Қоғам • 20 Желтоқсан, 2022

Саяхат салығының жөні

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі күндері туристік қоғамдастықты алаңдатқан тағы бір шетін мәселе шықты. Пандемиядан кейін әлі аяққа тұрып үлгермегенін жеткізген Алматының туристік қоғамдастығы «Bed tax» төлеміне разы емес.

Саяхат салығының жөні

«Атамекен» талдау қызметінің дерек­теріне сүйенсек, 2023 жылғы 1 қаңтар­дан бастап өңірлер «Шетелдіктер үшін турис­тік жарна төлеу қағидаларын бекі­ту туралы» Үкіметтің 2021 жылғы 5 қараша­дағы № 787 қаулысына сәйкес тұру құны­ның 5% мөлшерінде «bed tax» төлемін бекі­туді жоспарлап отыр. Мұндай ең жоға­ры «мөлшерлемені» қабылдау туралы ше­шім шетелдік туристер легінің көбе­юіне негізделген көрінеді. Керісінше статис­тикалық деректер 2022 жылдың І жартысында туристердің қонақүйлерге орналасу көрсеткіші пандемияға дейінгі 2019 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 36,7%-ға төмен екенін көрсетеді. Бұл келу туризмі әлі қалпына келмегенін дәлелдейді.

Өкінішке қарай, Алматының турис­тік қоғамдастығы жоғарыдағы қаулы­ның жобасын нарық қатысушылары ­егжей-тегжей талқылаған жоқ деп отыр. Қысқасы, кәсіпкерлер аталған қаулыны енгізудің уақыты әлі келген жоқ деп есептейді. Қала кәсіпкерлерінің пікіріне қарағанда, 5 пайыздық мөлшерлеме­мен «bed tax» енгізу тек туристердің келуін азайтпаса, көбейтуге септігі тимейді екен.

«Өздеріңізге белгілі, COVID-19-дан ең көп зардап шеккен – туризм, оның ішінде туристерді орналастыру қызметі нарығы болды. Шекаралардың жабылуы, әуе қатынасының тоқтатылуы, тур­лар мен брондаудың жаппай жойылуы, бос тұрған кездегі ғимараттарды күтіп-ұстау мен персонал жалақысын қонақүйлердің өз есебінен жабуы орасан қаржылық шығын әкелді», дейді Қазақстандық қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.

Стратегиялық жоспарлау және ре­фор­ма­лар агенттігінің Ұлттық статис­тика бюросының деректеріне көз салсақ, 2022 жылғы қаңтар-маусымда Қазақ­стан Республикасы бойынша жүктеу көр­сет­кіштері әлі де төмен деңгейде – 28,2%, Астана қаласында – 31,5%, қызмет көрсе­тілген келушілер саны – 2 971 696 адам, соның ішінде 291 984 адам резидент емес, бұл туристердің жалпы санынан резидент еместердің 9,82%-ын құрайды.

Сол сияқты «Шетелдіктер үшін турис­тік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы» ел Үкіметінің 2021 жылғы 5 қа­рашадағы № 787 қаулысымен Астана қаласының мәслихаты 2023 жылғы 1 қаң­тардан бастап 30 маусымды қоса алғанда, Астана қаласында шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесін қонақүйде орналасу құнының 5 пайызы мөлшерінде бекіткен.

«Қонақүйлер маркетинг құралы ретінде отельдерде тұру құнымен жұмыс істейді, маусым аяқталғанда бағаны тө­менде­тіп, басталғанда көтеріп отырады. Сондық­тан бұл ставканы тұруға арналған қыз­мет құны және статистикалық деректермен байланыстыру салық сомасына үнемі әсер етіп, түсінбеушілік тудырады. Оның үстіне бұл отель персоналын алаңдатып, қызметкерлер санын көбейту­ге дейін мәжбүрлейді», деді Алматы қала­сы кәсіпкерлер палатасының дирек­то­ры Айтуар Қошмамбетов.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, туристік салықты қалалық салық деп те атайды және оның өмір сүру құнына еш қатысы жоқ. Қысқасы, кәсіпкерлер елімізде туристік алымның мөлшері бекітіліп, оны есептеу қонақүй компаниясына ауыртпалық түсірмеу керек деп есептейді.

«Bed tax» арқылы жиналған қара­жат туризм инфрақұрылымын дамытуға және өңірлердегі бағыттарды ілгерілетуге жұмса­лады деп болжанған. Алайда бұл ереже қаулының соңғы редакциясынан, сондай-ақ 2023 жылға нөлдік мөлшерлеме енгізу туралы ұсыныстан кейін алынып тасталды.

Осы түйткілге байланысты Алматы турис­тік нарығы туристік салықтың мақ­саты ашық болуы керегін алға тартып, төмендегідей тетік­тер әзірлеу қажет деп есептейді. Яғни турис­­тік салықты алудың қарапайым, түсі­нікті тәсілі болуы керек. Және туристік салық­тың қара­жаты қан­дай мақсаттарға бағыт­талға­нын бақылап отыру қажет. Оған қоса турис­тік алым­ның қаржылық ресурстарын тек туризм­ді дамытуға бағыттап, туристік нарыққа қатысушылардың Қазақстанды туристік бағыт ретінде жарнамалауға және наси­хаттауға жұмсайтын шығындарын жабу­ға тиіс.

«Туристер ағыны әлі қалпына келген жоқ, оған қоса туристік алымды енгізу мақ­саттарына қол жеткізу үшін норма­тив­тік негіз­дің жоқтығы да ескерілмеген. Сон­дық­тан 2023 жылға нөлдік ставканы бекітіп, Ше­тел­дік туристер үшін турис­тік жарнаны төлеу қағи­даларын қайта қа­­рау­ды келесі жылға қал­дыруды сұрай­мыз», ­деді Рашида Шайкенова.

Орайы келіп тұрғанда, қазір Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы жанынан Туризм саласындағы жаңа комитет жұмыс істеп жатқанын еске сала кетейік. Қала туризмін дамытуды көздейтін бұл алаң­да салалық даму бағдарламалары, инвес­тициялық жобалар, әдіснама, өңіраралық және сала­ара­лық ынтымақтастық мәселелері, сала­ның түйткілді мәселелерінің тізілімі тал­қы­ланады.

 

АЛМАТЫ