Сеулдегі Азия чемпионатының жеребесі Қазақстан қыздары үшін қолайсыз түсті. Жапония, Қытай сияқты құрлықтағы ең мықты ұжымдармен бір топқа түскен Қазақстан құрамасы Таиланд, Гонконг сияқты командаларды ұтқанымен, Жапония мен Қытайға қарсы тұра алмады. Жапония – бұған дейін Азия чемпионы деген атақпен қатар, үнемі финалға шығып жүрген команда.
Қытай құрамасы да осал емес. Азия чемпионатында 16 (!) мәрте жүлде алған шығыстағы көршілеріміз биылғы жарыстың қорытындысы бойынша жүлде санын 17-ге жеткізді.
Десек те, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының алғашқы ойынында дәл осы Қытай құрамасына айтарлықтай төтеп берді. Тіпті кейбір ойын сәттерінде бойжеткендеріміз есепте алға шыққан еді. Өкінішке қарай, Берік Бекназаровтың шәкірттері өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмай, қарсыластарының есепте алға шығуына жол беріп қойды.
Жалпы, Азия чемпионаты барысында Қазақстан құрамасы сапында Жанерке Сейітқасым, Дана Әбілдә, Вероника Хардина, Камила Серікбаева, Ирина Барановская, Арайлым Әбдіхамит өте жақсы өнер көрсетті. Мәселен, Қытаймен өткен алғашқы матчта Вероника Хардина 8 доп соқса, Дана Әбілдина 6 рет қарсылас қақпасын дәл көздеді.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша 5 команда келесі жылы өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Олар – Қазақстан құрамасы және үздік төрттікке кірген Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай және Иран құрамалары.
Өткен аптада Оңтүстік Корея құрамасы финалда Жапонияны қосымша уақытта жеңіп (34:29), Азияның 16 дүркін жеңімпазы атанды. Қола жүлде Иранды 39:24 есебімен ұтқан Қытай еншісінде.
Әлем чемпионатын келесі жылы Дания, Швеция және Норвегия құрамалары бірігіп өткізеді. Бүгінде әлемдік жарысқа қатысатын 32 команданың 17-сі белгілі болды. Атап айтсақ, жарыс қожайындарынан бөлек, Франция, Черногория және Нидерланд құрамалары Еуропа чемпионатының қорытындысы бойынша жолдама алды. Африка аймағының үздік төрт командасы қараша айының 20-ында анықталды. Олар – Ангола, Камерун, Конго және Сенегал құрамалары. Америка аймағының қос мықтысы Бразилия мен Аргентина да әлем чемпионатына қатысатын ұжымдарға қосылды. Келесі жылдың көктемінде Еуропа чемпионатының екінші іріктеу ойындары өтеді. Ол жерде 10 команда белгілі болады. Ал қалған бес команданы Халықаралық гандбол қауымдастығы өздері ұсынады (wild card).
Азия чемпионатының нәтижелері
Топтық ойындар
А тобы
1-тур. Үндістан – Иран – 35:43; Оңтүстік Корея – Аустралия – 48:9;
2-тур. Өзбекстан – Иран – 32:35; Үндістан – Оңтүстік Корея – 8:38;
3-тур. Үндістан – Өзбекстан – 28:22; Иран – Аустралия – 43:15;
4-тур. Аустралия – Үндістан – 30:42; Өзбекстан – Оңтүстік Корея – 21:41;
5-тур. Аустралия – Өзбекстан – 26:36; Оңтүстік Корея – Иран – 41:11;
Турнир кестесі
В тобы
1-тур. Қытай – Қазақстан – 28:26; Таиланд – Жапония – 9:44;
2-тур. Гонконг – Қазақстан – 24:28; Қытай – Жапония – 26:29;
3-тур. Қытай – Гонконг – 36:21; Қазақстан – Таиланд – 30:24;
4-тур. Таиланд – Қытай – 13:36; Гонконг – Жапония – 7:42;
5-тур. Таиланд – Гонконг – 24:20; Қазақстан – Жапония – 21:33;
Турнир кестесі
Плей-офф
Жартылай финал. Оңтүстік Корея – Қытай – 34:16; Жапония – Иран – 43:19;
9-10-орын үшін. Аустралия – Гонконг – 26:28;
5-8-орын үшін. Үндістан – Таиланд – 37:25; Қазақстан – Өзбекстан – 30:28;
7-8-орын үшін. Таиланд – Өзбекстан – 39:35;
5-6-орын үшін. Қазақстан – Үндістан – 42:31;
3-4-орын үшін. Қытай – Иран – 39:24;
ФИНАЛ. Оңтүстік Корея – Жапония – 34:29 (27:27) қосымша уақытта.
Жалпы, әлем чемпионатына кез келген команда топ етіп түсе салмайды. Іріктеу ойындарының өзі қажырлы еңбекті қажет етеді. Оны еліміздегі баскетбол, волейбол, футбол сияқты командалық спорт түрлерінің іріктеу сайыстарынан көріп жүрміз. Сондықтан гандболшы қыздарымыздың Азия құрлығынан бесінші орын иеленіп, әлемдік жарысқа жолдама алып жатқанының өзі – біз үшін үлкен жетістік.