Тәркіленген қарулардың ішінде АК-47 автоматы, Макаров тапаншасы, ТОЗ екі тегіс ұңғылы мылтық, ИЖ, ТОЗ, Моссберг маркалы 7 бір тегіс ұңғылы мылтық, газ-травматикалық, газ және травматикалық тапаншалар, сондай-ақ ПМ-ге арналған үш оқжатар және 345 патрон бар. Полиция қызметкерлері Жамбыл облысы ҰҚКД жедел тобымен бірлесіп Тараз қаласының шетінде бетон плитаның астынан зауыттық нөмірлері механикалық өшірiлген АК-47 автоматы, 9 мм калибрлі патроны бар Байкал травматикалық тапаншасы, 7,62 мм калибрлі 20 патрон табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар 13 желтоқсанда Байзақ ауданындағы Талас өзені көпірінің астынан скотчпен оралған газет бумасы табылды. Оның ішінде екі оқжатар және бес патроны бар 9 мм калибрлі Макаров тапаншасы табылды.
Сол күні Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылының шетінде орналасқан шаруа қожалығында 38 жастағы малшыдан 12 мм калибрлі ИЖ-18 бір тегіс ұңғылы аңшылық мылтық табылып, тәркіленді.
Барлық қаруларға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.