28 Мамыр, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

538 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
“БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ-2020” Бағдарламаға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар 1. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы дегеніміз қандай бағдарлама, оның басты мақсаты не? Жауап: “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы республика Президентінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндік­тері” атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген. Бағдарлама 2014 жылға дейінгі Мемлекеттік үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдар­ламасын іске асыру механизмдерінің бірі болып табылады. Бағдарламаның мақсаты экономика­ның шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. 2. Бағдарламаның іске асырылуына қанша уақыт қажет? Жауап: Бағдарлама екі кезеңмен жүзеге асырылатын болады. 1-ші кезең 2010-2014 жылдар аралығында. 2010 жыл бағдарлама міндеттемелерінің шешілуі, жаңа бизнес бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты үш бағыт бойынша іске асырылатын қанатқақты жыл болып табылады. 2011-2014 жж. міндеттемелердің шешілуі, жаңа бағдарламаларды қолдау, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқты екі бағыт бойынша іске асырылатын болады. 2-ші кезең 2015-2020 жылдар аралы­ғында жаңа бағдарламаларды қолдау, шетелге тауар шығарушыларды қолдау сияқ­ты екі бағыт бойынша іске асырылады. 3. Жобаларды іріктеу кезінде қандай саладағы кәсіпорын қызметіне басымдық берілетін болады? Жауап: “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына әлеуетті қатысушылар үшін экономиканың басым секторлары: агроөнеркәсіп кешені, кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтер, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз шығару, құрылыс материалдары мен металл емес өзге минералды өнімдер өндіру, металлургия, металл өңдеу, мә­ши­не жасау, өзге өнеркәсіп секторлары (оның ішінде өзге дайын өнімдер шығару, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа сорғызу, су жинау, өңдеу және тарату, канализация жүйесі, қал­дық­тарды жинау, өңдеу және тазарту, қалдық­тарды іске жарату, қалдықтарды жою саласында қайта культивациялау), көлік және қойма қызметі, туризм, ақ­парат және байланыс, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, білім, денсау­лық сақтау және әлеуметтік қызметтер, өнер, көңіл көтеру және демалыс, қызметтің өзге түрлерін (компьютерлерді, жеке пайдалану заттары мен тұрмыстық тауарларды жөндеу) ұсыну. 4. Кәсіпкерлерді “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша қолдау қандай бағыттар бойынша жүзеге асырылады? Жауап: Жаңа бизнес-бастамаларын қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, өнімді шетке шығаруға бағдарланған өндірістерді қолдау сияқты үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағытта мемлекеттік қолдау: жо­баларды іске асыру үшін банк кре­дит­тері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, жобаларды іске асыруға бағытталған банк кредиттері бойынша ішінара кепілдік беру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, бизнесті жүргізуде сервистік қолдау көрсету, кадр дайындау, жастар тәжірибесі және әлеуметтік жұмыс орындарын құру сияқты қызметтен тұрады. Екінші бағытта қолдау: борышкердің банктерден бұрын алған кредиті бойынша пайыздық мөлшерлемесін және жоба мақұлданғаннан кейін туындайтын бір кредит желісі аясындағы жаңа берешегін субсидиялау, борышкерге төлемақы өсімін есептеместен бюджетке (мекеме ұстап қалатын жеке табыс салығынан бөлек) салық берешегін өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыру мәселесін заңды деңгейде қарастыру, кәсіп­орын­дарды қаржы-экономикалық жағынан сауық­тыру жоспары аясында жақсарту, оның ішінде Қазақстан қор биржасында орналастырылған облигациялар бойынша ішкі кредиторлар алдындағы берешектері бойынша да іс-шаралар. Үшінші бағыт өнімдерін сыртқы рынокқа шығаратын кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Мемлекеттік қолдау банктерден бұрын алған кредиті бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау арқылы көрсетілетін болады. 5. Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау дегеніміз нені білдіреді және жаңа жобаларды іске асырушы кәсіп­керлер қандай қолдауға иек артады? Жауап: Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау дегеніміз жаңа жобаларды іске асырушы немесе жаңа жобаларды іске асыруды, сонымен қатар экономиканың басым секторларындағы өндірістерді жаңартуға және ұлғайтуға бағытталған жобаларды қолдауды жоспарлап жүрген кәсіпкерлерге жеңілдік көмек көрсетілуін қарастыратын шаралар кешені. Егер кәсіпкер осы айтылғандарға сай келетін болса, онда ол кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кредит бойынша ішінара кепілдік беру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсетілу, кадр дайындауға, жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру сияқты көмек түрлеріне қол жеткізе алады. 6. Жаңа жобалар бойынша субсидия алу шарттары қандай? Жауап: “Жол картасы” аясындағы субсидия дегеніміз бұл бюджеттен өтеусіз негізде берілетін несие бойынша сыйақы­ның бөлігі. Субсидиялау банктердің жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін берілген жаңа кредиттері бойынша, сонымен қатар экономиканың басым секторларындағы өндірістерді жаңартуға және ұлғайтуға бағытталған қолданыс­тағы жобалар бойынша жүзеге асыры­латын болады. Жаңа кредиттерге банктерден жаңа инвестициялық жобаларды, сонымен қатар экономиканың басым секторла­рын­дағы өндірістерді жаңартуға және ұлғайтуға бағытталған жобаларды іске асыру үшін 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген кредиттер де жатады. 7. Жаңа жобалар бойынша субсидия қанша уақытқа беріледі? Жауап: Жаңа жобалар бойынша суб­си­диялау мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін, кейіннен 10 жылға дейін ұзарты­луы мүмкін. 8. Жаңа жобаларға субсидия берілген жағдайдағы кредиттің ең көп сомасы қанша? Жауап: Бір кәсіпкер үшін субсидияла­натын кредит сомасы 3 млрд. теңгеден аспауы тиіс. Сонымен кредит сомасы, кәсіпкермен үлестес тұлғалардың/ком­паниялардың кредиті бойынша берешегін есепке алмағанда, әр кәсіпкерге жеке есептелінеді. 9. Пайыздар төлемі бойынша шығыстардың қандай бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі? Жауап: 2010 жылы 12%-дан аспайтын номиналды мөлшерлемесі бар кредит­терге субсидия бөлінеді, оның 7% -дан аспайтындай мөлшерін кәсіпкер төлейді, ал 5%-ын мемлекет жабады. Кредит бойынша сыйақының номи­нал­ды мөлшерлемесі 12%-дан төмен болған жағдайда, онда 5%-дың орнын мемлекет тол­тырады, ал айырмашы­лығын кәсіпкер төлейді. Егер кәсіпкер сыйақының номиналды мөлшерлемесін жылдығы 12%-ға дейін төмен­дету жөнінде банкпен келіскен жағдайда ғана 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 12%-дан жоғары мөлшерлеме бойынша берілген қолданыстағы кредиттер үшін субсидия алуға мүмкіндік болады. 10. Субсидиялау кезінде банк қандай комиссия және алым өндіріп алады? Жауап: Банк субсидиялау кезінде кредитке байланысты ешқандай комис­сия, алым және/немесе өзге төлемдер өндіріп алмайды. Тек кредиттеу шартта­рының кәсіпкердің бастамашы­лығымен өзгеруіне байланысты, кәсіпкердің кредит міндеттемелерін бұзу себебіне байла­нысты өндіріліп алынатын комиссия, алымдар және/немесе өзге төлемдерден басқа. 11. Кәсіпкер жобаға өз қаражатымен қатысуы тиіс пе және қандай мөлшерде қатысуы тиіс? Жауап: Кәсіпкер жобаның жалпы іске асырылу құнының 15%-ынан төмен болмайтын деңгейде өз қаражатымен (ақшалай) немесе 25%-ынан кем болмайтын мөлшерде мүлік түрінде жобаның іске асырылуына қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. 12. Егер жаңа жобаға кредит берілетін болса, онда кәсіпкер субсидия алу үшін қайда өтініш жасауы қажет? Жауап: Субсидия беру механизмі мынадай кезеңдерден тұрады. Кәсіпкер жаңа кредит алу үшін немесе қолданыс­тағы кредит бойынша субсидия алу ниеті туралы және субсидиялау мақұлданған жағдайда кредит сыйақысының мөлшер­лемесін төмендету туралы банкке өтініш жасайды, банк кредит беру/кредит сыйақы­сының мөлшерлемесін төмендету туралы оң шешім шығарған жағдайда, кәсіпкер жергілікті атқару органына (ЖАО), яғни үйлестірушіге (әкімдік жанындағы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына) өтініш етеді. ЖАО барлық құжат пен ақпаратты алған кезден бастап 10 жұмыс күні ішінде жобаны Аймақтық үйлестіру кеңесінің (АҮК) қарауына шығарады. АҮК субсидиялаудың мүмкін­дігі (мүмкін еместігі) туралы шешім қабылдайды, сосын АҮК отырысы өткі­зіл­ген күннен бастап, 2 жұмыс күні ішін­де хаттамамен ресімделеді және хаттамада жобасы мақұлданбаған жекелеген кәсіпкерлердің қатыстырылмау себептері міндетті түрде көрсетілуі тиіс. ЖАО АҮК хаттамасы әзірленгеннен кейін мақұлдан­ған жобалар тізбесін 2 жұмыс күні ішінде Экономикалық даму және сауда министрлігіне – (мақұлданған жобалар­дың бағдарламаның критерийлеріне сәйкестігін тексеру үшін); банктерге және “Даму” қорына (кәсіпкермен субсидия­лау шартын жасасу жөніндегі дайындық іс-шараларын өткізу үшін); ЭДСМ АҮК хаттамасы мен кәсіпкерлер бойынша (мақұлданған/бас тартылған) құжаттар пакетін алған кезден бастап, 10 жұмыс күні ішінде жекелеген жобаларды бекітеді немесе оларды құптамайды және қабыл­данған шешімді ЖАО назарларына жеткізеді. ЖАО кәсіпкер жобасының бекітілгені жайлы ЭДСМ-нен хат алғаннан кейін жобалары АҮК-пен, я болмаса уәкілетті органмен субси­диялануға мақұлданған немесе бас тарту себептерін көрсете отырып, бас тартылған барлық кәсіпкерлерді 5 жұмыс күні ішінде хабардар етеді. Банк кәсіпкер жобасының бекітілгені жайлы ЭДСМ-нен хат алғаннан кейін банк пен кәсіпкер арасында субсидиялау шарты жасалына­ды. Субсидиялау шартына қол қойғаннан кейін, банк пен кәсіпкердің қолы қойыл­ған субсидиялау шартының түпнұсқасын қарастыруы және қол қоюы үшін “Даму” қорына ұсынады. ЖАО ЭДСМ-нен хат алған кезден бастап 3 жұмыс күні ішінде “Даму” қорынан субсидия сома­сын есептей отырып, 1 тоқсан ішінде банкке төлеуге жеткілікті ақшалай қара­жатты аударуға өтінім сұратады. “Даму” қоры ЖАО-дан сауал хат алғаннан кейін кәсіпкердің кредиті бойынша банкке 1 тоқсан ішінде төленуі тиіс субсидия сомасын есептеп, содан кейін өтінім қалыптастырады және оны ЖАО-ға жолдайды. “Даму” қоры тиісті тоқсан уақыты өткенге дейін, қаражатты келесі тоқсанда банкке субсидия төлеуге аудару үшін өтінімді 15 жұмыс күнінен кешік­тірмейтін мерзімге ЖАО-ға жолдайды, ЖАО қаражатты өтінімде көрсетілген деректер бойынша “Даму” қорының шотына аударуды 3 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. “Даму” қоры кәсіпкер өзінің кредит бойынша сыйақы бөлігін төлегеннен кейін, кәсіпкердің қарыз сыйақысы бойынша шығыстарының орнын толтыру үшін, қаражатты ай сайын банкке аударып отырады. 13. Қандай жағдайда жаңа жобалар бойынша субсидиялау тоқтатылуы мүмкін? Жауап: Қаржы агенті субсидия­ланатын кредиттің мақсатсыз пайдаланы­луы, кәсіпкердің банктік қарыз шартына сәйкес төлем кестесіне сай банк алдындағы төлемдерін төлеу жөніндегі міндеттемелерін 3 ай бойы орындамау фактілері анықталған жағдайда, кәсіпкерді субсидиялауды тоқтатуға құқығы бар. Субсидиялауды тоқтату немесе қайта жаңғырту туралы ақырғы шешімді Қаржы агенті және/немесе бағдар­ламаның жергілікті деңгейдегі үйлестірушісінің өтініші негі­зінде тек уәкілетті орган ғана қабылдайды. 14. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының бірінші бағыты “Жаңа бизнес бастамаларды қолдау” аясында ішінара кепілдік алу шарттары қандай? Жауап: Кепілдік беру ішінара болып табылады және кепілдік шарты кредит сомасының 50%-ынан аспауы шарт, яғни бір өтініш берушіге 1,5 млрд. теңгеден ас­пайтындай болуы қажет. Кепілдік мөл­шері кредит сомасының 50% аспауы тиіс. 15. Қандай кәсіпорындар кредит бойынша кепілдік ала алмайды? Жауап: Үкіметтің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1344 қаулысына сәйкес мони­торинг жүргізілуі тиіс ірі салық тө­леушілер тізбесіне енгізілген металлургия секторының кәсіпорындарына кепілдік берілмейді. Одан бөлек, акцизделетін тауарларды (спирттің барлық түрлері, алкогольді өнім, құрамында кемінде 0,5 пайыз этил спирті бар сыра, темекі өнімдері, бензин (авиациялық бензиннен бөлек), дизель жанар-жағармайы, жеңіл автомобильдер (мүгедектерге арналған қолмен басқарылатын немесе адаптер арқылы қолмен басқарылатын автомо­биль­дерден басқасы), шикі мұнай, газ конденсаты) шығарумен айналысатын жобаларға кепілдік берілмейді. 16. Кредитке кепілдік беру кезінде артықшылық кімдерге беріледі? Жауап: Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкер өз қызметін бағдарламада анықталған экономика секторларының бірінде жүзеге асыруы тиіс. Жобаларды аймақтық үйлестіру кеңесі қарастырған кезде әрбір аймақ үшін экономиканың басым секторларына және жергілікті даму бағдарламаларына сәйкес, аймақ үшін мейлінше маңызды болып табылатын жобаларға артықшылық берілетін болады. 17. Кепілдік алудың шарттары қандай? Жауап: Кепілдік тек жаңа кредиттерге ғана беріледі. Кредиттің нысаналы мақсаты – негізгі қор сатып алу және/немесе жаңғырту, соның өзінде кредит сомасының 20% айналым қаражатын толықтыруға жіберілуі мүмкін. Кәсіпкер жобаның жалпы іске асырылу құнының 15%-нан төмен емес мөлшерде ақшалай немесе 25%-ынан кем болмайтын мөл­шерде мүлік түрінде жобаның іске асы­рылуына қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. 18. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының екінші бағыты бойынша “Кәсіпкерлік секторды сауықтыру” дегеніміз нені білдіреді және субсидияны қаржылай сауықтыру аясында алу шарттары қандай? Жауап: Қаржылай сауықтыру “Бизнестің жол картасының” екінші бағыты болып табылады, қолданыстағы кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесін жылдығы 12%-ға дейін сыйақы мөлшерлемесімен субсидиялау жөніндегі іс-шаралар соған сәйкес өткізіліп отырады, осы мөлшерлемеден 5%-ды мемлекет субсидиялайтын болады. 19. Қаржылық сауықтыру аясында басымдықты тәртіппен қандай жобаларға субсидия беріледі және кредит бойынша мерзімін тым ұзартып алған кәсіпкер көмек ала ма? Жауап: Субсидиялау банктердің (ма­құл­дау кезінде) бұрынғы кредиттері және жаңа берешек бойынша жоба мақұл­данғаннан кейін туындайтын қолданыс­тағы кредит желісі аясында ғана жүзеге асырылады. Өтінімді қаржылық сауық­тыру аясында 2010 жылы ғана беруге болады. 20. Қаржылық сауықтыру аясында субсидияланатын кредит сомасы қанша? Жауап: Субсидияланатын кредит сомасы бір борышкер-кәсіпкер үшін 3 млрд. теңгеден аспауы тиіс. Оның ішінде, кредит сомасы, борышкер-кәсіпкер тұлғалармен/компаниялармен үлестес кредит бойынша берешекті есептеме­генде, әрбір борышкер-кәсіпкерге жеке есептелінеді. 21. Сыйақы ставкасының қандай бөлігі қаржылық сауықтыру аясында мемлекет тарапынан субсидияланады? Жауап: Кредит бойынша сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдығы 12%-дан аспайтын кредиттер ғана субсидия­лануы тиіс, оның кемінде 7%-ын борышкер-кәсіпкер төлейді, ал 5% орнын мемлекет толтырады. 22. Субсидия борышкерлерге қандай мерзімге беріледі? Жауап: Субсидиялау мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс. КӘСІПКЕРЛІК КӨҢІЛ БӨЛСЕ ДАМИДЫ Ресейліктер бизнесті қолдаудағы қазақстандық іс-шараларға қызығушылық танытады Бұдан бұрын хабарлан­ғанын­дай, үстіміздегі жылғы 19 мамыр­да Мәскеуде “Шағын және орта бизнесті дамыту” атты ІІ іскерлік форум өткен болатын. Осы жиын­да Қазақстан экономика­сының әлемдік қаржы дағдары­сынан кейінгі даму барысы жан-жақты әңгіме арқауына айналды. “Қазақстанда дағдарыс ке­зеңін­де шағын және орта бизнесті қолдау бағытында қабылданған шараларды ТМД елдерінің бірде-біріндегі жағдаймен салыстыруға болмайды. Соңғы екі жылда дағ­дарысқа қарсы шаралар шеңбе­рінде аталған мақсаттар үшін 2,8 миллиард долларға жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде 9 мың шағын және орта бизнес субъек­тілеріне қолдау көрсетті, сондай-ақ 27 мың жұмыс орны құрылды”, деп атап көрсетті осы форумға қатысқан “Даму” шағын кәсіп­керлікті дамыту қорының төрағасы Болат Мұқышев. ТМД-ның өзге елдеріне қарағанда Қазақстанда шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдайлар жасалған. Қаржылық қысылтаяң шақта ел Үкіметі кәсіпкерлерге елеулі көмек көрсетті, деп есептейді ресейлік кәсіпкерлер. “Өкінішке қарай, Ресейде үкіметке кәсіпкерлердің сөзі өтпейді. Сондықтан бизнес өзіне керекті көмекті емес, тек үкімет ұсынған көмекті ғана ала алады. Ал Қазақстанда Үкімет кәсіпкер­лердің ұсынысын ескереді. Соның ар­қасында Астанада көптеген жаңа әрі тиімді жобалар қолға алынды”, дейді “Опора России” шағын және орта бизнестің бүкіл­ресейлік қоғамдық ұйымының президенті Сергей Борисов. “Қазақстанда қолға алынған шараларға ресейліктердің қызы­ғушылық танытуы түсінікті. Өйткені ТМД бойынша шағын және орта бизнеске Қазақстан Үкіметі ғана елеулі қолдау көрсетіп отыр. Түрлі салалардағы бизнеске соңғы екі жылда ғана 2,5 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бөлінді”, деді осы орайда Б.Мұқышев. Оның айтуынша, Ресей – жер көлемі үлкен, халқы көп алпауыт елдердің бірі. Қазақстанмен салыстырғанда ішкі жалпы өнімі де 12 есе жоғары. Соған қарамас­тан Ресейде шағын және орта бизнеске бөлінген қаржы Қазақ­станға қарағанда 3 есе кем. Оның үстіне банктер беріп отырған несиенің үстеме пайыздары да тым жоғары. “Үкіметтің қолдауымен болса да Ресей бизнесмендерінің банктен алатын несиелерінің пайыздық ставкалары 15,2 пайызды құрайды екен. Ал бізде ол 8 пайызбен беріліп отыр. 15,2 пайыз деген номиналды ставка, оған бағалау, сақтандыру ақылары қосылғанда 17-18 пайызға дейін өсіп кетеді”, деп жоғарыда айтылғандарды “Атамекен” одағы” Қазақстанның ұлттық экономи­калық палатасы­ның төрағасы Азат Перуашев те өз сөзінде растады. Ресей бизнесмендерінің өздері болса сансыз тексерулер мен себеп­сіз салықтардан көз аша алмай келеміз деп санайды. Осы орайда мәскеуліктер Қазақстанда қолға алынған “Бизнестің жол картасы” бағдарламасына үлкен қызығу­шылықпен қарайды. Дағ­дарыстан әлсіреген орта және шағын бизнестің жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама Ресейде де жүзеге асса дейді ресейлік кәсіпкерлер. “Қазақстанда ІЖӨ мен өнер­кәсіп өндірісінің өсуі байқалуда. Ал Ресейде даңғдарыс зардаптарын жою шаралары әлі талқылануда. Ресейліктер үшін бірінші кезекте “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы шеңберінде кә­сіпорындарды сауықтыру тұрғы-сында қабылданған қазақстандық шаралар қызықтырады. Әсіресе ол салықтық борыштар бойынша айыппұлдарды есептен шығарып тастау немесе ол борыштарды төлеу мерзімдерін кейінге қалдыру сияқты шараларға қатысты”, деп атап көрсетті Азат Перуашев. Оның айтуынша, өз тарапы­нан Қазақстан жағы да Ресей тәжірибесін зерттеп, танысуға мүдделі. Мәселен, субсидиялан­ған пайыздық ставка Ресейде бір­неше жылдардан бері қолданы­лып келеді. Сол сияқты несиелер­ді тиісті қорлар арқылы кепіл­дендіру тетіктермен танысудың да маңызы зор. “Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға қатысты қызғылықты да прогрессивті шаралар Ресейге қа­рағанда әлдеқайда жылдам қабыл­дануда. Біз Қазақстан Үкіметі мен кәсіпкерлердің эксперименттерге баратынын көріп отырмыз. Бізде ұлттық экономиканың ауқымды­лығына байланысты ондай экспери­менттерге қауіптенушілікпен қа­райды. Дегенмен біз Қазақстанда қалып­тасқан оң тәжірибелерден үйренуге дайынбыз”, дейді Б.Борисов. Сол сияқты ол “Атамекен” одағы” ҰЭП-пен арадағы келісім шеңберінде жиірек ақпараттар алмасып, сала бойынша да, өңіраралық  қызметтестіктерде де қарым-қатынастарды арттыра түсу қажеттігіне назар аударды. С.АЛМАСОВ. (жалғасы)