Руханият • 22 Желтоқсан, 2022

Айтыстың Айтақыны

530 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Айтақын Бұлғақовтың ағалық ақылы, әкелік қамқорлығы, ұстаздық өнегесі мен тәрбиесі болмаса бүгінгі Балғынбек те болмас еді.

Айтыстың Айтақыны

Мен Айтағамды мек­тептегі оқушы кезімде көріп, өнеріне тәнті болға­н­­­­мын. Жүрсін Ер­мановтың «Айтақын Бұл­ғақов, Тал­дықорған облысы» деген қоңыр үні әлі құ­ла­ғымда. Айтағам шығып «Хәй­ләйлімге» басқанда, бо­йымды мақтаныш сезімі кер­нейтін. Мұндай энергетика, мұндай қуат, мұндай мәнер Айтақынды өз замандастарынан даралап тұратын. Ол айтыссүйер көрерменге өрнекті өлең ғана емес ерекше көңіл күй, қуатты энергетика, шынайы эмоция, ай­шықты әзіл, эстетикалық ләз­зат сыйлайтын. Айтыс кезін­де екі қарсылас ақынның ара­сында, ақындар мен қа­зыл­ардың, ақындар мен көрер­меннің арасында орнайтын көзге көрінбейтін байланыс Айтақын сияқты қуаты мол айтыскерлер сахнаға шық­қанда анық байқалады.

Айтақынның қызық ма­қамы да, қызыл шапаны да, етігі мен бөркі де ерекше өтім­ді, қазіргі тілмен айт­қанда «хит» болатын. Тоқсаныншы жылдардың басындағы жүз­деген айтыскердің ішінде он шақты ақын ғана «топо­вый» еді. Соларды бірі емес, бірегейі – Айтақын Бұлғақов. Өйткені жылдар жылжып, заман өз­герген сайын, жаңа толқын ақындар легі, бұрынғыларды тықсырмаса да, сахнадан бір­те-бірте сиретіп, ақыры олар­ды ардагерлер ретінде «зей­нетке» шығарып жіберді. Ал 90-жылдары Қонысбай Әбіловпен айтысқан Айтақын Бұлғақов болса, 2000 жылы Айбек Қалиевпен, 2010 жылы Ринат Зайытовпен, 2020 жылы Сырым Әуезханмен айтысып әлі сахнада жүр. Яғни алпысты алқымдаса да «трендте».

Тарихта әке мен бала бо­лып айтыс­қан Манап Көке­нов пен Әбдікерім Мана­пов­тардан кейін осы әкелі-балалы Айтақын мен Жан­дарбек Бұлғақовтар. Бұл айтысты ғылыми түрде талдап, көлемді мақала жазуға болады. Меніңше әзілінің әрлілігі, көтерген мәселелердің ау­қым­­ды­лы­ғы,  ақындық ше­бер­лігі мен поэтикалық көркем­дігі жағынан бұл сөз сайы­сын жалпы айтыс тари­хын­дағы клас­сикалық үлгі­лердің қата­рына жат­қы­зу­ға болады.

Айтақынның айтқанынан қайт­пайтын бірбеткейлігі, достық пен сертке адал­дығы, бастық пен бай-бағланға жал­­пақ­тамайтын туралығы, өмір­дегі батырлығы мен сахнадағы батылдығы бөлек әңгіме.

Алдағы жылы қаңтарда менің Айташ ағам 63-ке толады. Пайғам­бар­дың жасына шығып, кемеліне келген көкемнің қазақ руханиятына сіңірген еңбегі билік тарапынан әділ бағаланып жатыр. Ал халықтың тарапынан әлдеқашан мойындалған. «Хәйләйлімнің» ең әуел­гі иесін танымайтын, құрмет­темейтін айтыссүйер қазақ кемде-кем. Айтағамды Алтай­дан Атырауға, Ташкенттен Орынборға дейінгі күллі қазақтан бөлек, Моң­ғолия, Қытай, Қырғызстан мен Түр­кия, Еуропа мен АҚШ-қа дейінгі дүние жүзінің қа­зағы мен қырғызы тани­ды. Сол себепті, 23 желтоқсанда Жетісудың жүрегі Талды­қорған қала­сында «Айтыстың Айтақыны» атты халықаралық ақындар айтысы өтпек. Осы шараның өтуіне қолдау білдірген бар­лық ел азаматтарына ал­ғысымды білдіремін. Расында, ол – бір өңірдің ғана танымал тұл­ғасы емес, өзіндік мектеп қалыптастыра білген айтыс өнерінің Айтақыны!

 

Балғынбек Имаш,

айтыскер ақын,

филология ғылымдарының кандидаты