана пайдаға қалады. Әрине, бұл банктің кірістілігін төмендетеді, тиісінше несиеге деген ынтаны да азайтады. Біз кәсіпкерлерге кредит алыңыздар дейміз, бірақ олардың көбі қазіргі түсініксіз экономикалық жағдайды, жоғары базалық ставка кезеңін өткізіп жіберуді күтіп жүр. Өйткені елде жоғары инфляция, халықтың төлем қабілеті төмендеп жатыр. Соған қарамастан бизнесті сақ­тау керек, қолдау керек. Бір по­зитивті нәрсе бар, ол – Ресей­де­гі бизнестің Қазақстанға көші­ріле бастауы. Олардың бизнесі Қа­зақстанға келсе, біздің кәсіп­кер­лер үшін де тамаша серіктес­тер табылады», дейді банк басшысы.

Ү.Шаяхметова нақты сектор­дағы кәсіпорындарды қолдау үшін оларға жеңілдіктер жасалуы керек деген ұсыныс айтады.

«Қазір бағалы қағаз бойынша салықты көтеру туралы айтылып жүр. Егер экономиканың нақты секторындағы ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобаларды қолдағымыз келсе, онда оларды салық жүктемесінен босатайық. Әрине, оның ЖТСМ-ға қалай әсер етерін есептеп көру керек. Біз, банктер, сол кезде аталған несиені – мол инвестициялық займды экономиканы дамыту мақсатында арзанырақ бере аламыз. Бірақ бұл ретте реттеуді өзгерту керек болады. Бұл займдар AQR бойынша III кезең деп емес, I кезең деп есептелетіндей және бірден провизияның 40 па­йызы қалыптасатындай», дейді.

Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің сөзіне ден қойсақ, қазір ай сайын шамамен 30-35 мың компания ашылады.

«Жеке кәсіпкерліктің мо­биль­ді қосымшада тіркелуі қолже­тімді болғандықтан, бұл алдағы уақытта тіпті қарқын алады. Көшеге шыққанның өзінде, жаңа кафе, мейрамханалардың көбейіп жатқанын байқаймыз. Мұның өзі ірі қалаларда экономикалық белсенділіктің жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Әрине, бұл үрдістің бүкіл елге тән болғанын да қалаймыз. Дегенмен бәрі де үлкен қалалардағы үрдістен бас­тау алады», дейді М.Ломтадзе.

Бұл ретте ол миллиардтаған тең­ге несие алатын бизнесті ша­ғын және орта кәсіпкерлік ныса­ны деп айтуға қарсы екенін де жеткізді.

«Микробизнес бар, олар капитал айналымына миллион теңге көлемінде кредит алады. Жал­пы, ШОБ туралы айт­қан кез­де компанияның құры­луын, жұ­мыс орны санын, қаржы­лан­дыру көзін, бұл компания жал­ға алып отырған ғимарат­тың аумағын, олар төлеп отырған са­лық мөлшерін білу керек. Сонда ғана оның дамуына қатысты дұрыс шешім қабылдай аласың. Елімізде шағын және орта бизнес дамымай жатқаны үнемі айтылып жүр. Біз сол кезде «қане, олардың қаржылық есептілігін қарайық» деп бастама көтердік. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер несие алып жүр. Олардың салығын, басқа да қар­жылық жағдайын қарап, тексеруге болады. Портфелін қараймыз. Өз бизнесін дамытуға миллиард теңге алған адамдар бар және 10 млн теңге алған адамдар бар. Тұтынушылық кредитте де солай. 5 млрд теңге алған адамдар бар. 5 млрд теңгелік несиені қалай тұтынушылық несие деп айтуға болады? Есептілікті қарап едік, ол жерде де тым үлкен цифр­лар жүрді. Мен 100 млн теңге несие алушыларды орта бизнес деп қараймын. Ал егер 10 млн доллар алса, онда бұл – ірі бизнес. Шағын және орта бизнес жеке-жеке талданбайды, цифрын да көре алмаймыз, демек ештеңе білмегендіктен дұрыс шешім де қабылдай алмаймыз деген сөз. Сосын, есептілікте 4-5 жыл бұрын алған кредиттер, жұмыс істемейтін кредиттер көрсетілген. Бұл дұрыс емес. Кем дегенде соңғы үш жылдағы, тіпті әрбір айда берілген несиелер көрініс табуы керек», деді Kaspi.kz басшысы.

Сарапшылар ойынан ұққаны­мыз – экономикаға кредит беру тақырыбында аражігі ажыратыл­май тұрған бір емес, бірнеше мәсе­ле бар. Экономиканы дамыту үшін, алдымен экономикаға займ ұсынудың тиімді әрі жеңіл тәрті­бін қалыптастырған жөн секілді.