Саясат • 22 Желтоқсан, 2022

Фотонысанада – әлем тағдыры

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық Азия Медиа форумы аясында Пулитцер сыйлығының лауреаты, «Associated Press» агенттігінің бұрынғы фото­жур­на­лисі Лю Хен Шинг БАҚ өкілдеріне шеберлік сағатын өткізді. Ше­берлік сағатына журналистермен бірге Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.

Фотонысанада – әлем тағдыры

«Елімізде медиа саласындағы ең мәртебелі Пулитцер сыйлығын алған журналист жоқ. Бірақ осы сыйлыққа біздің БАҚ өкілдері болашақта ие болады деген үміт бар. Осыған орай Орталық Азияда ұйымдастырылған алғашқы медиа форумға Лю Хен Шинг мырзаны шақырған болатынбыз. Шақыртуымызды қабыл алған Лю мырзаға алғысымды білдіремін», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Лю Хен Шинг Гонконгта дү­ниеге келген. Оның суретке тү­сіру әуестігі Нью-Йорк қалалық университетінің Хантер кол­леджінде оқып жүрген кезінде басталған. Лю колледжге 1969 жылы Гонконгтағы мектепті бітір­ген соң түскен. «Нью-Йоркте түрлі фестивальге қатысып, олар­дың бәрін таспаға түсірдім, менің мәдениетім осы қалада қалыптасты», деп еске алады АҚШ-тағы өмірін фотожурналист.

Лю әлемге танымал фотограф Джон Милиден сабақ алып, оның шеберлік мектебінен өткен. Тә­лім­гері суретке түсіргенде жа­рық пен композицияны сәйкес­тен­діріп таспалауға ерекше маңыз беріп, Лю Хен Шинг осы техниканы меңгеруге ұмтылған. Осы әдіс бойынша ол 1991 жылы Михаил Горбачевтің қол қою сәтін объективке түсірген. Бұл сурет оның ең танымал әрі бағалы жұмысына айналған.

1976 жылы анасы қайтыс бол­ған соң Лю туған еліне оралады. Фотожурналист ретінде ол Қытайда қалыптасып, осы маман­дық­тың ұңғыл-шұңғылын ше­бер­лікпен меңгереді. Тәжірибе жинақтаған соң «Associated Press» агенттігінің фототілшісі болады. Ол көптеген елді аралап, саяси тұлғаларды таспаға түсіреді.

«Мен Үндістан, Ауғанстан, Пәкістанда болдым. Шри-Ланка­да­ғы қақтығысты суретке түсірдім. 1989 жылы «Associated Press» басшылығы: «Мәскеуге барасың ба?» деп сұрады. Әрине, келістім. Өйткені мені кеңес өкіметінің кеңістігі қатты қызықтыратын. Сөйтіп кеңес одағымен кеңірек танысуға мүмкіндік алдым», дейді Лю Хен Шинг.

Кеңес одағы ыдыраған соң Мәс­кеуге келген Лю Ресейдің сол кез­дегі тіршілігін қаз-қалпында кадр­ларға тоғыстырып, таспаға тартады. Кейін 1992 жылы осы фотосуреттері үшін ол журна­лис­тикадағы ең беделді сыйлық Пу­лицерді иеленеді. Фото­жур­налистке осы саладағы танымал сыйлық Ресейде жасаған жұмыстары үшін берілген.

Шеберлік сағатында Лю Хен Шинг ресми іс-шараны, шенеу­нік­ті қалай суретке түсіру қажет, қан­дай деталь қамтылуы қажет екенін айтып, тәжірибесімен бөлісті.

«Ресми тұлғалар мен ресми жиынды таспаға түсірген кезде жарыққа баса мән беру қажет. Одан адамның түр-тұлғасы, сол кездегі көңіл-күйі нақты көрі­не­ді. Егер жарық дұрыс пайдаланылмай, «обьекті» дұрыс жағынан нысанаға алынбаса, жа­ғымсыз болмысты адам секілді көрініп қалуы мүмкін. Өйткені фотосуреттен адамның болмысы айқын көрінеді. Ресми тұлға сурет арқылы да халыққа жа­ғым­ды сипатта көрінеді. Оның шынайылығын дәл көрсету керек. Осы шеберлікті меңгерсеңіздер, әсерлі туынды шығары сөзсіз», дейді 71 жастағы фотограф.

Қазір фотожурналист Лю Хен Шинг Шанхай қаласында тұ­рады. Қаладағы Фотография орта­лығында оның жеке галлереясы бар. Жиын соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Лю Хен Шингке естелікке сыйлық табыстады.