Қоғам • 20 Желтоқсан, 2022

Халықтың инвестициялық мәдениетін қалыптастыру керек - сенаторлар

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Қазақстан қор биржасын (KASE) дамыту және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің акцияларды бастапқы жария орналастыруға (IPO) шығару мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықтың инвестициялық мәдениетін қалыптастыру керек - сенаторлар

Кездесуде отандық қор нарығын, оның ішінде бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын дамытудың, институционалдық және бөлшек инвесторларды тартудың, Қазақстан қор биржасы қызметінің өзекті мәселелері талқыланды. Сенаторларға сондай-ақ IPO өткізудің алдын ала қорытындылары және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің акцияларды жария орналастыруға шығару жоспары туралы айтылды.

Комитет төрағасы Дәурен Әділбеков кездесу барысында Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың алдына отандық қор нарығын белсенді дамыту міндетін алға қойғанын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің азаматтары ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып, дивидендтер алуы тиіс екенін атап өтті. Бұл халықтың инвестициялық мәдениетін қалыптастыру және IPO-ға қатысудың қолжетімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Ұлттық компания активтерін бәсекелестер ортасына шығару мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуға мүмкіндік беретіні белгілі. Мұндай шаралар ұлттық компанияларға деген сенімді арттырады және олардың дамуына ықпал етеді деп санаймын», деді сенатор.

KASE өкілі өз кезегінде биржаның 4 нарыққа қызмет көрсететіні туралы парламентшілерге айтып берді. Олардың ішінде қор, ақша, валюта және туынды құралдар нарығы бар. 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бүкіл нарықтағы сауда-саттықтың жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 59%-ға өсіп, 235,5 трлн теңгені құрады. 

Қазіргі уақытта KASE-де мәміле жасасу үшін жарты миллионнан астам қазақстандықтың инвестициялық шоты бар екені де айтылды. Олардың биржа акциясындағы сауда-саттық үлесі шамамен 50% құрап отыр. Бұл ретте 2022 жылдың 11 айында нарықты 22,6 трлн теңгеге капиталдандыру кезінде KASE-дегі акциямен сауда-саттық көлемі 108 млрд теңгені құрады.

Кездесуде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ, «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері де баяндама жасады.