Аймақтар • 19 Желтоқсан, 2022

Алматыда ерекше суретшілердің «Көбелектер әңгімесі» атты көрмесі өтті

442 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейнелеу өнеріндегі тағдырлы қабілетті жандардың талантының танылуына қолдау көрсетіп келе жатқан Efes Art Space өнер кеңістігі Art&creative Solutions қоғамдық қорының кураторы Ольга Веселовамен бірге ерекше екі суретшінің «Көбелектер әңгімесі» көрмесімен жылды қорытындылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда ерекше суретшілердің «Көбелектер әңгімесі» атты көрмесі өтті

Бір көрме алаңына қойылған Рената Машекенова мен Елена Сережечкинаның туындылары бір бірімен тілдесіп тұрғандай көрінеді. Қылқалам құдіретімен тоғысқан екі көркемдік тәсіл бір-бірін толықтыра отырып, көрермендеріне жаңа тақырыптарды ашады. Екі суретшінің де шығармаларына ортақ тақырып – көбелек. Соншалықты нәзік көбелектердің бейнесі өзгеру мен қайта түлеудің нышаны іспетті. Көптеген мәдениеттерде көбелек – жанды білдіреді. Жігері мықты суретшілер Рената мен Елена өз картиналары арқылы ішкі әлемін ашып, көрермендерінің назары мен эмпатиясынан үмітті екендіктерін жасырмайды.

«Мен 5 жасымнан сурет сала бастағаныммен, бірақ саналы түрде бейнелеу өнеріне 16 жасымда, максимализм мен жасөспірімдер дағдарысы айқын көріне бастағанда келдім. Сурет салу сыртқы әлеммен қарым-қатынас жасау мен эмоциялар көрінісінің өзіндік әдісіне айналды. Сондай-ақ сурет салу өзімді көбірек білуге көмектесіп, дүниетанымыма белгілі бір дәрежеде әсер етті», дейді «Кішкентай адамның шындығы» жобасын ұсынған генетикалық ерекшеліктері бар психолог және суретші Елена Сережечкина.

Ал Рената Машекенова – психикалық даму ерекшеліктері бар «Действие Буквально» инклюзивті театрының әуесқой суретшісі әрі актрисасы, 9 жасынан бастап сурет салады және өзінің шығармашылығы арқылы әлем мен қоршаған ортаны бейнелейтін жұмыстар жинағын ұсынады.

«Маған менің атамның суретші екендігі ұнайтын, ол кісі интернатта сурет салудан дәріс берді. Мені бейнелеу өнеріне жетелеген де, сурет өнерімен таныстырған да атам. Маған суреттерімді елге көрсетіп, олардың таңданысы мен қолпашына ие болу маңызды болды», дейді Рената Машекенова.

Осы тұрғыдан келгенде Efes Art Space-тің қызметі сан алуан мәдени кеңістігі де назар аударуға тұрарлық. Бұл Efes Kazakhstan әлеуметтік бастамасының арқасында іске асып жатқан, Алматы үшін бірегей жаңа формат. Демалыс күндері компания қайырымдылық негізінде кеңсесінің бірінші қабатын өнер кеңістігіне айналдырады. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап мұнда ай сайын қазақстандық суретшілер мен арт-ұжымдардың көрмелері өткізіледі. Әр демалыс сайын оны қажетсінетін жандар шығармашылық воркшоптарға, шеберлік сабақтарына, өнер бойынша дәрістерге қатысып жүр.

Осылайша компания өз бастамасы арқылы қылқалам шеберлері мен талантты өнер қайраткерлерін шабыттандырып, жарқын идеяларына қолдау көрсетіп, жас таланттардың да өзін көрсетулеріне жол ашып беріп отыр.