Қоғам • 19 Желтоқсан, 2022

Кинотеатрлар мемлекеттік тілді неге шеттетеді?

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көрермен асыға күткен әлемдік блокбастер Джеймс Кэмеронның «Аватар: Су жолы» фильмі 15 желтоқсаннан бастап жалпыхалықтық прокатқа шықты. Қуанышты еселей түскен тағы бір жаңалық – жаһан жанарын жаулаған айтулы туындының Мәдениет және спорт министрлігінің қолға алуымен қазақ тілінде дыбысталуы десек, қателесе қоймаспыз. Алайда ақсарбас айтып, бөркімізді аспанға ата қуанған бұл ғаламат сезімнің дәл премьера күні төбемізден суық су құйғандай бір-ақ сәтте түгесілерін кім білген?..

Кинотеатрлар мемлекеттік тілді неге шеттетеді?

Себеп дейсіз бе? Себебі мемлекеттік тілді қолдау мақсатында қы­руар қаржы бөлініп атқарылған жұ­­мыс­тың тағы да қазақтілді көрермен сұранысынан алшақ жатуы. Оған кинотеатрлардағы 16 жел­­тоқсанға түзілген фильм кесте­­сіне көз жүгіртіп өтсеңіз де жет­­кілікті. Алысқа бармай-ақ, елі­міз­дің бас қаласы – Астана­дағы кино­театр­лар кестесіне үңілсеңіз, «Аватар: Су жолы» фильмі­нің Тәуелсіздік күні көрсеті­летін сеансының 72-сі орыс тілінде ұсынылса, тек 2-уі ғана қазақтілді көрерменнің қалауына ыңғай­лас­тырылыпты. 

Оның өзінде біреуі стандартты билет бағасына сай болса, екіншісі VIP залда, яғни 20 мың теңге төлеп кіруге жағдайы барларға арналған. Қарапайым халықтың бүгінгі қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған қиын кезеңде қалтасынан 20 мыңын киып, кино көруге бара қоюы екіталай. Күрмеуге келмес қысқа жіп бәрібір қалауынан алшақ.

Демек қазақ тілді көрерменнің жаңа туындыны күніне бір-ақ уақытта ғана көруге мүмкіндігі бар. Ал оның барлығына бірдей ыңғайлы болуы тағы қисынға келмейтін жайт. Таңдауы тар халық амал жоқ қалауынан тыс орыс тілді көрсетілімге баруға мәжбүр. Себебі демалысқа ыңғайлы уақыттың барлығын ресми тілді сеанстар жаулаған. Бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақ­шасында белгілі журналист Кәмшат Тасболат былай деп ашына жазыпты: «Тәуелсіздік күні, 16 желтоқсанда Астанадағы кинотеатрларда «Аватар» фильмінің қазақша нұсқасы – 2 рет, ағылшыншасы – 1 рет, ал орысшасы – 72 рет көрсетіледі екен. Егер касса үшін бірінші апта қатты маңызды болса, екі реттік көрсетіліммен қалай тілді қолдаймыз? Тілдік нормаларды кино­театрларда тым болмаса 50/50 деңгейіне жеткізіңдерші деп сұраудың өзі күлкілі».

Аталған мәселені кинотеатр өкіл­деріне де төтесінен қойып көріп едік, қазақ тілді көрсетілімдерге адамның аз келетіндігін, көп жағдайда 4-5 көрермен үшін тұтас бір зал қызмет ететіндігін алға тартады. Ал кинотеатр жекеменшік кәсіп болғандықтан, шығынын ақтамайтын көрсетілімдерге сонша уақыт бөлудің қисынсыз екендігін жеткізді. Бұл пікірді журналист-блогер Белла Орынбет те қуаттады. Ол өзінің Facebook парақ­шасында: «Аватардағы» На Ви халқы айтпақшы, жатқан тастың астына су бармайды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көбіміз баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, «сыйласқанның суын іш» деп кинотеатр да бәрін көрерменге сай ыңғайластырады. Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз – отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң, ауыл аймақ болып «Аватар» фильмінің қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық! Кинотеатрларға алдын ала телефон шалып, На Ви тәрізді бәрін ана тілімізде сұрап, қазақша дубляжы нешеде, қай залда екенін анықтап, жоқ болса қосуын талап етіп, тыным бермей дабылдатайық. Әйтпесе, қазақ дубляжы суға кеткендей тал қармайды» деп үндеу тастайды.

Егер мәселенің байыбына барып, саралар болсақ, шынымен де екі тараптың да уәжі орынды. Сұраныс болса, ұсыныстың да міндетті түрде болары анық. Өйткені бұл қазақтілді көрсетілімге қатысты ­туындап тұрған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де жарыққа шыққан аударма фильмдердің маңайынан да аталған шу айналып өткен жоқ. Әр премьера сайын қызу талқыға түсіп жатады. Кинотеатрға жиі баратын көрерменнің бірі ретінде бізде де арасында қазақтілді зал мен орыс тілді залды салыстырып көруге мүмкіндік туып тұрады. Сондағы байқағанымыз – қазақтілді көрермендердің көпшілігінің, өкінішке қарай, қазақша аударманың сапасына күмәнмен қарап, орысша сеанстардың сұранысын арттыратындығы. Орысша нұсқасының көрігін қыздырып, залды лық толтыратын көрермен ортасынан шығып, қазақ тілді залға кіре қалсаң шынымен де ат шаптырым залда қадау-қадау адамның басы қылтиғанын көріп көңілің су сепкендей басылады. Демек барлығы өзімізге байланысты. Қыруар күш пен қаржы жұмсалып атқарылған ауқымды жұмысты барлығымыз бірдей қолдап, насихаттамасақ, мемлекеттік тілдің өгей күй кешкені кешкен. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, жалауын тек биікте желбірету һәм сұраныс аясын арттыру әрқайсымыздың өзіміз бен Отанға деген махаббатымызға тікелей тәуелді екені сөзсіз. Ендеше қазақша көрсетілімнен қалмайық!