Мұндағы басты мақсат – тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту. Еліміздің мәдениетаралық жетістіктерімен бөлісу, сондай-ақ Қазақстанда тұратын этностардың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Астана қаласындағы корей этносының этномәдени бірлестігі шығармашылық ұжымдары ұйымдастырған шараға Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы тұрақты және өкілетті елшісі Ку Хонг-Сок жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, игі тілегін білдірді.
«Бұл жылы корей этносының Қазақстанға қоныстанғанына 85 жылын тойлауы маған өткенге көз жүгіртуге мүмкіндік берді. Сонау қиын-қыстау заманда тағдыр-талайымен Қазақстанға тентіреп келген корей халқын құшақ жая қарсы алып, бауырына басып, қолындағы бір үзім нанымен бөлісті. Осы бір қысылтаяң шақтағы ауыртпашылықта қол созған қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз. Қазір Қазақстан азаматы ретінде елдің дамуында иық тіресе жұмыс істеп, үлес қосып жатыр», дейді Ку Хонг-Сок.
Кешке қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, ішкі саясат басқармасының орынбасары Ләззат Құсайынова қатысты.
Қайырымдылық концертінде халықаралық байқаулардың лауреаттары «Art music» тобы, Мәскеу камералық филармониясының және Нью-Йорк қаласының «Жаңа дәуір – жаңа есімдері» жобасының солисі Тен Илона, «Салмунори» барабаншылар тобы өнер көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиналған қаржы қиын өмірлік жағдайға тап болған еңбек ардагерінің игілігіне жұмсалады.
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»