Үкімет • 20 Желтоқсан, 2022

Үкімет геологиялық саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасын мақұлдады

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет геологиялық саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасын мақұлдады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлауға инвестиция тарту үшін жағдай жасау. Сонымен қатар саланың негізгі проблемаларын шешу үшін келесі төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр: 1) жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толықтыру; 2) геология саласын цифрландыру және ақпараттандыру; 3) ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету; 4) инфрақұрылымды дамыту.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Тұжырымдама шеңберінде жер қойнауын пайдалану саласында лицензиялар алу жөніндегі рәсімдерді барынша жеңілдету, инвесторлар мен уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы бизнес-процесті автоматтандыру, қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензиялар беру процесінің «ашықтығын» қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Әрі қарай осы тақырып бойынша Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдап болған Премьер-Министр Қазақстан минералдық-шикізаттық ресурстардың саны мен түрі жағынан әлемде жетекші орындардың қатарында екенін, алайда соңғы жылдары пайдалы қазбалардың көптеген түрі бойынша жаңа қорларды ашу жұмыстары мардымсыз жүріп жатқанын атап өтті. Мысалы, таяу онжылдықта Шығыс Қазақстанда Орлов, Малеев, Тишинское және Риддер-Сокольное сияқты ірі металл кен орындары игеріледі. 

«Өнеркәсіптік шикізатқа сұраныстың өсуі жаңа кен орындарын іздеп-тауып, минералдық-шикізат базасын кешенді дамытуды талап етеді. Осыған байланысты геологиялық барлау саласына инвестициялар тарту үшін тиісті жағдай жасау қажет», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету мақсатында Ұлттық геологиялық қызмет құрылды, KAZNEDRA ақпараттық платформасы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр және жер қойнауын пайдалану саласында нормативтік-құқықтық база түбегейлі өзгерді. Бұл жер қойнауы мен геологиялық ақпараттың барынша қолжетімді болуына, кен орнын ашқан компаниялардың оны әрі қарай игеру үшін құқықтарын қорғауды күшейтуге және барлық процедураны айтарлықтай жылдамдатуға мүмкіндік берді.

«Бүгін қаралып отырған Тұжырымдама жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа шаралар ескеріле отырып, әзірленді. Онда саланы цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру сияқты саланы дамытудың басым бағыттары көрініс тапқан», деді Премьер-Министр. 

Ұсынылған тұжырымдама бойынша дауыс беру рәсімі өткізілгеннен кейін Әлихан Смайылов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оған енгізілген бастамалардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.