Әдебиет • 21 Желтоқсан, 2022

Тарихи аналар бейнесін сомдаған

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дала сыры дәуірлердің мұңы мен жыры, адамзаттың үні арқылы әспеттеліп жатса, ел мен жер тарихындағы аналар рөлін қайда қоясыз? Осынау ұлы даладағы ұлағатты ұрпақты дүниеге әкеліп қана қоймай, бағып-қағып жеткізуші, махаббат пен мейірім сыйлау­шы, керек кезде елдік пен ерліктің туын көтерген аналар бейнесінің тұтас галереясын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Шәрбану Бейсенованың шығармашылығынан көре аламыз.

Тарихи аналар бейнесін сомдаған

Бұған дейін қаламгердің «Ұлы дала арулары» сериясымен шық­қан «Сүйінбике», «Бозоқ аруы», «Ұрпағына ұран болған аналар» атты кітаптары оқырмандарына жол тартқанын білеміз. Аталған еңбектердің жалғасындай кезекті кітабының тұсаукесер рәсімі мен таныстырылымы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің кітапха­насында өт­ті. Көпшілікке таныс­тырылған «Айымдар жоқшысы» кіта­бының авторы Шәрбану Қонақбайқызы – қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлемі тарихында айрық­ша орны бар ұлы аналарымыз бен қай­раткер ханымдар тұлғасын тасқа қашап келе жатқан қаламгер. Ұлы дала төсінде ұлағатты ту еткен әйел-аналар есімдерін тарихқа алтын әріппен жазушы биыл мерейлі 75 жасқа толып отырғаны және бар.

Автордың қос бірдей қуаны­шын алқалап келген Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, ақын Несіп­бек Айт­ұлы, белгілі айтыскер ақын Егеухан Мұқамәдиқызы, Мем­лекеттік сыйлы­қтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова, белгілі жазушы Асқар Алтай және тағы басқа зиялы қауым өкілдері ­мен университеттің басшылық құ­рамы, ғалымдар қатысқан іс-шара­ны белгілі жазушы Әлібек Асқа­ров жүргізіп отырды. Есімдері атал­ған ақын-жазушылар сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерімен бөлі­­сіп, авторға ықылас танытты. Кеш­ті ұйым­дастырушы университет­тің фило­логия факультетінде оқи­тын бір топ студент Шәрбану Бейсе­нова шығар­машылығынан үзінді­лер оқыды.

Көшім ханға жар болған Сүз­генің, Сапагерейді жебеген Сү­йін­бикенің өмірі мен өнеге­сін суреттеген Шәрбану Қонақ­байқызының бір кейіпкері, академик Мұхамед­жан Қара­таевтың жары Мархума апай: «Киім сыртынан емес, ішінен то­зады», депті. «Әйел – киімнің іші. Ол сыртынан да мықты болуы керек, тозбауға тиіс». Бүгінгі ұрпақ біліп өсуге тиіс бір сөз осы деп білеміз.