Өнер • 20 Желтоқсан, 2022

Еуразия: өнері мен өрісі

358 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен апта аяулы Алматы шаһары мәдени мерекенің алтын ошағындай сезілді. Сонау 1998 жылы бастау алған Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі пандемияға байланысты екі жылдық үзілістен кейін Алатаудың етегіне қайта оралды. XVI маусымын ашып отырған дүбірлі дода биыл да әзелгі мақсатынан айнымай, қазақ киносын өнер және жеке индустрия ретінде дамыту, жұртшылықтың киноға деген қызығушылығын арттыру, кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.

Еуразия: өнері мен өрісі

12-18 желтоқсан күндері ара­лығында өткен кинофорум екі негізгі байқау бағдарламасын қам­тыды. Мәселен, Халықаралық бай­қаудың шеңберінде Еуразия құр­лығының аумағында кейінгі бір жылда тақырыптық һәм жанр­лық шектеулерсіз түсірілген 15 толық­метражды көркем фильм бақ сынас­ты. Ал Ұлттық бай­қау­да 2021-2022 жылдары та­қы­рыптық және жанрлық шек­теу­лер­сіз түсірілген 15 отандық то­­лық­­метражды фильмі жүл­­деге таласты. Бұдан бөлек байқаудан тыс «Ерекше оқиға» бағ­­дарламасында мерейтойлық кинолар, фестивальдің ашылу және жабылу фильмдері, түрлі дәуір­лер мен жанрлардағы әлем­дік кино қайраткерлері туын­дыларының ретроспективасы ұсы­нылды. Сондай-ақ «Жаңа есім­дерді ашу» – қазіргі заманғы қыс­қаметражды қазақстандық кино­ға арналған бағдарламасы бойын­ша 2020-2022 жылдары түсірілген жас режиссерлердің үздік 15 филь­мінің көрсетілімдері өтті. Жал­пы, кинофестивальдің түрлі бағ­дарламасына 50-ге жуық отандық және шетелдік фильм қатысты.

Кинофорум аясында түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер мен презентациялар, одан бөлек киноиндустрия майталмандарымен оқыту шеберлік сабақтары мен тренингтер өтті. Аталған іс-шараларда сала өкілдері қазақ­стандық кинематографияның өзек­ті мәселелерін талқылады, кейін қатысушылар мен сала сарапшы­лары үшін Work-In-Progress бағ­дарламасы ұйымдастырылды. Әр күн сайын оқтын-оқтын өтіп жатқан талқылау өнер дода­сының маңызын арттыра түс­кендей. Киноапталық қонақ­тары тақырыптық кештерге қатысты, ал фестиваль тарихында тұңғыш рет «Еуразия» телевизиялық күн­деліктері отандық екі телеарнадан көрсетілді.

Алматыға жұмыс сапары аясын­да Мәдениет және спорт ми­нистрі Дәурен Абаев фестиваль аясын­дағы «Ауыл» фильмінің көр­сетіліміне барды. Белгілі режиссер Серік Апрымовтың бұл туын­дысы XVI Халықаралық «Еура­зия» кинофестивалінің Ұлттық бай­қауына қатысқан еді.

Жалпы, биылғы маусымның ерекшелігі, фестивальдің арнайы жүлделерінің табысталғаны болды. Атап айтсақ, «Орталық Азия кинематографиясының дамуына қосқан үлесі үшін» жүлдесін атақ­­ты өзбек режиссері Әли Хам­раев иеленді. Ол осы кинофорум­да ха­лықаралық байқаудың қазы­лар ал­қасын басқарады. Тағы бір арнайы сыйлық – «Қазақ кинематографиясына қосқан үлесі үшін» – мәдениеттанушы және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов­ке табысталды. Одан бөлек бұл жол­ғы додаға белгілі кино саңлақ­тарынан түзілген қазылар алқа­­сы төрелік етеді. Өткен жылдармен салыстырғанда бағдарлама мазмұны да байытылып, жан-жақты сипат ала бастаған. Ұйым­­дастырушылардың айтуынша, өткен кезеңде «Динамикалы дамып келе жатқан қазақ киносы», содан кейін «Динамикалық қазақ киносы» бағдарламалары болса, қазір­гі киноматография ­ха­лықаралық байқаумен тең жеке ұлт­тық конкурс өткізуге мүм­кін­дік беретін деңгейге жетті. XVI «Еуразия» ки­нофестивалінің бас­ты ерекшелігі мен жаңалығы да осы дейді.

Бәйгеге қатысатын төрт карти­на өз елдерінен «Оскар» сыйлығы­на ұсынылған (атап айтсақ, Петр Вацлавтың «Иль Боемо», Тайфун Пирселимоглуның «Керр», Леван Кугуашвилидің «Брайтон 4-ші», Эмир Байғазиннің «Өмір»). Бұл биылғы кинофестивальдің жоға­ры дәрежеде өтіп жатқанының көр­сеткіші деуге болады.

Негізгі іс-шаралармен қа­тар Kinopark, Forum кинотеатр­ла­рын­да бірқатар фильм көрсе­тіл­­ді. Халықаралық байқаудан «Иль Боемо» (Чехия – Италия – Сло­вакия, режиссер Петр Вацлав) және «Әйел» (Қытай, режиссер Ван Чао), Ұлттық бай­қаудан – «Тау ­пиязы» (режиссер Эльдар Шибанов), «Зере» (ре­жиссер Дәурен Қам­шыбаев) және «От» (режиссер Айжан Қа­сымбек) фильмдері ұсы­­нылды. Ал «Ерекше оқиға» кон­курстан тыс бағдарламасы бол­гар режис­сері, Ұлттық байқаудың қазы­­лар алқасының мүшесі Милко ­Ла­з­а­­ровтың «Ага» картинасымен ашылды. Бұл аталым, негізінен қазылар алқасы мүшелерінің жұ­мыстарынан құралған. Атап айт­сақ, «Самарқандтағы қауынның дәмі» (реж. Әли Хамраев), «Мен әйел болған күн» (реж. Хана Махмальбаф), «Қызғалдақ» (реж. Сергей Дворцевой), «АГА» (реж. Милко Лазаров), «Хирург» (реж. Ардақ Әмірқұлов).

11

Айта кетейік, қазақстандық жас режиссерлер тұңғыш рет «Еура­зия» кинофестивалінің марапат­та­рына Ұлттық байқау аясында ­қол жеткізіп отыр. Мәселен, Ұлттық байқауға «Ақын» (реж. Дәрежан Өмірбаев), «Схема» (реж. Фархат Шәріпов), «Дос-Мұқасан» (реж. Айдын Сахаман), өзге де фильм­дер ұсынылған. Ал Халықаралық байқауда «Мәрмәр тастай суық» (Әзербайжан-Франция, реж. Асиф Рустамов), «Ешқайда апармай­­тын жол» (Өзбекстан, реж. Камара Камалова) және «Құдайдың ша­қыруы» (Эстония – Латвия – Қыр­­ғызстан, реж. Ким Ки Дук), бас­қа да фильм режиссерлері бақ та­ласты. Екі байқауда да «Үздік ре­жис­серлік жұмыс», «Үздік ерлер рөлі», «Үздік әйелдер рөлі» және қазылар алқасының арнайы жүлдесі сарапқа салынды.

Кинофестивальдің баспасөз орта­лығында өткен «Қазақстан­дық киноны дамыту векторы» тақы­ры­бындағы дөңгелек үстелде «Кинематография туралы заң», отандық киноны прокаттау және ілгерілету, копродукцияға шы­ғу және басқа да кино сала­сын­дағы кинематографистерді тол­ған­дыратын өзекті мәселелер тал­­­қыланды. Пікірталасқа қазақ­стандық продюсерлер, режиссерлер, «Қазақфильм» киностудиясы және Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығының өкіл­дері, кино саласындағы сарапшылар, сондай-ақ «Еуразия» Ха­лықара­лық кинофестивалінің қонақта­ры мен конкурсанттары қатысты. Жиын барысында «Қа­зақфильм» киностудиясының вице-президенті Серік Әбішев «Кинематогра­фия ­туралы»  заң­ға қатысты мәселе­лер­ге кеңінен тоқталды.

«Қазақ киносындағы бүгінгі жүйе өте күрделі. Мұнда ғылыми көз­қарас, зерттеу, талдау қажет. Кино туралы заң Қазақстанның бас­қа заңдарымен пысықталып, бас­қа министрліктермен байланы­сы болуға тиіс. Сонда ғана ол нақ­ты жұмыс істейтін болады», деді ол.

Ал продюсер Зарина Қисықова өз сөзінде «Кинематография ту­ралы» заң аясында жұмыс істеу­ге мәжбүр болған отандық ки­не­­матографистердің қандай қиын­дықтарға тап болатынын айт­са, Айдос Сейітжан деректі киноның мәселелерін көтерді. Отан­дық кинопрокат тақырыбы­на арналған екінші бөлімде ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов қазіргі заманғы отандық нарықтың ар­тық­шылықтары мен кемшілік­те­рі туралы егжей-тегжей баян­дап, күр­меулі проблемалардың бар еке­нін, олардың шешіліп жатқа­нын һәм мемлекет тек өндіріске ғана емес, сонымен қатар қазақстан­дық фильмдерді ілгерілетуге де көңіл бөліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2022 жылы (қа­рашаға дейін) еліміздің прокат нарығы 20 миллиард теңгеге жеткен. Салыстырмалы түрде бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жақын. Мәселен, орташа билет бағасы 1 300 теңге болғанда 15 мил­­лион билет сатылды.

«Ең қызығы, осы 20 мил­лиард­тың 40 пайызын, яғни 8 мил­лиард­қа жуығын отандық фильмдер жи­наған. Биыл прокатқа шыққан 450 фильмнің 64-і – отандық өнім. Бұл фильм­дердің жалпы саны­ның 14 пайызы және олар бізге пай­да­ның 40 пайызын берді. Бұл – үл­кен көр­сеткіш», дейді Бауыржан Шөкенов.

Ол сондай-ақ мемлекет қаржы­лан­дыратын фильмдердің пайда әкеле бастағанын ерекше атап өтті. Жергілікті нарықты дүр сіл­кін­­дірген «Дос-Мұқасан» 500 млн тең­геден аса қаржы жинап үлгеріпті.

Сонымен қатар жас режис­сер­лер мен продюсерлер кино­театр­­лардың фильмдерді көр­сету үшін қомақты қаржы сұ­рай­­тынын және мемлекеттен бұл мә­се­­ленің шешімін табуға кө­мек­­тесуін сұрады. Осы тұста кино­театрлардағы залдарды бөлу мәселесі де талқыланды.

Жиын барысында сөз алған про­дюсер Гүлнар Сәрсенова қазақ киносын халықаралық нарықтар мен фестивальдерде ілгерілетудегі тәжірибесімен бөлісті. Ол елімізде деректі фильмдер, қысқаметр­лі фильмдер мен анимация­лық фильм­дерді дамытуға көмектесе­тін жеке стримингтік платформа ауа­дай қажет екенін айтты.

Дөңгелек үстелдің ендігі бір тақы­рыбы – кинокартиналар­дың халықаралық нарыққа шығуы және копродукция. Мұнда Грузия, Франция, Болгария продюсерлері мен қазақстандық Movie Service ком­паниясының жетекшісі Анна Дармодехина өз пікірлерімен бө­ліс­ті.

Сонымен, «Еуразия» көрер­мен­дері мен қатысушылары бір апта бойы 25 елдің кинокарти­на­ла­рын тамашалады. Барлық көрсе­тілім аншлагпен өтті деу­ге де негіз бар. Фестивальдің түр­лі бағдарламаларына 50 фильм қатыс­са, оның үшеуі әлемдік пре­мье­ралар – «Ару Елена», «Боран» және «Ауыл», «Мені Иван­сыз жерлемеңдер». Одан бө­лек «Мәр­мардай суық» және «Құдай­дың шақыруы» картиналарының азия­лық премьерасы өтті.

Кинофестивальдің жабылу сал­танатында дүбірлі додада бақ сынасқан туындылардың үздік­тері жарияланды. Халықаралық байқау бағдарламасында – «Үздік фильм» – «Есімде» (реж. Ақтан Арым Құбат, Қырғызстан) «Үз­дік режиссер­лік жұмыс» – Леван Когуашвили (Brighton 4th / «Брай­тон 4», Грузия), «Үз­дік ре­жиссерлік жұмыс» – Асиф Рус­тамов («Мәрмардай суық», Әзер­байжан), қазылар алқа­сының арнайы сыйлығы – Кама­ра Камалова («Ешқайда апар­майтын жол», Өзбекстан), «Үздік актер» – Навид Мохаммадзаде (Beyond the Wall / «Қабырғаның артында», Иран), «Үздік актриса» – Шен Ши Ю (A Woman / «Әйел», Қытай), қазылар алқасының дип­ломдары – Қатай Даули, «Боран» фильміндегі рөлі үшін (Қазақстан), «Мені Иван­сыз жерлемеңдер» фильмі (реж. Любовь Борисова, Саха Республикасы), Il Boemo / «Иль Боемо» фильмі (реж. Петр Вацлав, Чехия) оза шапты.

Ал Ұлттық байқау бағдар­ла­масында – «Үздік фильм» – «Қы­зыл анар» (реж. Шәрипа Ораз­бае­ва), «Үздік режиссерлік жұмыс» – Серік Апрымов («Ауыл»), қазы­лар алқасының арнайы сыйлығы – «Отау» (реж. Әлішер Жәдігеров), «Үздік актер» – Әлихан Әбілдин («Жаздың соңы жақында») «Үздік актриса» – Ольга Ландина («Зере») ие болды. Сондай-ақ кинофес­тивальде НЕТПАК (Азия киносын ілгерілетудің халықаралық ұйымы) қазылар алқасы жұмыс істеді, олар «От» фильмін (реж. Айжан Қасымбек, Қазақстан) же­ңімпаз деп таныды. Мәдени мере­кенің салтанатты жабылуы же­ңімпаз фильмнің көрсетілімімен аяқталды.