Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, асыл азамат Қуат Есімханұлы тағдырдың жазуымен жетпіске қараған кемел шағында өмірден озған-ды. Қуат туралы сөз қозғағанда ақын Мұзафар Әлімбаевтың төмендегідей жыр жолдары ойға оралады:
«Маңқиған маңғаз дала байсалдылық,
Мылқауды да сайратардай
ой салдырып.
Далада туғандардың жаны да кең,
Жаратқан жаратылыс
жайсаң қылып».
Иә, біздің Қуат Есімханұлы да жаратылысынан жайсаң еді. Ол мәнді де, сәнді де, мағыналы да өмір сүрді. Қос анасының шуақты мейіріміне шомылып өскен Қуат бойына бар ізгілікті жинады. Батыр бабасы Малайсарының қаһармандығын қастерлеп өскен ол қайсар да қайратты, өжет, жігерлі болып өсті. Қашан да еңсесін тік ұстады. Данагөй бабаларымыздың шешендігі мен қара қылды қақ жаратын әділдігін үлгі еткен досымыз әрбір сөздің қадірін ерекше бағалайтын. Сол себепті де ойы да, сөзі де жүйрік еді. Әділдіктің туын әркез жоғары асқақтата білді.
Сарыарқаның самалымен, Ертістің ерке толқынымен, қазақтың әуезді әндерімен тербетіліп өскен ол сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі, сезімтал болды. Табиғат берген бойындағы асыл қасиеттерінің арқасында салиқалы, елге сыйлы азаматы болып қалыптасты. Жастайынан басшылық қызметке араласып, ел ішінде есейді, кемелденді. Әсіресе Керекудің Ақсу өңірінде, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында ел басқарған жылдары өміріндегі үлкен, жарқын белес болды. Кеңес кезіндегі Ермак қаласының атауын өзгертіп, ескерткішін тұғырдан тайдыруы да Есімханұлының ерлікке пара-пар еңбегі еді. Қалтқысыз қызметінің арқасында ел ішінде абыройы, беделі өсті, өзін ел қамын ойлайтын басшы, сонымен қатар нағыз ел перзенті екенін көрсеткен еді. Аталған өңірлердің елі оның атқарған істерін әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
Ол жыл өткен сайын өзінің қоғамдық белсенділігін де арттыра түсті. Өмірінде өзіндік ұстанымы, төл қағидасы қалыптасты. Солардың бірі өмірден өткен белгілі тұлғалардың есімдерін жаңарту, дәріптеу болды. Бұл бағытта атақты адамдарға ескерткіш орнатқаны, зират басына құлпытас тұрғызғаны, олар туралы кітаптар шығарғаны баршаға белгілі. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен шаруаны тындырды. Нәтижесінде, махаббаттан туындаған Естай әндерінің жалғасы іспеттес болып Қорланның зиратының басында белгітас тұр Құлындыда. Ақсұңқар Сәкен Сейфуллиннің қанатынан үзіліп түскен бір қауырсындай Аянның басында белгі тұр Арқада.
Қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітованың Жетісу жеріне келін болып түскен қадамына шашу іспеттес Қанабек екеуінің дастарқан жайған жерінде белгі тұр Жетісуда, Арқарлы асуында. Осындай Қуат қойдырған белгілер баршылық қазақ жерінде. Олардың барлығы оның жан дүниесінің байлығын, сезімталдығын көрсетеді, ұрпақтарға үлгі болады.
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан,
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан»
деп ұлы Абай айтқандай, Қуатжанның өнерге деген құштарлығы ерекше еді, содан туындаған талғамы биік-тұғын. Ол әуелетіп, мәнерлеп ән айтқанда қатты сүйсінетінбіз. Ол ән айтуды жақсы көруші еді, ал біз одан әдемі ән сұрап, өнерін тамашалауды жақсы көруші едік. Сөйтіп көңілдеріміз жарасушы еді. Иманжүсіптен «Абылай аспас Арқаның сары-ай белі» немесе «Сарыарқа менің жерім-ай, сауықшыл қайран елім-ай» деп шырқағанда, немесе Ақан серінің «Балқадишасын», Біржан салдың «Теміртасын», Естайдың «Қорланын», «Бір мысқалын», Мұстафаның «Бүркітбайын» асқан шеберлікпен орындағанда жанымызды тебірентіп, құлағымыздың құрышын қандырушы еді-ау. Ал енді «Қош аман бол, Сарыарқа, өскен жерім, кір жуып, кіндігімді кескен жерім» деп толғанғанда, осы ән досымыздың айналасымен қоштасуы іспеттес, өміріндегі соңғы әндерінің бірі болады деп кім ойлаған!
Қуаттың болмысына, өнеріне, азаматтығына сүйсінген елдің тілегін ақындар жыр арқылы білдірген еді. Өмірдегі жақын ағасы, ақын Кәкімбек Салықов:
«Бесті асау құр аттай,
Көріндің Қуат көзіме.
Құзарттан аққан бұлақтай,
Құмарттым асқақ сөзіңе»
десе, замандас досы Несіпбек Айтұлы:
«Жігіттің оза шапқан күлігісің,
Ешкімге еңкеймейсің күнің үшін.
Күні-түні қауға салса лайланбас
Шыңыраудың шымырлаған
тұнығысың» дейді.
Ал ескі досы Қорабай Шәкіров:
«Билікке араластың бала жастай,
Алпысқа келіп жеттің аспай, таспай.
Қалады ел есінде игі істерің
Өмірде өзің қойған құлпытастай» деп жырлады.
Қуат Есімханұлының жетпіс жылдығында елі үшін атқарған өнегелі істерін еске ала отырып, оның қайраткерлігі, адамгершілігі, елшілдігі жастарға жұғысты болса екен дейміз. Аллаға шүкір, Қуатжанның соңында өшпес із қалды, жұбайы Бақыт екеуі арыстай ұлдар өсірді, немере сүйді, шөберенің қолынан су ішті, май жалады. Оның есімі халық жадынан өшпек емес.
Серік АХЫМБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері