Әдебиет • 20 Желтоқсан, 2022

«Елтаным» кітабы екінші рет басылып шықты

582 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі ақын, жазушы-публицист, мемлекет және қоғам қайраткері, рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлының «Елтаным» кітабы екінші рет басылып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елтаным» кітабы екінші рет басылып шықты

Аталған кітап Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және архив ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрді.

Бұл 2005 жылы шыққан, оқырман қауымның ерекше ықыласына бөленген, рәмізтану саласындағы аса құнды еңбектің екінші басылымы. Алғашқы басылым шыққаннан бері өткен жылдар ішіндегі елімізде, әрі әлем мемлекеттерінде орын алған өзгерістер ескеріліп, кітапта берілген кейбір ақпарат сәйкесінше жаңартылып, толықтырылды.

Ел - ұлттық дүниетанымымыздағы ұлы ұғымдардың бірі. Арғықазақ сөзінен бастап бүгінге шейін еш өзгеріссіз қауым, қағанат, ел-жұрт, Отан, мемлекет мағынасында қолданылып келеді. Елдік мінез, елдік дәстүр, елдік мұрат, елдік намыс, елжандылық, отаншылдық тәрізді рухани құндылықтардың өзегі де осы сөз, осы ұғым.

Кітап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері туралы жан-жақты ғылыми-көркем пайымдау арқылы замандастарымыздың бойында мемлекеттік мұраттарға адалдық, елдік аңсарларға сүйіспеншілік және отаншылдық сезімдерін оятуға бағытталған. Тілі - шұрайлы, ділі - таза, діңі - мықты. Елдігімізге қатысты кең мағлұмат беретін терең интеллектуалдық еңбек деп бағалауға лайық туынды. Жүрек қайнарында суғарылған сезім сөзі ретінде ажарлы һәм әсерлі.

Тәуелсіз Қазақстанның нығайып, дамуы үшін тыным таппай еңбек еткен, Мемлекеттік рәміздеріміздің дүниеге келіп, қабылдануының басы-қасында болған белгілі ақын, жазушы-публицист, қоғам қайраткері, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтың бұл бағалы еңбегі студенттер мен оқушыларға, педагогтерге, саясаттанушыларға, рәмізтанушыларға, жүрегі елім деп соққан барша оқырман қауымға арналған.