Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2022

Алтайдың аңы да ортақ

595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жабайы жануарларда шекара жоқ. Мезгілдің ауысуына, күн райының құбылуына байланысты немесе табиғи апаттар болса, көшіп-қонып жүре береді. Дегенмен ерекше қорғалатын аумақтардағы аң-құстар қорықшылардың қорғауында.

Алтайдың аңы да ортақ

Суретті түсірген автор

Катонқарағай мемле­кет­тік та­биғи паркінің аумағын мекен еткен жануарлар бірде Ресей­дің «Катунский» биосфералық қорығына өтсе, енді бірде кері қай­тады. Екі жақтың табиғаты мен климаты бір­дей. Осыны ес­кер­ген екі тарап жыл көлемінде аң­дарға бақылау жасау секіл­ді жұмыс­ жүргізіп келеді. Ресей мен Қазақ­стан арасында 2024 жылға дейін қоршаған ортаны қорғау бойынша ынтымақтастық туралы келісім бар екен.

– Жыл көлемінде мем­­лекеттік инспектор­лар­мен бірлесіп, «Алтай» транс­шекаралық резер­ва­тының шекарасы ма­ңындағы жабайы аң-құс­тардың түрлерін, санын есеп­ке алу жұмыстары жүр­гізілді, – дейді жануар­лар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің саяткер-биологі Әмір Базилов.

Қос тарап келісім аясында фототұзақтар құрып, аң санау жұмыстарын жүргізіп қана қойған жоқ, бірнеше рет дөңгелек үстелде бас қосып, тәжірибе де алмас­ты. Сонымен қатар туризм мен күзет мәселелері де қа­растырылды.

Саяткер-биолог Әмір Ба­зилов­тың айтуынша, екі ел­дің арасын­да көп миг­ра­­циялайтын жануар­лар – бұ­ғы, бұлан, елік. Аю бол­са, қорек іздеп қана меке­нін ауысты­рады. Бірақ ұй­қы­ға жатар мезгілде өз апа­нын адаспай табады. Зерт­теу кезінде шекара сызы­ғынан қасқыр секілді жырт­қыш аңдардың іздері де бай­қалған. Жалпы қорық аумақ­­тарында аң саны артып келеді. Табиғат жанашыр­лары кейінгі кезде аңдар­дың мекенін, санын жасырын сақтауды жөн көрген. Ескерте кетсек, парк, қорық аумақтарында аң­шы­лыққа мүлдем рұқсат жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы