Оқиға • 21 Желтоқсан, 2022

Нұртілеу нақыштары

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бай-қуатты болайық» деп халқының жүрегіне жол салған жампоз журналист Нұртілеу Иманғалиұлын білмейтін қазақ жоқ шығар! Ақпарат саласының қара нарына айналған бірегей тұлға көзі тірісінде ел руханиятына сүбелі үлес қосып, ұлт тележурналистикасының қалыптасуына бар қажыр-қайратын жұмсады.

Нұртілеу нақыштары

Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков

Теледидардың алдында Иман­ғалиұлын көруге жиылатын жұрт. Соның бәрі кеше ғана сияқты еді. Терсіңді еңбек, телегей тер шүмектетіп еңбек еткен ол мұхит бауырынан маржан сүзгендей мыңжылдықтардан бергі құндылықтарды журна­лис­тік қарымы мен дарынына ұштастырып, ұлт перзентіне айналды. Ғасыр қалыптастырған, жыл­дар сомдаған тұғырлы тұл­ғалар сапынан осылайша ойып орын, теуіп тұғыр сайлаған Нұр­тілеу Иманғалиұлының туға­нына 70 жыл толуына орай «Бай-қуат­ты болайық!» көрмесі ұйым­дастырылды.

Арқа төсіндегі ажарлы Аста­на­мыздан бастау алған игі­лік­ті іс-шараның жалғасы Семей, Шымкент, Атырау, Ақтауда өт­кен болатын. Талдықорған қала­сындағы М.Тынышпаев атын­дағы тарихи-өлкетану музе­йін­де жыл бойы өткен көрме­нің қо­рытындысы ретінде ұйым­дас­тырылған іс-шара шымылдығын Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтау сөзбен ашты.

«Нұртілеу ағамыз журналис­тика саласында лайықты орны бар, өзіндік сүрлеу-соқпағын қа­лыптастырған кәнігі маман болатын. Оның есімі ел арасында айтылса болды, қалың жұртшылық Нұртілеу Иманғалиұлының өзі жүргізген телевизиялық туынды­ларын «Бай-қуатты болайық!» деп аяқтайтынын бірден еске алып жатады. Оған да негіз бар. Себебі болмыс-бітімі осы ұғыммен әб­ден астасып тұратындай еді. «Бет­пе-бет», «Қолтаңба», «Дің­гек», «Көр­шілер», «Заң сөйле­сін», «Nur-Tiley» секілді автор­лық хабар­лары көрерменнің үз­бей көретін бағдарламаларына айналды. Сол арқылы халық­тың сүйіспеншілігіне бөленіп, алғы­сын арқалады. Өмірінің соңына дейін Қазақ телевизиясының тұтас бір буынын тәрбиелеп, жур­налистиканың дамуына өлшеу­сіз үлес қосты десем, артық айт­қандық емес», деген өңір басшысы өз кезегінде әріптес болып қызмет еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті.

Жампоз журналистің адам­гер­шілік қасиетін, парасаты мен биік ұстанымын әңгімеге ар­қау етті. Сонымен қатар Нұртілеу Иманғалиұлының зайы­бы Қарлығаш Советбекқызы мен көрмені ұйымдастыруға атса­лысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Амантай Берғалиевке Алғысхат табыс етіп, иығына зер­лі шапан жапты.

Жетісу облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама бас­қармасының қолдауымен және М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайының бастамасымен өткен бұл көшпелі көрмеге барлығы 200 экспонат қойылған. Нұртілеу Иманғалиұлының көзі тірісінде пайдаланған жеке заттары, жұмыс құралдары, спортта жеткен жетістіктері, қызметтік куәліктері, кітап, сағаттары сынды жеке заттары көрермен назарына ұсынылды.

Жиында Атырау облы­сы­ның Құрметті азаматы Амантай Берғалиев, тұлғаның зайыбы Қарлығаш Советбек­қы­зы, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, «Қабанбай батыр» қорының төрағасы Камал Абдрахманов сөз сөйлеп, бірегей тұлғаның ғибратты ғұмырынан сыр шертті. Ал жетісулық ақын Зирагүл Нұр­данбекқызы кемел ойлы журналистке арнаған өлеңін оқыды.

Айта кетсек, аталған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары 30 желтоқсанға дейін тамашалай алады. Сонымен қатар тұлғаның есімін туған жерінде мәңгілік қалдыру мақсатында келесі жыл­дан бастап игілікті істер қол­ға алынбақ. Алдымен майтал­ман журналистің өмірі мен шығар­машылығы туралы толымды кітап жоспарда тұр.

 

Жетісу облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20