Кеме капитаны Иван Павловтың айтуына қарағанда, балықшылар Каспий теңізінен балық аулап келе жатқан. Кемеге 7 тонна балық тиелген. Жайық өзеніне өтуге 6 шақырымдай қалғанда, су көлігі таяз жерге тіреліп қалған. Оның мұз құрсауында тұрғанына 3 апта болған.
– Теңіз жақтан қатты жел соқса, су келетін еді. Біз сондай сәтті күттік. Өйткені таяз жерден шығып кету мүмкін емес. Күн күрт салқындап, кемеміз мұздың құрсауында қалды. Енді күн сайын таңертең мұзды ойып жүрміз. Себебі мұз қалыңдығы әртүрлі – бір түнде 5 см, кейде 3 см болады. Мұз қалыңдап, кемені қысатын болса, корпусын жарып жібереді, – дейді Иван Павлов.
Мұз құрсауындағы кемені «Амангелді» ЖШС балықшылары күзетіп жүр. Балықшылар кеменің мұз құрсауында қалуын каналдар түбінің тереңдетілмеуімен байланыстырып отыр.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметінше, Жайық өзенінде тереңдету жұмысын жүргізуге 7 млрд, Қиғаш өзені бойынша 11 млрд теңге қажет. Осыған байланысты ұсыныс та, сұраныс та тиісті органдарға, министрлікке жолданған.
Атырау облысы