Конференцияда алдымен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім саласында биыл орындалған жоспардың ретін, яғни Балалар жылында іске асқан жұмыстардың қорытындысын баяндады.
– Балалар жылы аясында қолға алынып, іске асқан жобалардың барлығы – балалардың игілігі үшін. Биыл білім беру ұйымдарында балалардың тамақтануын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. Тамақтану сапасын арттырып, құнын реттеу және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу бөлігінде Тамақтануды ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мектептегі тамақтануды қоғамдық бақылау жанданды. Апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және орын тапшылығын жою үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленді. Бағдарламаға сәйкес қалалар мен ауылдарда 401 мектеп салынады. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін «School bus» жобасы аясында шалғай ауылдардағы елді мекенде тұратын балалардың мектепке қатынауына жағдай жасап отырмыз. Биыл жаңа үлгідегі 500 автобус сатып алынды. Барлық білім беру ұйымында бейнекамера, тиісті дабыл түймесін орнату мәселелері қарастырылуда. Бұл шаруа да – біздің ерекше бақылауымызда. Қазір мектептерде мектепішілік парламенттер құрдық. Осы оң өзгеріс балалардың құқықтық, саяси сауаттылығын арттыруға ықпал етеді. Маңызды бастаманы біз әрі қарай жалғастыруымыз керек. Сол секілді «Кітапқа құштар мектеп» деген жобаны бастадық. Осылайша, балалардың дүниежүзілік әдебиеттерді мемлекеттік тілде оқуына көңіл аударып жатырмыз. Мектептерге және басқа да білім беру ұйымдарындағы кітапханаларға миллиондап қазақ, орыс тіліндегі көркем әдебиеттер үлестірілді. Бұл игіліктің барлығы Балалар жылымен шектелмейді. Үйлесімді бастамалар балалардың қауіпсіздігі, болашағы үшін жалғаса береді, – деді А.Аймағамбетов.
Биыл балалардың колледжде тегін білім алуына 130 мыңға жуық грант бөлінген. Министрлік мектептегі әлімжеттіктің алдын алу үшін психологтердің жұмысын тиімді ұйымдастыратын ауқымды жоба енгізуді көздеп отыр. Бұған қоса ерекше балаларды тегін, сапалы біліммен қамту жайы да өзекті.
Конференцияда еліміздегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин бала құқықтарына қатысты мәселелерді ортаға салды.
– Бала құқықтары БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясымен, Неке және отбасы туралы кодекспен, Бала құқықтары туралы заңмен бекітілген. БҰҰ бала құқықтары туралы конвенциясын жүзеге асыру жөніндегі міндеттерін растай келе, 2016 елде бала құқықтары туралы уәкілетті институт құрылды. Кейінгі 10 жылда ерекше қабілетті балалардың саны екі есе артқаны байқалады. Демек жол картасына сай жұмыс істеу керек. Келешекте мектептегі балалардың бір мезгіл тегін тамақтануына жағдай жасау маңызды. Себебі ата-ана балалардың бәріне бірдей жағдай жасай алмайды. Балалардың тегін тамақтануы туралы ережесін енгізуге біз де барынша жәрдемдесеміз. Сол секілді мектепке бірыңғай мектеп формасын енгізу қажет. Енгізсек, балалар арасындағы теңсіздікке жол берілмей, жеңіл өнеркәсіп, отандық өнім дамиды. Оқушы мектепте тегін тамақтанып, сапалы білім алумен қатар спортпен шұғылдануы тегін болса, кейінгі жаңа толқын балалар елдің патриоты болып тәрбиеленеді. Кейін оларды мен Отаным үшін не істей аламын деген сауал толғандырады. Балаларға қолдау көрсетіп жүрген үкіметтік емес ұйымдарға, денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау саласындағы азаматтарға алғысымды білдіремін. Бар жақсылық балаларға болуға тиіс, – дейді А.Саин.
Тағы бір жағымды жаңалық, биыл елде алғаш рет балалардың хал-ахуал индексі әзірленді. Осы жаңашылдық негізінде еліміздің әр өңіріндегі балалардың сұранысын анықтап, білімге, денсаулық сақтауға, инфрақұрылымға, зорлық-зомбылықтан қорғауға және тұрғындардың әлеуметтік ахуалын арттыруға серпін беретін ең маңызды индикаторлар таңдалған. Бір сөзбен айтқанда, балаларға жан-жақты қолдау көрсетудің тағы бір тиімді тетігі – осы.
Конференцияда БҰҰ-ның еліміздегі тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори министрліктің Балалар жылы аясында қолға алған бастамаларына оң баға берді.
– Мен бүгінгі конференцияға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл конференцияға өз қатарластарының құқықтарын қорғау бойынша жұмыс істейтін балалардың қатысқаны да өте жақсы. Елімізде балалардың әл-ауқатына ерекше назар аударылады. Балаларға салынатын инвестициялар – бұл болашаққа салынатын қаржы. Қазақстан осы бағытта нәтижелі іс-шаралар қабылдап келеді. Бала құқығына қатысты мәселелерді көре білудің өзі – балаларды қорғау бағытындағы үйлесімді жұмыстардың бастамасы. Баланың дауысы бұл – ақиқат дауысы, – дейді ол.
Ізін ала сөз сөйлеген БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) елдегі өкілі Артур ван Дизен де жас жеткіншектердің мәселесін бір жылды Балалар жылы деп бекітіп, сол уақыттың шеңберінде түбегейлі шешу мүмкін емес екенін айтады. Десе де ол елімізде балалар құқығын реттеу мақсатында ауқымды жұмыстар үйлесімді басталғанын жеткізді. Конференция барысында баяндамашылар балалардың құқығы, қауіпсіздігінен бөлек, әлеуметтік теңсіздік турасында да елдегі түйткілді мәселелерді ашып айтты.
Сондай-ақ конференцияға келген қонақтар жоғары сыныпта оқитын балалардың да ұсыныс-пікірін тыңдады.