«Елімізде медиа саласындағы ең мәртебелі Пулитцер сыйлығын алған журналист жоқ. Бірақ осы сыйлыққа біздің БАҚ өкілдері болашақта ие болады деген үміт бар. Осыған орай Орталық Азияда ұйымдастырылған алғашқы медиа форумға Лю Хен Шинг мырзаны шақырған болатынбыз. Шақыртуымызды қабыл алған Лю мырзаға алғысымды білдіремін», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Лю Хен Шинг Гонконгта дүниеге келген. Оның суретке түсіру әуестігі Нью-Йорк қалалық университетінің Хантер колледжінде оқып жүрген кезінде басталған. Лю колледжге 1969 жылы Гонконгтағы мектепті бітірген соң түскен. «Нью-Йоркте түрлі фестивальге қатысып, олардың бәрін таспаға түсірдім, менің мәдениетім осы қалада қалыптасты», деп еске алады АҚШ-тағы өмірін фотожурналист.
Лю әлемге танымал фотограф Джон Милиден сабақ алып, оның шеберлік мектебінен өткен. Тәлімгері суретке түсіргенде жарық пен композицияны сәйкестендіріп таспалауға ерекше маңыз беріп, Лю Хен Шинг осы техниканы меңгеруге ұмтылған. Осы әдіс бойынша ол 1991 жылы Михаил Горбачевтің қол қою сәтін объективке түсірген. Бұл сурет оның ең танымал әрі бағалы жұмысына айналған.
1976 жылы анасы қайтыс болған соң Лю туған еліне оралады. Фотожурналист ретінде ол Қытайда қалыптасып, осы мамандықтың ұңғыл-шұңғылын шеберлікпен меңгереді. Тәжірибе жинақтаған соң «Associated Press» агенттігінің фототілшісі болады. Ол көптеген елді аралап, саяси тұлғаларды таспаға түсіреді.
«Мен Үндістан, Ауғанстан, Пәкістанда болдым. Шри-Ланкадағы қақтығысты суретке түсірдім. 1989 жылы «Associated Press» басшылығы: «Мәскеуге барасың ба?» деп сұрады. Әрине, келістім. Өйткені мені кеңес өкіметінің кеңістігі қатты қызықтыратын. Сөйтіп кеңес одағымен кеңірек танысуға мүмкіндік алдым», дейді Лю Хен Шинг.
Кеңес одағы ыдыраған соң Мәскеуге келген Лю Ресейдің сол кездегі тіршілігін қаз-қалпында кадрларға тоғыстырып, таспаға тартады. Кейін 1992 жылы осы фотосуреттері үшін ол журналистикадағы ең беделді сыйлық Пулицерді иеленеді. Фотожурналистке осы саладағы танымал сыйлық Ресейде жасаған жұмыстары үшін берілген.
Шеберлік сағатында Лю Хен Шинг ресми іс-шараны, шенеунікті қалай суретке түсіру қажет, қандай деталь қамтылуы қажет екенін айтып, тәжірибесімен бөлісті.
«Ресми тұлғалар мен ресми жиынды таспаға түсірген кезде жарыққа баса мән беру қажет. Одан адамның түр-тұлғасы, сол кездегі көңіл-күйі нақты көрінеді. Егер жарық дұрыс пайдаланылмай, «обьекті» дұрыс жағынан нысанаға алынбаса, жағымсыз болмысты адам секілді көрініп қалуы мүмкін. Өйткені фотосуреттен адамның болмысы айқын көрінеді. Ресми тұлға сурет арқылы да халыққа жағымды сипатта көрінеді. Оның шынайылығын дәл көрсету керек. Осы шеберлікті меңгерсеңіздер, әсерлі туынды шығары сөзсіз», дейді 71 жастағы фотограф.
Қазір фотожурналист Лю Хен Шинг Шанхай қаласында тұрады. Қаладағы Фотография орталығында оның жеке галлереясы бар. Жиын соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Лю Хен Шингке естелікке сыйлық табыстады.